👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  13.08.2021
  84


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Мен соғысты көргем жоқ

Соғыс деген суық үн,
Соғыс деген күз, қайғы.
Соғыс десе буыным,
Сынбай тұрып, сыздайды...
Алаңдаймын ойыма ап,
Жауап күтіп әлемнен.
Самолеттер бейуақ,
Ұшып өтсе төбемнен…
* * *
Тірліктің түрлі күй-әні,
Сайрашы жаным, жұбан да.
Қарлығаш ұшқан ұяны,
Жүреді торып жылан да.
Бетіңнен қайтып, тоқтама,
Келмей тұр басқа ой, тәуір.
Сапарға шықсаң тек қана,
Аласа ұшпа, әйтеуір.
Есен боп жүрші, тілерім,
Кеудеңнен ұшса үркіп ән.
Бір өмірді бір өлім,
Торып жүрер сыртынан.
Жаралғансың қиялдай,
Сұлулығың күйініш.
Түлеп ұшқан ұяңнан,
Қарлығашым биік ұш!
Тамшы болып төгілген,
Жерге тағы салқын бақ.
Ұша түсші, көгімнен,
Ақ бауырың жарқылдап!
* * *
Шыққанда шыңыраудан биік даусым,
Мүлгісін әуеніме ұйып тау-шың.
Қуаныштан достарым қолын соғып,
Қызғанғанның іші отқа күйіп қалсын.
Жайылып жатсын алда бір таулы өткел,
Сезім кейде аңқылдақ, мылқау да еткен.
Толқыныммен тебейін, тұрса бөгет,
Шапшып келіп төменге шырқау көктен.
Шырқайын секілді бір тынысты әнші,
Шуламай сәл, ей, әлем, тынышталшы.
Ат мінерде ұлыма ұстатайын,
Өріп тұрып өлеңнен күміс қамшы!..
Алаңсыз тұрған шақта бұлт тарап күн,
Келсе егер де құрбыңды бір қаратқың?
Мен ұсынған сол қамшы жай отындай,
Ойнасын, сауырында тұлпар аттың!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы