11.08.2021
  415


Автор: Төрехан МАЙБАС

Қазақ халқына тән туыстық атаулар

Халқымыздың ежелгі жөн-жорасы бойынша ер жігіттің үш жұрты болады.


Олар – өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты.


Біздің туыстық ұстынымыз тікелей осы үш жұртқа байланысты. «Сұраса келе қарынбөле шығатын» қарға тамырлы қазақ руға, тайпаға, ұлысқа, жүзге бөліну арқылы бір-бірімен сүйек болып жатады. Қазақтың туыстық ұстыны осылай бөліну арқылы бірігуге негізделген. Ағайын, жамағайын, жекжат, құдандалы болып туыстасу осыдан шыққан.


Осыған байланысты тек қана қазақ халқына тән туыстық қатынастың дербес атаулары айтарлықтай қанық бояулы. Мәңгүрттіктің салдарынан бұл атаулардың дені ұмытылды, қайсыбір атаулардың бастапқы мән-мағыналары күңгірттеніп, қолданудан түсіп қалды. Осыдан барып басқасын қойғанда жеті атамызды тарата алмайтын дәрежеге жеттік. Атасыз, тексіз халықтардың қатарынан орын ала жаздадық.



Кейінгі уақытта қазақтың осы туыстық ұстынын қайтып орнықтыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар баршылық. Алайда жоғарыдағыдай себептерге байланысты әттеген-айлар, қайсыбір селкеуліктер де жетерлік.


Сонымен ер жігіттің қара жұрты – өз жұрты. Жалпақ тілмен айтқанда – ағайыны. Бұл жөнінде халқымыз «Өз жұртың күншіл» дейді. Онымен қоймай «Бар болсаң – көре алмайды, жоқ болсаң – бөліп бере алмайды. Жақсы болсаң – күндейді, жаман бослаң – жүндейді» деп қосып қояды.


Әйел баласы үшін өз жұрты – төркін.


Қазақтың ататегі осы өз жұртынан шығады. Жеті атаны өз жұртынан таратады. Кейінгі кезде он атаны тарату да үрдіске еніп жүр. Жамағайынды білу үшін бұл да керек.


Жеті атаны баба не баладан емес, атадан өрбітеді.


Ата – баланың әкесінің әкесі.


Әже – әкенің қосағы, әкенің шешесі.


Баба – атаның әкесі.


Мама – бабаның қосағы.


Әке – атаның баласы.


Өгей әке – шешенің екінші рет тұрмысқа шыққандағы күйеуі.


Өкіл әке – жас келіннің түскен жеріндегі әке орнындағы қамқоршы ер адам.


Шеше – әкенің қосағы.


Осы әке мен шешені қосарлап – әке-шеше дейді. Ерлі-зайыпты деп те атайды. Ол өмірге ұрпақ әкелуші қосақ деп ұғынылаады. Осы ерлі-зайыптылардың ерін – жұбай деп айтуды шығарып алдық. Бұл мүлде дұрыс емес. Ер адам – отағасы, күйеуі, ал оның қосағы – әйелі, жұбайы, зайыбы. Осы әке-шешені ата-ана деп те айтып жүрміз. Мұнда айтарлықтай селкеулік бар.


Атап айтқанда түркі тілдес халықтардың денінде ана сөзі ене деп айтылады. Бұған салсақ ата-ана тіркесі ата-ене деп айтылса керек еді. Және бұл әке- шешенің әке-шешесіне қатысты атау. Бұл мағынасында осынау атау қайын жұртқа қаратылып айтылады. Ауыспалы мағынасында ата-ана деп айту, баланың әке-шешесі деп түсіну кейін шыққан.


Бәйбіше – көп әйел алғандағы әйелдердің үлкені, рет саны бойынша бірінші әйел.


Тоқал – бәйбішеден кейінгі әйелдер.


Ер адамдар көп әйел алғанда тоқалдар былай бөлінеді: үлкен тоқал, кіші тоқал және кенже тоқал. Тоқал саны екеу болғанда: үлкен және кіші тоқал деп аталады.


Бәйбіше қайтыс болған жағдайда да тоқалдар бәйбішенің орнын баса алмайды. Бәйбіше орнында отырған тоқал – бәйбіше тоқал деп аталады.


Өгей шеше – әкенің екінші рет үйленгеніндегі әйелі.


Өкіл шеше – жас келіннің түскен жеріндегі шеше орнындағы қамқоршы әйел адам.


Бала – әке-шешенің ұрпағы.


Бала жынысына қарай ұл, қыз деп екіге бөлінеді.Ұл ұрпақ жалғастырушы, шаңырақ иесі, мұрагер, атұстар. Қыз ұрпақты дүниеге әкелуші, отбасының қонағы, қырықжеті.


Балалардың үлкені – тұңғыш, соңғысы – кенже. Қалғандары –ортаншы. Қарашаңырақ кенже ұлда қалған.


Аға – отбасындағы жасы үлкен ер бала.


Жеңге – ағаның әйелі.


Ағке – келін әкелуші, бас құда орнындағы адам.


Ағке сөзі аға сөзінен жасалған. Қазір бұл сөз жасы үлкен ет жақын ер адамдарға қаратылып айтылады.


Ағатай – әкенің кенже інісі.


Ағатай сөзі аға сөзінен шыққан. Қайсыбір отбасында немеренің алды жасы бойынша баладан үлкен болған. Әлгіндей сүт кенже бала жасының кішілігіне қарамастан әке орнында отырса да ағатай деп аталған. Тура мағынасында ағадай деген сөз.


Іні – отбасындағы жасы кіші ер бала.


Келін – інінің, баланың әйелі.


Апа – отбасындағы жасы үлкен қыз бала.


Әпке – келін әкелуші, бас құдағи орнындағы әйел адам.


Апатай – әкенің кенже қарындасы, кейін апатай сөзі апытай деп дыбыстық өзгеріске ұшыраған.


Қарындас – ер баламен бірге туған жасы кіші қыз бала.


Сіңілі – қыз баламен бірге туған жасы кіші қыз бала.


Еже – әкенің апасы.


Абысын – ағайынды ер адамдардың әйелдері.


Ажын – ағайынды ер адамдардың немере келіндері.


Тілімізде абысын-ажын деген тіркес бар. Осы тіркестегі екі сөз бір-бірінен ажыратылып, айтыла береді. Абысын жөнінде халқымыз: «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», «Ажын болған абысын болады» деп мақал – мәтелге қосады. Бұл жерде соңғы мәтелге назар аударған жөн. Абысын тұрғанда ажындар бір-біріне абысын бола алмайды. Олар абысын болу үшін арада бір ұрпақ алмасу керек. Жалпақ тілмен айтқанда абысын – отбасындағы келіндер, ажын – отбасындағы немере келіндер.


Ағайындылар – отбасындағы балалардың жалпы атауы.


Ағайын – бір атаның адамдары, сегізінші атаға дейінгі ағайындылар.


Жамағайын – жеті атадан асқаннан кейінгі ағайын, он бірінші атаға дейінгі ағайындылар.


Ағайынмен қыз алыспайтын қазақ жамағайынмен алысады.


Қыздар – үйленбей өткен ер адам.


Қызай –тұрмыс құрмай өткен әйел бала.


Телі – әйелдің бірнеше еркектен көрген балалары.


Белі – еркектің бірнеше әйелден көрген балалары.


Жесір –талақ болған немесе күйеуі қайтыс болған әйел.


Әмеңгер – жесір әйелдің қайтыс болған күйеуінің аға – інілері, ағайыны.


Бопай – әйелі өлген еркек.


Басар / башар / – балдыздың бопайға әйел болуы.


Бөле – апалы – сіңілілердің балалары.


Қазір бажалардың балаларын да бөле деп айту үрдіс алып жүр. Бұл дұрыс емес.


«Екі аяқтыда бөле тату, төрт аяқтыда бота тату» деп мақалдауды шығарып алдық. «Бөле татудың» орнына « Бажа тату» деп те айтып жүрміз. Дұрысы: «Екі аяқтыда құрдас тату».


Қарынбөле – ағайыннан тарайтын қыздардың балалары.


Төле – бөлелердің балалары.


Бөлен – ағалы-інілі адамдардың апалы-сіңілілерге үйленгендегі балалары.


Бажа – апалы-сіңілі қыздардың күйеулері.


Шама – бажалардың балалары.


Өмірде апалы-сіңілілердің қайтыс болып, олардың күйеулерінің қайтып үйленуі жайты болып жатады. Бұл әйелдерден туған балаларды да бабаларымыз жоғарыдағыша алыстатпаған.


Қайыната – ерлі-зайыптылардың әкелері.


Қайынене – ерлі-зайыптылардың шешелері.


Қайын ата мен қайын енені қысқартып ата-ене деп айтады.


Қайынаға – ерлі-зайыптылардың жасы үлкен ағалары.


Қайыніні – күйеуінің жасы кіші інілері.


Қайынапа – күйеуінің апалары.


Қайынсіңілі – күйеуінің қарындастары.


Қайынбике – әйелінің жасы үлкен апалары.


Балдыз – әйелінің жасы кіші бауырлары.


Жезде – апаның күйеуі.


Күйеу – бір атадан /ағайыннан / қыз алған адам.


Күйеубала – қарындас пен сіңілінің / қыздың / күйеуі.


Қайын жұрт – күйеудің қыз алған жұрты.


Құда – қыз алып, қыз беріскен отбасының отағасылары.


Құдағи – құдалардың әйелдері.


Құдабала – ерлі-зайыптылардың інілері.


Құдаша – ерлі-зайыптылардың қарындастары мен сіңілілері.


Тапа – құданың құдасы.


Бапа – құдағидың құдағиы.


Немере – ұлдың баласы.


Көке – немеренің әйелі, немере келін.


Шөбере – немеренің баласы.


Көкей – шөберенің әйелі, шөбере келін.


Шөпшек – шөберенің баласы.


Шөкей – шөпшектің әйелі, шөпшек келін.


Немене – шөпшектің баласы.


Қазақтың жеті атасы осы неменемен аяқталады. Алайда халқымызда он ата тарату үрдісі де бар. Алғашқы жеті ата ағайын болса, кейінгі үш ата – жамағайын.


Жүрежат – немененің баласы.


Өз жұртыңның сегізінші ұрпағы әлі бөтен емес, жат болғанның өзінде жүре барып жат болады.


Көрежат – жүрежаттың баласы.


Бұл ұрпақ жат болғанда көріп тұрып жат болады.


Туажат – көрежаттың баласы.


Қазақтың он атасы осымен тәмам болды. Оныншы ұрпақтың атауы айтып тұрғандай ендігі ұрпақ туа жат.


Қайын жұрт жөнінде халқымыз «Қолыңның ұзындығына қарайды, жағаңның қызылдығына қарайды.Берсең жағасың, бермесең дауға қаласың» дейді. Тіпті «Қайын жұртың – міншіл» деп шорт кеседі.


Қайын жұртты жоғарыда ағайын ішінде түгендедік. Енді ер-азаматтың үшінші жұртына ауысайық.


Халқымыз «Нағашы жұртың – сыншыл», « Жақсылығыңа – сүйінеді, жамандығыңа – күйінеді. Әрқашанда тілеуіңді тілейді, тілеуқор болады» дейді.


Нағашы – шешенің төркін жұрты.


Нағашы аға – шешенің ағасы.


Нағашы жеңге – нағашы аға мен нағашы інінің әйелдері.


Нағашы іні – шешенің інісі.


Нағашы апа – шешенің апасы.


Нағашы қарындас – нағашы ағаның қарындасы.


Нағашы жезде – нағашы апаның күйеуі.


Таға – нағашының баласы.


Қырғыз ағайын нағашыны таға дейді. Түстіктің қазақтары да осы мағынасында қолданады.


Тағай – тағаның баласы.


Таңай – тағайдың баласы.


Жанай – таңайдың баласы.


Қанай – жанайдың баласы.


Маңай – қанайдың баласы.


Нағашының һәм жиеннің сегізінші ұрпағын қазақтар қаймана деген.


Қаймана сөзі туыстық ілік-шатыстықтың жоқтығын білдіреді. Қаймана қазақ деген сөз осыдан шыққан.


Нағашыны тарату тәмсілін зерделесек қисынды бірізділікті аңдауға болады. Нағашының бесінші ұрпағының жанында, алтыншы ұрпағының қанында ғана «нағашылық» қасиет бар. Ал жетінші ұрпағында нағашыдан маңайлық қана қасиет қалады.


Жиен – қыздан туған балалар.


Қазақта жиен жұрт деген ұғым жоқ. Халқымыз «Жиен ел болмас» деп тұқыртып, «Жиен назары жерде қалмайды» деп аспандатады. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деп жиенді өз алдына ел қылып шығаратын да біздің қазақ.


Жиеншар – жиеннің баласы.


Дегеншар – жиеншардың баласы.


Көгеншар – дегеншардың баласы.


Көбеңшар – көгеншардың баласы.


Тебеншар – көбеңшардың баласы.


Өлеңшар – тебеншардың баласы.


Халқымыз жиенді де жеті атаға дейін ғана таратады. Сегізінші ұрпағын жоғарыда айтқанымыздай қаймана дейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу