Өлеңдер ✍️

  12.08.2021
  177


Автор: Мешітбай Құттықов

Мен өзім қиын жанмын

Мен өзім сен түсінбес қиын жанмын,
Құрыштай қиындықтан құйылғанмын.
Адамның ар-намысын қорғау үшін,
Жолдарды айқыш-ұйқыш шиырладым.

Жай кезде сенің мына өзіңдеймін,
Өзімді біле алады өзімдей кім?
Түн рахатын көрсін деп замандастар,
Таң атқанша тыным ап, көз ілмеймін.

Бір күн болса жақсы ғой көз ілмеген,
Жан ұшыра телефон безілдеген.
Жүгіремін өкпемді қолыма алып,
Төмпештеп-ақ келемін өзімді мен.

Сәске түсте қағып күн көктен күлім,
Паш еткенде дүниенің кеп-кеңдігін.
Сол бір түннің, достым-ай, сен білмейсің
Бір жасымды кемітіп кеткендігін.

Салтанатты тойда сен шен алғанда,
Сен мені көре алмайсың ең алдан да.
Күнәдан пәк періште - жас баладай
Не жетсін ойсыз жатып демалғанға?!

Қабылдап әр адамның өтінішін,
(Кей қиянат, ал кейде жесір ісін.)
Өз тағдырын ойламас біз бір жанбыз,
Басқалардың риза боп кетуі үшін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Егемберді
Егемберді 22.08.2021 13:51
Мінез мінез қилы қилы қыры көп, сан алуан сипаты да сыры көп . Бірі жайсаң бірі лайсаң бірі паң бірі сырбаз бірі маңғаз сыры көп. Осы өлеңнің авторы кім ???

Пікір жазу