Өлеңдер ✍️

  12.08.2021
  287


Автор: Қанат Сарыбаев

ҚАРЫНДАСҚА АҚ ТІЛЕК

(Осы бір өрнегімен өрілген өлеңдерімді менің өмірімді өзгертіп, жаныма жылулық, жүрекке сезім, қаламыма шабыт силаған,  махаббат бесігінде бірге тербелген, сол бір кездегі сүйіктім, бұл күнде аяулы қарындасыма айналған сол бір жанға арнаймын! )
Құлпырған қызғалтақтай нәзік гүлім,
Мен сенің алдыңда рас жазықтымын.
Қалдырайын мен саған қарындасым,
Жыр ұшқынын жүрекпен жазып бүгін.

Көмейімнен қара өлең төгіледі,
Сол бір шақ шын бақытты кезім еді.
Жан жүрегі сұлулықтан жаралған,
Қарындас деп ақын жүрек езіледі.

Мінгенім мен қайтейін, ақындықтың жорғасын,
Мен өзіңді боларма деп ем, өмірлік жарым жолдасым.
Алдыңнан ашсын бағыңды, қиялда кеткен ардағым,
Басыңнан кетпей бақ құсы, Жаратқан ием қолдасын.

Мендегі бір керемет күндер еді,
Бұл ақын тәтті сезім күйге енеді.
Қарындасқа жүрекпен арнау жазсам,
Көңілім көктемдей болып гүлденеді.

Ағытып өлең жырдың пернелерін,
Арнадым жүрегімнің термелерін.
Қыз Жібектей қанша ару болсадағы,
Оңтүстіктің аруы сендер едім.

Бұл өмірдің меңгер қалқам сабағын,
Ізін басшы аяулы жар боп анаңның.
Жаны нәзік, қадірлі қарындасым,
Саған қандай теңеу жаза аламын.

Ұқсатамын қыр гүліне даланың,
Өлеңменен емін таптым жарамның.
Саған  тілер шын жүректен тілегім,
Саңлағы бол өмір атты саланың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу