Өлеңдер ✍️

  12.08.2021
  146


Автор: Ерлан Ахмет

Туған жер

Өтіп жатқан әрбір күнім – сый-ағын,
маржандарын, асылдарын жиямын.
Сағыныштың пернелері сыңғырлап,
тербетеді туған өңір күй-әнін.

Ыстық көрем тауларымның нарлығын,
құшағыма басып берген бар гүлін.
Тіл қатқаннан бір есейген тал-қайың
көз алдыма елестетер барлығын.

Шырын бұлақ дауа болған аптапта,
көсілгенде мамық майса тастақ та.
Аллаһ нұры жауған кезде бәріміз
шипа көріп, аунайтынбыз батпаққа.

Қайдасыңдар, қарлығаштар, түнгі аспан
бауырында мұң басқанда, сырласқан?
Кіндік қаным тамған өлке төсінде
сүйіктінің сырын бірге ұрласқан.

Қуат тілеп арай төккен таңымнан,
маған қатер – шалғай жүрсем жаныңнан.
Өзгереді дүрсілі де жүректің
белгі беріп сыңайынан сағынған.

Жазираңның жұпар иісі қылар мас,
аңсағанда жанарыма тұнар жас.
Өскен жерін өркенді елдің ұланы
санасынан ұмыт қылып, шығармас.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу