10.08.2021
  178


Автор: Дихан-Баба Әбілев

Шалқыма

(Поэма)
ЭПИЛОГ
1
Бір тау бар сахарада аты Баян,
Көкшедей сұлулығы еліме аян!
Аспанмен тіл қатысып Ақбет шыңы,
Қияда қыран қалғып қанат жайған!
Кір жуып, кіндік кесіп, сол тауда өсіп,
Сол тау үшін от кешіп, аштым майдан!
Баян тау, туған жерім — алтын бесік,
Саған жер бұл өлкеде жетсін қайдан!
Күнменен шағылысқан көк тасыңның
Сынығы сыр тартады кектегі айдан!
Ән шырқап, алшаң басып баурайында,
Салғанмын жастық шақта ерке сайран!
Бір өмір өткен күнгі түсті есіме,
Неге жырлап отыр деп қалма қайран!

2
Тас маңдай биіктердің аспан қапқан,
Қойнауын тас бұлақтар жарып аққан
Баянның өркеш-өркеш кек тауында,
Ғажайып нелер терең сырлар жатқан
Көп күндер көз алдыма елестейді, —
Шаяндай бесігімде мені шаққан.
...«Дертіне» ем іздеген талай мұңды,
Тарығып, талыққанда тауды ұнатқан.
Талай шерлі жүректер шер тарқатып,
Талай құл қиналғанда мұңын шаққан.
Солардың біріне де тіл қата алмай;
Тек қана жартастарың тау қалғытқан,
Әсем құз, сұлу сурет көркіменен,
Алданыш боп жаралы жанды уатқан.
Сол жаралы жандардың бірі — Жаудыр,
Мекен ғып осы тауды келе жатқан.

3
Өмірде қызық барын, ләззат барын,
Қашаннан ұмытқан бұл Жаудыр шалың.
Көл суы, су балығы, — бар қорегі,
Аулайды әлі жеткен таудың аңын.
Жолбарыс, қасқыр, қабан, дүлей аю,
Кім кепіл шашпасына шалдың қанын?
Жүрекке тұрмыс кегі мұз боп қатқан,
Көре алмай өмірінің жарық таңын;
Тағы шал, тау тұтқыны, тұрмыс құлы,
Аузынан «аһ» дегенде атар жалын.
Баурында «Шойынды көл» анау тұрған, —
Көреді «кен. сарайдай» балағанын.
Ішінен сол үңгірдің шығады үні
Күңіренген жетім ұлдың — қызыл қарын;
Жаутаңдап жас қара көз жасқа толып,
Үні — зар, жүрегі — шер, іші — жалын.
Үстіне биік болып түскенімен,
Қолынан не келіп жүр сорлы шалдың;
«Ойнап жүр ат к.ып мініп» деп ұлына,
Бергенмен күнде кесіп таудың талын;
Жас жүрек жұбана ма, уанар ма,
Жер жұтса жүрегінің қалағанын.
Қабырғам қайысады менің дағы,—
Ауырдың тартқан білер зіл азабын.
Кім тыңдар есіз тауда шалдың зарын?
Кім білер тауға келіп күйін - халін?
Жалғанда бар ма одан қиыншылық,
Жоқ болса айналаңда жұбатарың?
Ойласам сол бір күннің өткен шағын,
Менің де сұр өмірге қайнар қаным.
Сырласып «тау тағысы» мұңды шалмен,
Желісін тарттым ұзақ поэманың.

ӨРТ
I
Күміс көл мөлдір сулы, күміс көбік,
Аққасқа толқындармен төсін керіп,
Айнадай жарқырайды тау ішінде.
Алтын ай табағыңдай дөңгеленіп,
Қоршайды кел шеңберін таулар келіп,
Бетінен сүймекші өшіп - өліп;
Кемерде ентелеген бозша талдар
Інгендей ботасына тұрған төніп.
Туғанда көкек айы құстар келіп,
Сүңгиді көл түбінен маржан теріп.
Су шайған түбіндегі қайрақ тастар,
Тас емес, ақтарылған алтын делік!
Шұбыртып балапанын қаздар өріп,
Сүңгісе канаттарын суға көміп;
Айдынның тәкәппар аққу ән сап,
Жүзеді көңіл күйін көлге төгіп.
Айғыр жал, асау толқын салып ойын,
Жасайды күміс көлдің ойын-тойын.
Секіріп, бірі белін бірі басып,
Атой сап көкке шапшып созса мойын.
Бал құрақ жиектегі көк плюштей,
Жайқалып тұра ала ма бас иіспей,
Құлдырап құз басынан құйған бұлақ,
Сарқырап, сылдырлайды ақ күмістей!
Алтын күн асыл нұрын көлге құйып,
Су ішіп шығып жатыр үйір киік.
Ай қалқып аспанында түні бойы,
Батқысы келмей тұрар көлді қиып.
Көп жұлдыз
Шойын көлге жымың қағып,
Жылтылдап кейі сөніп, кейі жанып
Кеткендей қарай-қарай көзі талып,
Күмп етіп көл суына түседі ағып.
Таласып сол жұлдызға тамам балық,
Бірінен алмақ болып бірі қағып.
Сәулесін аққан жұлдыз қуып жүріп,
Жаудырдың сеткесіне түседі ағып!
Жаудыр шал жүрсе дағы қанша налып,—
Кедейлік көрінсе де оған «тамұқ»,
Күміс кел, көркем сурет, қыз табиғат,
Қайғысын әкеткендей бөліп-жарып.
Шырқайды
Жаудыр сонда таудың әнін,
Жаңғыртып жалғыз даусы тау заңғарын,
Әніне алтын арқау ететін— Қосағын,
Шалқымасын, балағанын!
Жеткенде шалдың даусы құзға талып,
Жартастар жөнеледі қағып алып.
Шал сонда көтеріліп күлімдейді,
Даусына тау жаңғыртқан масаттанып.
Әнімен тастағандай тойындырып,
Қарайды тауға, орманға мойын бұрып.
Арқалап ақ шабақты күн батарда,
Қайтады кәрі белін шойын.
Бұлбұлдың сайрап жатқан бұзып үнін,
Секілді шырқырайды жетім құлын,
Зарлы үнін бөбегінің
Жаудыр естіп,
Көл суын қолмен шайқай беретін.
Күңіреніп, кәл шетінен мұңын қосып,
Келетін құлынына тұрған тосып,
Ау суы сорғаласа арқасынан,
Ағатын ащы жасы кезден жосып.
Белінен құшақтатып ұланына,
«Қорықпа!» деп, ұланының құлағына,
Сеткесін іздеп барады
Жаудыр сорлы,
Бейшара жетер ме екен мұратына?
Жүзінен қалт-құлт етіп анау қайық,
Не болар кете қалса аунап - тайып,
Жаудыр мен жетім ұлдың жемтігіне,
Салмақ па балық ұя, ұрық жайып?
Шал сордың шаңырағы мүлде құрып,
Кетпей ме, балағанын дауыл жұлып.
Кім жоқтар, кім қайғырар өліміне,
Жемтігін іздемесе андар ұлып?..

II
Бір кезде аспан сынып жарылғандай,
Шарт етті, жан есінен жаңылардай,
Жарқ етті, қара түнді қақ айырып,
Кең дүние, аспан құлап, тарылғандай.
Күрс етіп нажағайдың оғы жерге,
Күмп етіп түсті тасқа, яки көлге,
Жайратып кетті ме әлде Жаудырымды,
Батырып қарашығын су түбіне?
Ғайып боп шал жоғалды көл үстінен,
Тау неге қара түнде тартты күрең?
Жалын не аспанға атқан көл бауырынан,
Неткен от мұнша күшті дүрілдеген?
Кім екен өрттің отын кеткен жағып,
(Балаған іргесінен жатыр жанып),
Жаудырды көлден іздеп дал боп жүрсем,
Өртте жүр алас ұрып жанын салып.
Өрт кетіп от оғынан нажағайдың,
Басты ғой шалды тағы таудай қайғы.
Күн көріп отырғаны балығымен,
Білеміз «жері», «көлі» Қасқырбайдың.
Жынды жел өртті үргілеп, құтырынып,
Шетінен ала қашып бөліп - жырып.
Жынын аспанға атып кесепаттың,
Көкиді көк толқынға төніп ұлып.
Жаудырдың өртке жалғыз күші келмей,
Толқынға айқайлайды ол түсінердей.
Қаршадай қасіретті Шалқыманы,
Соқты жел отқа ұшырып түсірердей.
Баян тау қара бұлтты қаусыра ұстап,
Тұрғандай:
«Жаусаңшы жау, жау!» — деп нұсқап,
Жаудыр шал жан дәрменде елер емес,
Кеудесін жатса да өрт түтіні ыстап.
Бір тамшы тамбай қойды, бұ не ғажап,
Шешіліп шырмауынан бұлттар тарап.
Жөнелді тау басынан қоныс таппай,
Оқтарын ойнақтатып алтын садақ.
Өршіді өрт, төңірегін түгел алып,
Сәулесі тауды, көлді отқа малып.
Тоғайдан тауға қашты тарғыл барыс,
Аю да жата алмады ыңыранып.
Дауылда шетке шыққан толқын қағып,
Ортаға қайта қашты көлде балық.
Аспанда жұлдыз біткен жыпылықтап,
Төбеде тұрып алды ай томсарып.
Кешіп жүр өрт жалынын Жаудыр шалым
Аямай кеудедегі кәрі жанын!
Бой берсін оған қайдан өршіген өрт,
Діңкесі құрыр болды-ау бейшараның.
Көтеріп түн түндігін, жалын лаулап,
Айналды от толқынға аумақ - аумақ.
Шырылдап қоя берді жас Шалқыма,
Әкесі сендіргенде өртті аунап.
Сытырлап сынып жатты жалған терек,
Бырысып отқа күйіп құрт, көбелек,
Қалың тау, қою орман күлге айналып,
Судағы көл құрағы қақты көлбек.
Бырысып пытырлады жер тамыры,
Тасты да шыжылдатып от жалыны;
Қасқырбай қыстауы да жатыр жанып,
Болмақшы енді нешік шал тағдыры?
Көрінді шалға бұл өрт бейне «тамұқ»,
Шыққандай шарасынан көзі аларып,
Әлсіреп, дымы құрып, құр сүлдері,
Күңіреніп отыра кетті тасқа барып.

ТАС ЖҮРЕК
I
Жайлаудан бұрқыратып жолдың шаңын,
Ішіне сұр жылан тартып қанын,
Тыңдаушым, білгенің жөн кім екенін,
Тау жаққа келе жатқан түнек жанның.
Ысқырып айдаһардай айбат шегіп,
Қабағы қара бұлттай тауға төніп;
Келеді құйындатып дүлей бір күш,
Атына қамшы үстіне қамшы көміп.
Қасқырбай деген осы қырдың дүрі,
Иығы бір болыстан асқан ірі;
Бас иіп төңірегі құрметтейді,
Түгел сай болғаннан соң төрт түлігі.
Осыдан бір-екі күн бұрын ғана,
Куәсі бір сұмдықтың жайлау - дала.
Жан төзбес бір оқиға болған еді,
Төзсе де тұтқындыққа, айдауға да.
Қасқырбай кешке жақын шығып дөңге,
Көз тастап отыр еді айдын көлге:
Текедей бақылдаған көгендегі,
Қоршады айналасын нөкерлері.
Кейбіреу мақтаса оның бабаларын,
Баз бәйбіше, ақша тоқал, балаларын,
Кейбіреу мақтап отыр бай үйінің
Оюлы керегесін, сағанағын.
Сол кезде қыстау жақтан тепең қағып,
Бір адам жеткен еді ашып - арып.
Қаңтарып тастай беріп атын ойға,
Дөңеске жаяу шықты ол байды танып.
Иіліп сәлем берді ол
Келген — Самық.
Қандай тар байдың алды, бейне «тамұқ»,
Қылп еткен қылығынан бір мін тапса,
Жібере жаздайтын жерге қағып.
Ол берген сәлемді бай алған да жоқ,
Амандық - есендікке қанған да жоқ.
— Хабарсыз неге келдің? — деп ақырды,
Сілейтіп салуға бір арманда боп.
Кезеріп кепкен ерні, ебі қашып,
Абыржып сорлы Самық асып-сасып;
Тамағын анда-санда қырынып қап,
Бақаша бажырайып аузын ашып.
Ішінен әлденені күбірледі,
Жүйрік тіл жүйткімеді, жүгірмеді.
Айтуға оқталса да сөз таба алмай,
Денесі қалшылдады, дірілдеді.
— Неге жауап бермейсің,
Әкең бүгін өлгендей;
Жатағыңды жау тонап,
Жарыңды тірі көмгендей? —
Деп ақырды Қасқырбай құдіретті,
Қаһары қалтыратып жер мен көкті.
Тұнжырап, жер шұқылап, жұлып шепті
Өрт жайын Самық әрең баян етті.
Танауы қусырылып Қасқырбайдың,
Түскендей төбесінен тасы жайдың.
Алқымын ашу кернеп, кеуіп кетті,
Жылқыдай жамандатқан тасырайып.
— Қалайша өрт кетеді есіз таудан?
Сау емес шығарсың сен өзің жаудан?
Күзетке неге қойдым? Рас болса...
Бітеді ең алдымен сенің саудаң!..
Самықтың көзі шығып шарасынан,
Аларып, ағы үлкейіп қарасынан
Қарғанды, ант су ішті ақтығына,
Құтылу оңай ма бай жаласынан?!
Өрт кетті, өртке жалғыз жетті ме әлі?
Өрт кетті...
Самық сөзі кімге дәрі?
Шұбырып дөң басына шығып жатты,
Естіген өрт хабарын жас пен кәрі.
Қасқырбай қара аюдай даладағы,
Арс етті әлдекімді талағалы.
Ант ішіп ақтығына қарғанса да,
Самықтың хал-жайына қарамады.
Бұрқ етті жердің шаңы, Самық аста,—
Бұлдырап сорлы көзі толды жасқа;
Тыпырлап, бүркіт бүрген қоянға ұқсап,
Бейшара басын соғып жатты таста.
Шыпылдап құйрығына сарбас қамшы,
Тамызды дөң басына қаннан тамшы.
Көкала қойдай болып жоны, бауыры,
Сіресіп дөң басында қалды жалшы...

II
Сонан соң... қыстауына келсе салып,
Қара орман күлге айналып кеткен жанып,
Күйініп, үні шықпай тілін тістеп,
Қасқырбай тұрып қалды көзі аларып.
Төңірек оған деген тұманданып,
Қамшысы сынып кетті жылан қабық.
Елестеп көз алдынан өрт суреті,
Былайша өтіп жатты бұлаң қағып:
Шытырлап жанып жатты үй - қарағай,
Лап етті қоймадағы үюлі май.
Жал-жая, қазы-қарта жанып жатты,
Үстіне көк керосин құюлыдай.
Бір бөлме толып тұрған түрлі кілем.
Бірі көк, бірі жасыл, бірі күрең,—
Бырысып жанып жатыр өрт отына,
Оранып қызыл-жасыл от толқынға.
Өзіндей Қасқырбайдың қара жылан,
Бөлмеден алтын тыққан қағып сумаң,
Иреңдеп інін таппай, оттан шошып,
Алтынды тастай қашты үйден жылдам.
Бір жерде кетпекші еді оттан шапшып
Шалқыған жалын басын түсті қақшып.
Шыжылдап жанып жатты улы тілі,
Адамды шаққан талай істеп қастық.
Ортаға от боп құлап мәтке күйген,
Жалақтап жалын тілі асып үйден,
Шатырдың шақылдатып қаңылтырын,
Төбеден көкке шапшып, қақты сүйрең.
Медалы патша берген отқа ағып,
Айбарлы алтын тоны жатты жанып.
Әкесі көрде жатқан күңіренгендей
Үн келді құлағына ызын қағып.
От болу қу маяға қанша қиын,
Маядан ұшқын түсіп, мешіт үйін
Жандырып, жалын мініп мінбесіне,
Ұшырды дұғалығын көкке құйын.
Қасқырбай жынданғандай есі ауып,
У жеген қасқырдай боп көлге шауып,
Желөкпе жендеттерін ертіп барып,
Жаудырды көл басынан алды тауып.
Жаудыр шал сәлем беріп дабдырады,
Қалтырап қара жартас қаңғырлады:
— Қоймамды, қыстауымды сен өртепсің...
— Жоқ, тақсыр,— деп Жаудыр шал абдырады.
— Мүлкімді қоймадағы ұрлап алып,
Үйімді жандырыпсың, түнде өрт салып,
Ешқайда құтылмайсың құн төлемей,
Самық пен ұрым сенсің, білдім анық.
— Бай еке - ау, не деп тұрсың, бұл шының ба?
Көзіңіз жеткендей - ақ бар шынына!?
Нақақтан жала жаппа күйіндіріп,
Кене алма ондай зорлық қысымыңа!
— Сөйлейсің қалай-қалай ұры - кезеп,—
Жағынан шартылдатты алма-кезек.
Жалынып, жалбарынып ант-су ішіп,
Шал сорлы бай алдында қақты безек.
— Малғұн шал, неге айтпайсың сен шыныңды?
— Тырнағын тағы салды, тағы бүрді...
— Жаудырды жаяу айдап алып жүр! — деп
Біріне жендетінің бай бұйырды.

III
Ес жиып тұра қуды жетім құлын,
Алмақ па Қасқырбайдан әке құнын?
Шырылдап, шырқыраған ұлдың үні,
Түнертті күн тілдескен таудың шыңын.
Шалқыма жете қалса арттан қуып,
Қасқырбай келтірер ме оны жуық?
Өлтіріп кетпес пе екен жетім ұлды,
Аңдарға азық етіп, қанмен жуып.
Зарлы үні құлағына енер ме екен,
Жетімді жан деп аяп елер ме екен,
«Әкесін ақтық рет көріп қалсын», —
Деп аяп, қайрылымға келер ме екен?!
Кез жасын кел боп аққан көрер ме екен,
Қайғысын шайып - жуып бөлер ме екен,
Тосып ап Жасыбайдың асуынан,
Баланы ертіп алып жөнер ме екен?!
Көмбек пе құз койнына шал денесін?
Көмбесе апарады қайда несін?
Кетпейді неге тастап сол араға,
Өлтіріп алғаннан соң алар «өшін».
Ән салмай бұлбұл неге тартынады, —
Жап-жаңа емес пе еді шалқығаны?
Әкесін көріп қалсын, деді ме екен, —
Әнменен алаңдатпай Шалқыманы...
Ойнақ сап жүрген тауда қасқа киік,
Шоқиып шығып ап бір тасқа биік,
Жылап тұр құралай көз сұлу жануар
Маңдайы жарылғандай тасқа тиіп.
Қатпаған қауырсыны балапанның,—
Тау жайлап, тас жастанған тағы жанның,
Болғандай жетекшісі қарлығаштар
Қарашы, бастап кетіп барады алдын.
Оңай ма жас ұланға ащы қайғы,
Әкемді тастап кет деп айқайлайды.
Қасқырбай кете барды тауға сіңіп...
Не шара, — іздері де байқалмайды!
Тығылып ауызына күйген өкпе,
Тілініп ерні іштен шыққан лепке,
Қуарып солған гүлдей жетім ұлан,
Түскендей болды жаны жанған өртке...
— Көру жоқ саған енді әке бетін,
Есің жи, өксігің бас!
Ей, жас жетім!
Менің де қабырғамды қайыстырды,
Панасыз жетім қалған сенің дертің.
Білемін: жеңіл емес сенің қайғың,
Жасыңмен тас бетінің кірін шайдың.
Талдырып, тамылжытып тал ішінде,
Жүректен шер тарқатар ән шырқайын, —
Дегендей талда отырған тау бұлбұлы,
Сайрады!
Сайрады, үні мың құбылды.
Біле алмай не қыларын адасқан жан,
Тағы да олай-бұлай зыр жүгірді.
Дауысы күңіреніп жас ұланның:
«Адастым, енді жалғыз қайда бардым!
Қалайша, қапылыста, жаным әке,
Іліктің тырнағына пейілі тардың?
Шырқырап мен артында жетім қалдым,
Буын бекіп, бұғанам болмай балғын.
Кім сипар маңдайымнан құлыным деп,
Бірі боп кетемін бе таудағы аңның?
Бота көз мөлдіредің, жасқа толдың,
Жас өмір — жас гүл едім, жастай солдым.
Қоршаған айналамды қара тұман,
Шыға алмас ортасына түстім тордың!»
Деген сыр ұқтырған сол жетім зары, —
Жаздырды маған осы поэманы.
Адасып тау ішінде ол кете берді...
Міне ауды түн ортасы, жағы семді...
Шалқыма өліп кетсе үйлі жанның
Өмірге келгенінен бар ма белгі?

ӨЛІМ ТЫРНАҒЫНАН
I
Түн еді қап-қараңғы қара бұлтты,
Түнеріп басатындай тауды, жұртты,
Қаһарлы қара түнді қақ айырып,
Мынау зар удай ащы, қайдан шықты?
Тау мен тас, андар үннен не сыр ұқты?
Тау тартып, тас жаңғырып үнді жұтты.
Түнімен жағы сембей қақсағандай,
Бұл жанның жүрегіне кім біз сұқты?
Зарына жаның күйіп ашынғандай,
Жүректің мұң пернесі басылғандай;
Адам ғой! Адам даусы!
Онда сенің
Не ақың бар, түнерген түн жасырғандай?
Жүректі зарлы үні жабырқатты,
Ұйқыны шайдай ашып, балдай тәтті.
Бұл кім, бұл есіз тауда шырқыраған,
Бұл — жетім, адасқан ұл Шалқыма атты.
Есіз ғой оның анау балағаны,
Онда жоқ. Енді қайда паналады?
Жегелі жатқан жоқ па шикі балық?
Талауға әлде қасқыр қамалады?
Жоқ мұның бәрінен де есен-аман,
Жетім үн шығып жатыр тас моладан:
Бейіті ғой анасының — іздеп тауып,
Ес көріп, соған барып паналаған.
Құшақтап тас қабірін анасының,
Жатқанын қарашы өксіп баласының.
Тірі ана зарлаттырып қояр ма еді,
Көзінің ағы менен қарашығын.
Талықсып, тасқа сүйеп зілдей басын,
Тамызып тасқа тырс-тырс көзден жасын.
Талмаурап жағы сеніп, үні үзілсе...
«Апажан!» — деп зарлайды біраздан соң.
Тебіренсін ана қайдан — жатқан өлік,
Уатсын ұлын қайдан — қуат беріп?
Жетімді жұбатқандай тал ішінде,
Ұйқысыз жалғыз бұлбұл болды серік.
Жүрегін қасірет қасқыр талағанда,
Жасаурап көзі толып қара қанға,
Жетім ұл ұйықтап кетіп түс көрді бір:
Шешесі кіріп келді балағанға!
Жол жүріп оралғандай бірнеше айлап,
Құшақтай алды бала апатайлап,
Ау жамап әкесі отыр от басында...
Қазанда былқып жатыр балық қайнап.
Маңдайдан сипап ұлын шеше сүйді,
Етілді, еркелетті... емшегі иді...
Кезерген ерні жібіп Шалқыманың,
Ананың ақ сүтіне аузы тиді.
Ананың қос емшегін сүтке толық,
Қадалып Шалқымасы жатыр сорып!
Қолымен ұстап жатты көпке дейін,
Ақ сүтін анасының еміп болып.
Шешесі құлынының сипап шашын,
Төсіне тақап қысып, құшып басын.
Тербетіп «Әлди бөпем!» әніменен,
Түсірді мейірбандық ықыласын.
Сол кезде босағадан сарбас жылан,
Балаға жетіп келді қағып сумаң.
«Маған бер бір емшегін, мен емем» деп,
Ұланның шырқын бұзып, салды ылаң.
Иреңдеп келе жатты төске өрлеп,
Жасқанбады ол, керіп еді қолын сермеп.
Шешесі, әкесі де тіл қатпады,
Жыланмен келіскендей «емсең ем» деп.
Тауысып емшек сүтін жылан бұрын,
Нәресте баланы алдап қақты жымың.
«Қайсымызға сүт жұққан екен кәне,
Көрелік, шығар, — деді сен де тілің!»
Керген боп алды тілін жылан қыршып,
Шыңғырып бала жерге түсті ыршып:
«Анажан, өлдім - ау», — деп бақырғанда,
Оянды өз даусынан өзі шошып.
Шығысты шымқай қызыл нұрға малып,
Күн шығып келеді екен өрттей жанып.
Тау кезіп, тоғай бағып жүрген Иван,
Шыңғырған бала даусын естіп, танып.
Аңырмай бейіт басына келсе салып,
Молада зарлап отыр бала ғаріп;
Еңіреп қоя берді жетім бота,
Иванға жүрегінің мұңын шағып.

II
Иван кім? Иван кедей казак-орыс,
Қысы - жаз тауды бұ да қылған қоныс.
Қатыны, баласымен бір үйлі жан,
Секілді тау тағысы — ұялы құс.
Көп тартқан жоқшылықтың зарын Иван,
Кеп көрген дүниенің тарын Иван.
Болғанмен сырты бүтін, іші түтін,
Жүрегін у жайлаған, жалын — Иван.
Аңсайтын арман етіп өмір таңын,
Жүректің тойдыра алмай бал құмарын.
От салды өзегіне бүгін тағы,
Зарлы үні жетім қалған Шалқыманың.
Улы ой жүруші еді миын шағып,
Бірі өйт, бірі бүйт деп, кезек алып,
Кетпеді тауға тастап жетім жасты,
Зарлаған жағасына жасы тамып.
Тұрғанда жаутаңдатып жетім көзін,
Жүзі айтып, өзі айтпай-ақ шердің сөзін.
Қашаннан тілегі бір, жүрегі бір,
Туысқан Иван неғып етсін төзім!
Уатып, бауырына қысып басын,
«Жылама, қарағым!» — деп сипап шашын,
Артына мінгізіп ап келді үйіне,
Адасқан ақылынан «тау баласын».
Бұл үйді жас қайғысы паналады,
Жүрегін бәрінің де жаралады.
Бөліп жеп, бөліп ішіп қолда барын,
Дәулеті жоқтығына қарамады.
Жетімді асырауды мақұлдасты,
Екі тіл жатырқамай, жақындасты!
Қайрылған қанатынан қарлығаштың,
Ұяда жетілуін ақылдасты.
Тұңғиық түннің сондай тұманында,
Қол беріп таудың жетім ұланына,
Құтқарған өлімнің, у тырнағынан,
Лесник Иван жетсін мұратына!

III
Мариям болып кетті анасындай,
Шалқыма іштен шыққан баласындай
Көзінің ағы менен қарасындай,
Тұнығы, шайқалмаған шарасында.
Ольгасы,
Егорымен бірге өсті,
Саусақтың қатарласып саласында.
Зымырап өтіп жатты ай менен жыл...
Бірінен бірі титтей бүгіспей сыр,
Киіктің лағындай екі ұл, бір қыз,
Жас гүлдер асыр салып тауда ойнап жүр.
Жүзінде білінбейді қаяу - қайғы,
Шалқыма бұрынғыдай зарламайды.
Ольгамен қосылып ән шырқағанда,
Жас үні ну орманды аралайды.
Тапқан соң анасындай қамқор ана,
Өмірден не тілейді ондай бала!
Қалайша шырқамасын таудың әнін,
Жүректе бар еді деп ескі жара.
Тау іші қысы-жазы мекен-жайы,
Туғанда жылдың көркі көкек айы,
Жамылып жасыл шептен жібек желек,
Енгенде гүл-гүл жайнап жер шырайы.
Қызғалдақ, сарғалдақ пен сансыз түсті,
Құлпырып тау жүлгесі, өзек, сайы,
Қош иіс мұрын жарып анадайдан,
Тесіне біткен таудың қарағайы.
Ақ қайын, бозша талдың арасында,
Бұлбұлға үн қосады тау торғайы.
Ауасын жұтсаң балдай,
желі жібек, Бар ма екен, табиғаттың таудан байы?
Сұлудың күлкісіндей сыңқыл қағып,
Көк барқыт қойнауларда бұлақ ағып,
Күміс шық шөп басынан түссе тамып,
Көк толқын жөнеледі қағып алып.
Аңырап алтын мүйіз арқарлары,
Түлкісі сылан етіп жалтарады!
Айтыпты Жаяу Мұса деген сөз бар:
«Баян тау жер шұрайы Арқадағы».
Жалғыз үй тау жайлаған, тағы тұрмыс,
Жас түгіл үлкенге де қайбір ырыс.
Кеңілі көтерілсін, тау аралап, —
Деп Мэриям көрсетпейді жәбірлі сұс.
— Ойнаңдар тату-тәтті, болыңдар сақ!
Мертігіп қап жүрмеңдер тастан құлап.
Бұл тауда жыртқыш андар көп болады,
Жүрмесін аю талап, қасқыр қамап.
Болғанда ана осылай беріп сабақ,
Қуанып балалары санын сабап,
Қутыңдап тауға, орманға жөнелгенде,
Тұрады Мэрия ана тоймай қарап!
Кіргенде таудың еркін қойынына,
Кім тояр балалық шақ ойынына!
Үшеуі қатарласып бір-бірінің
Білегін артар еді мойынына.
Тоғайын Мойылдының қыдырғанда,
Тарақтап тал қабығын сыдырғанда;
Шарқ ұрып құлын-тайдай салады асыр,
Шаттыққа шалқар дүкен құрылғанда.
Бірінен-бірі ойнап тығылғанда,
Үнінен құлын даусы ұғылғанда;
Оралып аяқтары жапыраққа,
Асығыс ұмтыламын деп жығылғанда.
Сыңқылдап ана екеуі ду күледі,
Үшеуі қайта тағы бір жүреді.
Жалтылдап табандары тарғыл тасқа,
Ұя іздеп өрмеледі, күлімдеді.
Жартастың бауырында жұлып сасыр,
Ат қылып мініп алып ұлан-асыр.
Қызғалдақ, сарғалдақтан букет жасап,
Үш жерге «ту тігеді» қызыл-жасыл.
Көгалын көкорайдың етіп көрпе,
Құландай аунап - ойнап, осы үш ерке,
Базарын балалықтың дуылдатып,
Шырқайды жастық әнін көкке серпе.
Үй қылып үңгір тасты, одақтасып,
Жасайды тастан үстел, табақ, қасық.
«От жағып», «қазан асып» ойнар еді,
Үшеуі бір-біріне қонақта болып.
Астына жапырақтан кілем төсеп,
Түрленген түскиізі гүл бәйшешек.
Жайып сап жуаларын жұлып алған,
Балайды балдан тәтті тағамға есеп.
Қанатын ұстап алған шегірткенің,
Жұлғанын... мен де талай еліктедім.
Қуалап көк кептерді «кири-кулетіп»
Есімде бала күнде желіккенім!
Бұлаққа аяқтарын қатар малып,
Үшеуі отырғанда әнге салып;
Орманның күзетшісі Иван келіп:
Балалар! — дейді алыстан даусын танып.
Кездессін мейлі үш бала Мойылдыда,
Әкенің асылады мойынына,
«Қайтыңдар, әр - беріден соң», — дейді Иван,
Күлімдеп үш қарғаштың ойынына.

ШЫРМАЛУ
Ай өтті, ай артынан жаңа ай туып,
Жыл өтті, жыл артынан жылды қуып.
Жігіт боп соқтауылдай жас Шалқыма,
Жиырмаға келіп қалды жасы жуық.
Иванға қолғанат боп жас азамат,
Тоғайын түгендесті тау аралап.
Жалданып дуандағы бай орысқа,
Шөп шапты, егін орды жатпай қарап.
Қақпақтай кең жаурынды, ұзын бойлы,
Кең маңдай, қалың қабақ, терең ойлы,
Қайтпайтын, тура айтатын өжет етіп,
Өсірді Шалқыманы таудың қойны...
Алайда, бір сыры бар ашудастай,
Тыс жарып тірі жанға жүрген шашпай.
Ол сыры — әке кегі,— таптың кегі,
Байланған жүрегіне шер боп жастай.
Өкпесін аузына да әкеп тығып,
Жүрегін жандырғандай от боп ұрып.
Теңіздің толқынындай бұрқаған ой,
Болады жібергендей суға жығып.
Сол бір ой күндіз-түні миын торып,
Қадалған сүліктей боп миын сорып.
Кекті ашу бойын ылғи кернеп жүрді,
Бір ойдың ұясына мың ой қонып.
Қасқырбай — көкжал қасқыр жаны ызбарлы,
Қаһары бет қаратпай жүрген жанды.
Сонда да Шалқыманың бар арманы:
Өлтіру Қасқырбайдай сұр жыланды.
Түсіріп таудан ағаш, отын тасып,
Күз болса орақ орып, егін басып;
Жалданып малайлыққа қала ішінде,
Сүйгені Шалқыманың еңбек кәсіп.
Жатақтың жастарымен өзі тұстас,
Үстінде сол еңбектің араласып.
Сыр алып, сыр берісіп, жан аяспай,
Ортаға не болса да салысты ашық.
Бір досы Көгенбайдың Қаратайы,
О дағы Бір танаудың бір малайы.
Екеуі Шалқымамен егін, шөпке,
Кететін туысымен тамыз айы.
Қайтатын боқыраудың аяғында,
Жәрмеңке онда Арқанын Баянында.
Салады шеңгелдерін саудагерлер
Арканың қойдан қоңыр «саяғына».
Бозқырау жердің үсті қатқан мұздақ,
Келеді екі жаяу жолда мүздап.
Тиеген көк арбаға бидай, тары,
Қос жаяу жүгіреді болып қызбақ.
Өткенде Мең төбеттің бауырынан,
Асқанда Ит жатпастың ауылынан.
Түтіні таңертеңгі көкке көшіп,
Көрінді мыжырайған Баян - Дуан.
Боларын бір сойқанның біліп жігіт,
Сермеді ақ семсерді тағы ұмтылып...
Бассалды үйдегілер Шалқыманы,
Семсері бөренеге кеткен кіріп.
Қолына түскен биді қылқындырып,
Біреуінің үстіне бірін жығып,
Семсерін сермеп жайқап, жуықтатпай,
Шалқыма аман-есен кетті шығып.
Би біткен ол кеткен соң «қарауылдап»,
Көшеге шықты шулап, аңша андап...
Дүрлігіп бүкіл дуан түн ішінде,
Қалада көтерілді қара шаңдақ.
Құтқарсын мылтықты қайдан оны
Сол түні-ақ кісенделіп аяқ - қолы;
Тұтқын боп торға түсті жас Шалқыма.
Сермеген семсерінің болмай жолы.

ТҰТҚЫН
Түрмеге Шалқыманы айдап тықты...
Тұтқын жас түнімен тіс қайрап шықты.
«Айтсаңшы, жасаған - ау, жазығым не?» —
Деген үн көкірегінде қайнап шықты.
Артынан Иван іздеп барып еді,
Мылтықты жасауылдар айдап шықты.
Қаусырып құшағына қара түнді,
Түрмеде білмейді екен таң атуды.
Көп екен тұтқын деген тар қапаста,
Қабағы қара бұлттай тым қатулы.
Шалқыма «шүкірлік» деп мұны көріп,
Әрқайсысын туысындай жылы көріп.
Қаһарлы қайғы жүгін жеңілтердей,
Қаймықпай сырласады сырын беріп.
Айрылған азаттықтан тұтқын біткен,
«Күн қашан қанат қағар еркіндікпен?»
— Дейді де мұңданады, күрсінеді,
Әділдік үміт етпей өкіметтен.
Кейде олар «Сені ме!?» — деп кіжінеді,
Көп арман көз алдына тізіледі...
Қырандай жараланып тасқа түскен,
Ой шаршап, кейде үміттер үзіледі.
Бір жұтым таза ауаға зар боп бәрі,
Бұрқанып бұғаудағы тұтқын жаны.
Жатқандай темір шайнап азулары,
Тістерін шықырлатып булығады.
Шет жүрген шаңнан тоқып өрмек шиді,
Көргенде бұрыштағы өрмекшіні.
«Өлтір!» деп, «өлтірме!» деп тұтқын ойы,
Толқындай төңкеріле дөңбекшиді.
Тұтқынның жасына да, қартына да,
Түйліккен түрме әмірі тартына ма?
Біреуді шықпыртып кеп сарбас қамшы,
Жыландай ысқырады Шалқымаға.
Жан шіркін, неткен сірі, неткен берік!
Азаптың бәріне де жатыр көніп.
Даладан жарты қалаш түрмеге енсе,
Он тұтқын, отыз тұтқын жейді бөліп.
Тұңғиық ой тұманы сағымданып,
Тастайды талай жерге алып барып.
Ауады түн ортасы түрме ішінде,
Асау ой оралғанша арып-талып.
Айнала сұр қабырға сұр жыландай,
Әйнектей жел ұлыды жылағандай.
Есікті тырс-тырс ұрған ұшпа тастар,
Жетуін тұтқын қолға сұрағандай.
Өмірге егей болып «жаралғандар»,
Түрмеге тұтқын болып қамалғандар.
Тоналып тілден басқа тіршіліктен,
Қор болды-ау, азат өскен адал жандар.
Шалқыма жатқалы да жылға толды,
Қайратты жігіт - ақ еді, түрме сорды.
Албырап келе жатқан алма ағаш еді,
Құрт түскен буынына гүлдей солды.
Бүркіттей томағалы торға түскен,
Қайраты қуалайды қайғыны іштен.
Білмеді жасуыңды жан уыты...
Көтерді тұтқын жүгін албырт күшпен!
Тұтқындар абақтыда тек жата ма?
Тек жатса, таң ата ма, күн бата ма?
Айтысып әңгімені, сыр шертіп,
Салмай ма жай-күйлерін бәрі ортаға
Бір жігіт: жүзі жылы, инабатты,
Бітімі, тұлғасы да ер сымбатты.
О дағы тұтқын екен жаны кекті,
Түрмеде Шалқымамен бірге жатты.
Болаттан перзенті бар құрсағында,
Орманды Орал таудың құшағында.
Бөбек боп туып-өсіп, ер жетіпті ол,
Онда жоқ тұтқын болу бұл шағында.
Әкесі бірі екен кеп теміршінің,
Әлпештеп зердесіне өмір сырын.
«Жанымның жұлдызы!» — деп сүйеді екен
Осы бір ойнақтаған көгершінін!
Жетпейді тапқан еңбек күндік нанға,
«Әділет жоқ-ау сірә, бұ жалғанда?
Бұл қалай?» — дейді дағы темірші ойы,
Сан рет түседі екен сар таңға.
Питерде, Москвада,
Оралда да,
Бой бермей аязға да, боранға да,
Бұрқаған бесінші жыл от боп лаулап,
Ұшқыны түсіпті алыс томарға да.
Әкесі Зубов қатал адам екен,
Антына ақ жүрегі адал екен.
Көтеріп дәу балғасын иығына,
Бір топпен бірге кетіп барады екен.
Әйнектен көріп қалып бала Зубов,
Әке! — деп айқай салып, тұра қуып,
Қалмапты соңдарынан сол бір топтың,
Қар бетін жатса да айқас қанмен жуып.
Күркіреп зеңбіректен оқ бұршақтап,
Қаланы, Орал тауды от құшақтап;
Ақ қылыш, сары жағалы офицерлер,
Туралап адам тәнін шапты ұсақтап.
— Қайт үйге! Қайт, жаныңның барында аман! —
Деп әкем бір ақырып қалды маған.
Сол екен ақтық үні сорлы әкемнің,
Аттамай сұлап түсті алты қадам.
Төбемнен жайы соғып көк жасынның,
Егілдім, еңіредім, көп аһ ұрдым.
Қайтпадым майдан туы жығылғанша...
Әкемнің достарына оқ тасыдым. —
Деп Зубов Шалқымаға сыр айтады,
Жалғансыз, жарқыншақсыз шын айтады.
Қапаста қажып талған жігіт жанын,
Ерлік жыр дүркін-дүркін шын айтады.
Кешіпті ол отты, суды, жалындарды,
Бұл бір жыл, — дейді,— ауыр жыл — дауыл алды.
Тайгада, Сібірде де айдауда боп,
Жұтыпты түрмелерде ауыр шаңды.
— Қалайша тап болдыңыз бұл қапасқа?
— Партия жұмсап еді Екі басқа!..
Алдыру оңай екен алдамшыға,
Ақылын аңдаусызда жазым басса. —
Дейді де Зубов әлі өкінеді,
(«Кешір» деп Шалқымадан өтінеді)
Сырласса екі тұтқын оңашада,
Сұр түрме тұлданады кекігелі.
Оталған орманның мен қарағашы,
Жігіттің неге төзбес қара басы.
Қозғайды мың қайғыны бір қайғы кеп,
Гүлсім жан, мұңлы көзбен қарама!
Қайдасың, қайда шіркін бостандығым?
Қайдасың аққуға ән қосқан үнім?
Қайдасың еркін жылым, ерке жылым?
Айтсаңшы, көктеуіңді тосқан Гүлім!
Жан сырын жария етіп Шалқыманың
Осы еді көптен бері шалқығаны.
Полицей суын төгіп, қызды қуып...
Тағы да мәз болып бір қарқылдады.

* * *
Күз түні. Тас қараңғы айсыз аспан,
Тау іші. Жалғыз үй тұр салған тастан.
Сол үйде түн ортасы ауғанын,
Сөнбепті сығырайған шолақ тас шам.
Әйнегін іш жағынан қараңғылап,
Екі адам оңаша отыр ақылдасқан.
Бұлар кім?
Бізге таныс жандар көптен,
Көзінің Шалқыма үшін жасын төккен.
Жалғызы —
Ольгасы өліп қорасаннан,
Егорын қан майданға алып кеткен.
Бұл екеу — Мәрия мен орманшы Иван,
(Тыңдаушым шығармаңыз оны мидан).
Қан жұтып қайғыменен солған гүлдей,
Екеу «тойған» өмір тартқан «сыйдан».
Бұл үйде дәл осыдан төрт жыл бұрын,
Көруші ек үш ендірдің шарқ ұруын.
Шалқыма, Егор, Ольга шырқаушы еді,
Жалтақсыз жаны сүйген халық жырын.
Әндетіп, дуылдасып бала - базар,
Ұйықтайтын түн ортасы ауғанда азар.
Қызығы үш өндірдің жан балқытып,
Орманшы аудармайды тауға назар.
Мәрия қабақ шытпай тамашалап,
Өзін бір ең бақытты ана санап;
Тоймайды балдырғандар ойынына,
Жүрегін қасіреттен арашалап.
Ата үшін, ана үшін, жастық үшін;
Жалын боп жайнақтаған үш бүлдіршін.
Кейістік - кедейлікті айдап шығып,
Көңілдің көктетуші еді күй тынысын.

Ана ерні неге бүгін кемсендейді?
Бұдан да жақсы еді өзім өлсем, — дейді.
Орманшы бейуақыттай қарауытып,
Қайтсем де қасіретті жеңсем, — дейді.
Не болды ашылмастай қабақтары,
Тал шашты Мәрия сипап тарақтағы,
Кезінен тамған жасты сезер емес,
Алдында тұрған асқа табақтағы!
Не қайғы ана жанын еңіреткен?
Не қиял әке жанын тентіреткен?
Ән қайда, думан қайда, жастар қайда,
Тауды да, тас үйді де көңілді еткен?
Ольга өлді, Егор болса майдан кетті,
Өзі өлді, әлдекімнің қанын төкті?
Япыр-ау, кімге қажет ондай майдан? —
Деген ой орманшыны тітіретті.
«Талай жас, жарлы, жалшы қанын төкті,
Талайлар офицерден көрді тепкі.
Оққа ұшып, талай ердің ғазиз басы,
Ата-ана, елі - жұртын кермей кетті.
Ыңырсып қан майданда — қызыл шаңда,
Боялып жатыр солдат қызыл қанға.
Айрылып кейі аяқтан, кейі қолдан
Қор болды-ау жұмысшы да, мұжықтар да.
Өртіне ай тұтылып, күн қарайған,
Уа, тағдыр, кімге қажет қанды майдан?
Қайдасың бейбіт өмір, от басыма
Ақ қанат көгершін боп канат жайған?
Ол — соғыс байлар үшін жер-су, байлық,
Көрмеген жүректері қаннан айнып.
Ол — соғыс кедей үшін өлім, азап,
Бай, патша бақ-дәулетін алмақ сай ғып.
Құрысын ондай майдан адамға жау,
Жасайтын қанынан көл, тәнінен тау.
Адамзат тендігі үшін, бақыты үшін,
Тар майдан жан сүйсінер болса екен-ау!»
Деп Иван қынжылады қабақ түйіп,
Мәрия мақұлдайды басын шүйіп,
Егордан келген хатты Иван оқып,
Мәрия суретін отыр сүйіп!
Сағынып солған жүздер қақты күлім,
Шаттыққа бөлегендей таудың түнін.
Бұлардың қуанышын құрмет айлап,
Қорада қораз, тауық қосты үнін.
Майданда оқ өтінде жалғыз ұлы,
Мұндай хат жазған емес бұдан бұрын.
Кім үшін жанды қиып күресудің
Бұл жолы баяндапты бар шындығын.
Депті ол:
«Бай мен патша қанды ылаң,
Жазықсыз сан миллион жанды қырған.
Байлардың бағы үшін, байлығы үшін,
Болмаймыз бұдан былай оққа құрбан», —
Депті ол:
«Ең зор майдан — тап майданы!
Сарқырап аққан мынау қан сайдағы
Қанымыз өзіміздің, — бауырымыздың.
Қатулы Ресей мен Алтайдағы.
Құлаттық Николайды алтын тақтан!
Күт, әке, бақытыңды болашақтан.
Жоқ қылып Ресейдің обырларын,
Жазылмақ солдат жаны жарақаттан».
Депті ол:
«Біздің көсем — ұлы Ленин!
(Азат үн алмақ әлем жерін. көгін).
Ауызын винтовканың бері бұрып,
Буржойдың қиратамыз белін, шебін».
Депті ол:
«Жұмысшы мен жалшы, жарлы,
Қолынан атырады алтын танды!
Бақытты өмір орнап елімізде,
Жүректен арылтамыз қайғы зарды!»
Депті ол:
«Есен-сау тұр, ата-анам!
Болмаңдар мені ойлап маған алаң!
Астында қызыл тудың қалың қолмен
Алдыңа арсалаңдап барар балаң».
Депті ол:
«Жайнап атып халық таңы,
Біздің ел аспанына шарқ ұрады.
Сан ғасыр шер жайлаған Баян тауда,
Шырқалмақ жаңа заман шаттық әні!»
Депті ол:
«Папатайым, маматайым,
Тез жеткіз Шалқымаға хаттың жайын.
Сергіңдер, серпіліңдер, қуаныңдар,
Айқаста жау сазайын тарттырайын.
Әнінің еске түсіп шалқығаны,
Сағындым, қайран достым Шалқыманы!
Тұтқын боп отырмақ па, қашып шықсын,
Азаттық үшін неден тартынады».
Міне осы... Мәриям, Иван оқыған хат,
Жүрекке оттай ыстық, хабары шат!
Күлімдеп ата-анасы бір-біріне,
Десті олар: «Ия жасаған, бере гөр сәт!»
Екеуі күлімсіреп, тыным тауып,
Кеткендей зердесіне бір нұр жауып,
Орманшы сенбегендей өз көзіне,
Хатты алып оқи берді ауық-ауық!
* * *
Есігін тұтқын үйдің таң атқанда,
Шалқыма қатуланып бір қаққанға,
Кім келіп аша қойсын? Тұтқын үнін
Тыңдайтын полицейде құлақ бар ма?
Азапқа шыдай алмай тісін қайрап: —
Аш! — деді Шалқымамыз үш айғайлап.
Кілттерін сылдырлатып біреу келді,
Найзасын ашуының үшкір қайрап.
— Зәр қысты, неге ашпайсың, бұл есікті?!
Ашынған тұтқын даусы қатал шықты.
Кешегі бүлдіршіндей жап-жас жігіт,
Үш жылда болып қапты сақал-мұртты.
— Ей, тұтқын, — деді есікті ашып оған, —
Мынау тамақ әкелген Иван «ағаң».
— Үш минут амандастыр, — деді тұтқын.
Білемін келетінін оған шамаң...
Полицей тыңдамады тұтқын зарын,
Жығылды арман туы Шалқыманың.
Түнеріп түрме есігі жабылғанда,
Түкпірде бұрқ еткендей болды жалын.
«Үш минут жолықтырса несі кетті?» —
Деген ой булықтырды есінетті.
Көрермін күнім туса, — деген даусы,
Темір тор терезесін тесіп өтті.
Тұтқын жан жауыздықтың торындағы, —
Тағдырдың осы - ay, — деді,— қор қылғаны.
Ұмытып кеткен білем ашу үсті,
Ойына түсті қапшық қолындағы.
Сауқатын көріп Мәрия апасының,
Деді де «қайран менің жан ашырым!»
Шалқыма ақтарды тез сүр түрмеде,
Жайғандай алдына әкеп дала сырын.
Есіне түсірердей ұмытқанын,
Біреуін қолына алып жұмыртқаның,
Бір шекіп саусағымен төбесінен,
Қайтадан құрастырды сынықтарын...
Иненің ұшыменен жазған қаріп,
Келіп тұр қан майданнан хабар алып,
Кәдімгі солдат сөзі — Егор сөзі,
Ақиқат тереңінен шыққан жарып.

АЗАТТЫҚ
I
Түн еді түрме есігі құлыптаулы,
Шалқыма мүлде ұмытып ұйықтауды;
Түс ауа тулап туған қиялына,
Әлі бір момақан ой жуытпаулы.
Қарамай арманының алысына,
Жарқылдап жас нажағай намысында,
Ұқсайды ол атылғалы тұрған қазір,
Өрт алған қамысты көл барысына.
Ойнатып оң қолымен көк қанжарды,
Еденге шаны да тартып алды.
Түрменің темір торлы тесігінен,
Жан-жақты жанарымен қарпып алды.
Араптың ақ жүзінде «ғайыны» ойнап,
Алтын ай барады екен аспан бойлап.
Қызығып қыз жұлдыздар қылығына,
Зеңгір кек тұрғандай бір дастан ойлап.
Тулаған толқындары Сабындының,
Әндетіп құшып жатыр жарын бүгін.
Бір сәтте тұтқын ойы құшты, сүйді,
Қамкөңіл қарақат көз қалыңдығын.
— Шелегін батырып көл кемеріне
Ертең ол су көтеріп келеді де,
Тоқтайды осы тұсқа келіп тағы,
Арман қып мені алыстан көреріне.
Мен жоқпын, көре алмайды мені енді ол,
Қайтады - ау жасын төгіп шелегіне, —
Деді де жігіт жаны... кайта ширап,
Күт, сәулем! — деген ойын айта ширап.
Түн қойнын түрткіледі терезеден,
Тұрса да махаббатты қанша сыйлап.
Айбаты, қайраты да мылтығында,
Күзетші ұқсайды бір қырқылжыңға.
Алдынан терезенің өтті баяу,
Ербиіп көлеңкесі мұртының да.
— Қазір-ақ... айқасатын жекпе-жегім,
Әрине, сен боларсың деп білемін, —
Шалқыма осыны ойлап мырс етті бір,
Сездіріп сеніміне серт тілегін.
Күзетші құдірет қып ысқырады,
Мадақтап болымсыз жел ышқынады.
Шағылып ай сәулеге Ақбоз ойнап,
Байлауда шиыршық атып пысқырады.
«Оһо!» — деп Шалқымамыз күлімдеді,
Өлі ойы тірілгендей іңірдегі.
Албарда болмаса егер Ақбоз ойнақ,
Деп еді ол: арманымның сүрінгені.
Азғындық, бір өзіне жазулы,
Атаман Зонов деген азулы бай
Ақбозды Дұрман биден алған еді,
Бермесе оған мола қазулы.
Дүрекең «бергенімен» налып еді,
Ақбет тау шын жүйріксіз қалып еді.
Сол Ақбоз сен боларсың, — деп Шалқыма,
Әйнектен көрген сайын танып еді.
Пристав ұстап алып шоқтық - жалдан,
Ақбозды ойнақтатып түрме — албардан;
Ауылға шабушы еді құйындатып,
Ия, түсте, яки кешке, яки таңнан.
Сәтті етіп шығарарда өз есебін,
Ауылдан оралмайтын бірнеше күн.
Бүгін Ақбоз ойнақ қорада тұр,
Сипатып желге ғана тілерсегін.
Ақ мерген құлата алмас көзден ұрмай,
Адам ба айнып шыққан сөзде тұрмай,
— Ақ бұлт боп атылайын абақтыдан,
Ақбоз ат тұра бермес күнде мұндай.
Бұл күйде кімге дәрі барым, жоғым,
Ақбозға тәңір жазып жетсе қолым,
Арғысын көріп алдым — сапарымда
Тұрса да яки бағым, яки сорым, —
Деді де Шалқымамыз түрмедегі,
Арманын от шынжырмен құрметтеді.
Есікті тарсылдатып қақты дерсің...
Құлардай босағаның іргелері.
Күзетші жетіп келіп іргедегі:
— Ей, тұтқын, мұның аты түрме, — деді.
Әдепсіз! Қақың жоғын ұмыттың ба,
Қағасың неге есікті түнде? — деді.
— Ей, мырза, тағдырыма күлме, — деді.
Жанымды қинады ішім мүлде, — деді.
Күндіз бір сырттан сауқат келген еді...
Жемеген тамағым ғой күнде, — деді.
Ішіңді ас ауыртса шыдаймысың?
Ей, мырза, есікті аш құдай үшін!
Кілттерін сылдырлатып күзетші айтты:
— Бұдан соң тағы да аш деп сұраймысың?!
— Жоқ, мырза, бұдан кейін сұрамаспын!
— Ендеше, шық бері! —деп есік ашты.
Шап беріп алқымынан Шалқымамыз,
Көк сақал күзетшіні асқа басты.

II
Төсі де, төсегі де күйіп-жанып,
Ауғанша түн ортасы Гүлсім «ғаріп».
Аунақшып жатыр еді ұйықтай алмай...
Тұрған кім терезесін тырс-тырс қағып.
«Дір» етіп... қыз жүрегі дүрсілдеді,
Бірақ та көкірегі күрсінбеді.
Төсектен атып тұрып Гүлсіміміз,
Аяғын бірер басып: «Кімсің?» — деді.
Күбірлеп терезеден таныс дауыс:
— Менмін ғой, тез шығып кет,
Гүлсім! — деді.
* * *
Төгіліп қара көзден тамған жасы,
Төгіліп иығына қолақ шашы,
Гүлсім тұр құшағында Шалқыманың...
Секілді алтын айдың ақ жотасы.
Болғанмен қиял батыр, үміт тасқын,
Сөз қысқа, уақыт аз, жігіт «қашқын».
Бақыт боп, қасірет боп арпалысты,
Кездесу бес минуты екі жастың.
— Ішінен қашып шығып, оқтың, оттың,
Шалқатым, мен сорлыңа несін соқтың?..
— Тұсына терезенің сен келгенде,
Соқпасам білер ме едің, неге жоқпын?
— Қаларсың колға түсіп, неге тұрсың?!
— Жігіттің бүйтіп көрген күні құрсын.
Көрмесем деуші ем сенің көз жасынды,
Шерлі еттім жүрегіңді, кешір, Гүлсім!
Тау қалғып сәулесінде жалтыр айдың,
Тербеліп толқынменен жатыр айдын.
Дегендей «тағы да сүй!» —қыз иығын
Бұтағы түртіп қалды қарағайдың.
— Қош, сәулем, тірі болсам ораламын!
— Мә, сәулем, көзімдей көр, орамалым!
Астыңа Ақбоз ойнақ түскен екен,
Илаһи келсін айтқан жорамалың!
Арманды жас махаббат ай астында,
Жаудырап қимай тағы қарасты да;
— Қош! — деді ол,
— Қош! — деді қыз, нәзік үнін
Жанындай алғашқы үнге жалғастыра.

III
Түн ауды.
Тірі жан жоқ төңіректе,
Мұң шағып кейде жерге, кейде көкке;
Гүлсім тұр жары кеткен жаққа қарап...
Алдында өз үйінің тау жақ шетте.
Аш белі тал шыбықтай бүгіледі,
Жас кезі түн қойнына үңіледі;
Бұлдырап... арпалысып үміт, қайғы,
Сан саққа сарпалтаң боп жүгіреді.
Шалқыма асарында «Өрт Қияны»
От шашқан Ақбоз аттың төрт тұяғы.
Елестеп көз алдына Гүлсім қыздың,
Күрсінген көкірегіне «дерт» құяды.
Біресе катерді ойлап қиырдағы,
Қыз жаны «тәңіріне» сыйынады.
Біресе тұтқындықтан «азат» болған
Жарының қимылына жымияды.
Сұлудың бала құстай жас қиялы,
Арманда қала берген «мас» қиялы.
Махаббат теңізінің жағасында
Қайғысын сапыруға тас жияды.
— Мен оны енді қайтіп көре алмаспын,
Оғынан дұшпанының өлер «қашқын».
Жоқ, тәңір! Олай болу мүмкін емес...
Жоқ, тәңір, ол заңыңа көне алмаспын.
— Уа, тағдыр сертім қапты айта алмаған,
Бір минут Шалқыманы қайтар маған!
Күтем мен, Шалқыма деп көрге кірем,
Жанымның уызымен шайқалмаған.—
Деп зарлап түн қойнында тұрған Гүлсім,
Кімдердің оянғанын қайдан білсін?
Дәретке шыққан әке, қызын көріп:
— Қарғашым, — деді үйге бар, — нағып тұрсың?

IV
Шығып ап еркіндіктің даласына,
Шын асып, тынық орман арасында.
Тар жолмен ақбоз атты «қашқын» тартты,
Көк толқын Жасыбай көл жағасында.
Ағаштың үзілсе де жапырағы,
Атылып Тас қайнарлар жатыр әлі.
Боз ойнақ шашасына шаң жуытпай,
Жұлдыз боп ағып келеді тақымдағы.
Төрт жылдай түрме ішінде шаршап талған,
Төрт жылдай түнерумен жасып қалған
Жас қиял бірте-бірте қайта тұтап,
Жарқ етті сыр тартқандай ғасырлардан.
— Беу, шіркін, еркіндік - ай, азаттық - ай!
Боз жартас бойыңды бақ, мазақ қылмай.
Бел сынып, без бүйрегім жарылса да,
Тынбаймын арманымды азат қылмай.
«Қашқынмын», енді неден тартынамын!
Ынтықпын көруге оқ жарқылдарын.
Зор майдан жақын деп еді Зубов жолдас, —
Деген ой серігі еді Шалқыманың.
«Талқандап патша тағын, түрме есігін,
Қамаймыз түрмеге өзін түрмешінің», —
Деп жазған Егорының хатын жыр ғып,
Шалқыма тербей түсті түн бесігін.
Сонда да... жігіт жаны күрсінеді,
Күрсінткен қарақат көз Гүлсім еді.
Ол берген орамалды қолына алса,
Жүрегі қуанғаннан дүрсілдеді.
— Қош, сәулем, қош! — деп қалған жас балдырған,
Арманын азат етіп қас тағдырдан.
Артынан қуып жетіп, басып озған
Аққудай елестейді қарсы алдынан.
Жетсем деп сол «аққуға» жігіт жаны,
Ағызып Боз ойнақпен ұмтылады.
Оқ бойы озып алған сұлу елес,
Қиялдың қанатында сымпылдады.
Үн қосып Баян таудың мың бұлағы,
«Сапарың оң болсын!» — деп сылдырады.
Ай бөлеп Ақбоз атты сәулесіне...
Жапырақ бір-бірінен сыр тыңдады.
Дүрліге шапқан жүйрік жел тынбады,
Дүбірін төрт тұяқтың жер тыңдады,
Ойнақ сап өтемін деп ат алдынан,
Киіктің ұшып түсті кер лағы...
Боз ойнақ жығылмады, бұрылмады.
Баяғы көк толқыны Шойындының
Жасардай Шалқыманың тойын бүгін,
Жиекте қамыстарға ән салдырып,
Жігітін шақырып тұр Мойылдының.
Баяғы өртке жанған балағанның
Тұсынан мойынын созып қараған кім?
Баяғы моласы тұр шешесінің...
Әкетсін оны қозғап даладан кім?
Есіне түсті өзі зарлаған түн,
Титтей боп Қасқырбайды қарғаған түн,
Ес көріп бейіт басында жатқанында,
Жылан боп тілін шағып арбаған түн.
— Ұмытпа, — деді Шалқаш, — бай ылаңын!
«Қашқынмын», енді неден тайынамын!
Кек біткен сияр емес бұл кеудеме,
Біреуін Қасқырбайдан қайырамын!
Келтіріп көз алдына төңіректі,
Шалқыма жастық шағын шолып өтті.
Туған ұлы тәрізді тәрбие еткен —
Иван мен Мэрия ойын тебірентті.
— Бұл екі ата-анама қарызым көп,—
Егорды атамаушы еді жалғызым деп.
Екеуің Шалқымамен ағайынды
Тек қана Ольга жалғыз жан қызым, — деп.
Өсірді еркелетіп баласындай,
«Жетім» деп мен сорлыны аласыңдай.
Кеңпейіл орыс ана — Мария ана.
Анамсың өзім туған анашымдай!
Ұйтқытып қиялымның борандарын,
Түрмеден түнде қашып жоғалғаным,
Ата-анам, екеуіңнің өз көмегің...
Кешір, қысыл саңда соға алмадым.
Өрт шалған бала кұспын қанатымды,
Бүркеніп алам қара түнді.
Тәңірге қайта-кайта жалбарынам,
Тездет деп тендік майдан сағатымды.
Бақытқа бөлейтін өмір таңын,
Естіп ем төңкерісшіл ер хабарын.
Большевик, Ұлы Ленин, пролетар
Жоқтаушы құдірет дейді ел арманын.
Соларға қосылуды мұрат етіп,
Аттандым...
Сұрай-сұрай бір табармын!

V
Жүрісі Боз ойнақтың сонша қатты,
Міне ол Найзатасқа келіп қапты.
Қасқырбай қыстауының сыртындағы,
Тоғайдың ішіне кеп байлады атты.
Тағы да бір шолды да атырапты,
Жұлып ап қолына бір жапырақты,
Бұқпалап бұталардың арасымен
Таң ата Шалқымамыз қайда тартты?
Жүрегі қобалжыды, дүрсіл қақты,
Көк үйді көз отымен ұрып атты.
Көк үйден біреу тысқа шыға келді...
Шалқыма қи түбінде бұғып жатты.
Қараңдап барды да ол шоп ығына,
Жалп етті, сүрінді ме, жығылды ма?
Жарқ етіп жуан қарны жерге тиді,
Селт етпей орман-тоғай шуылына.
Болар ма бұлттай қалың қабағы да,
Ісіктей іркілдейді тамағы да.
Қайқылау иектегі қаба сақал,
Ұқсайды қырқылмаған жабағыға.
— Тап өзі!
Қасқырбайдың анық өзі! —
Деді де отқа толып «қашқын» көзі,
Атылып жолбарысша қи түбінен,
Бассалып алқымынан жат та езді.
Саусағы алқымына кетті кіріп,
Тізерлеп кеудесіне тепті жігіт.
Мұршасын келтірместен «өлдім» деуге,
Қанжармен жайратып сап... кетті жүріп.

ҚОСЫЛЫС
Сыдырып Ақбоз ойнақ тал қабығын,
Тұр екен сайлағандай жол жабдығын.
Шалқыма көк үй жақтан келіп жетті,
Томарға қанын сүртіп қанжарының.
Төңкеріп отты көзін тостағандай,
Ақбозат бас изеді қостағандай.
Шалқыма қарғып мініп, тізгін қақты...
Жел есті сырлас ескен дос-жарандай.
— Мен дағы кісі өлтірдім?
Кімді өлтірдім?
Жауы еді ол жас күнімнен жан еркімнің.
Әке - жан, қабырында жайлы ұйықта,
Дауасын таптым кекті бір дертімнің.
Табыссам арман еткен достарыма,
Әзірмін тағдырдың не қосқанына!.. —
Деді де Шалқымамыз тартып берді,
Мандайын тура беріп Қос қоңырға.
Болмаса ер жігіттің тәуекелі,
Не пайда жердің кеңі, ауа кеңі?
Мақшарда маңдайымнан сипап менің
Дер тәңір: Қаскырбайды өлтіргенің,
Сауаптың барып тұрған сауабы еді! —
Деген ой Шалқыманың өзіне-өзі,
Тік қойған сұрағы мен жауабы еді.
Ез болса ол ақыл-естен ауар еді,
Басына қайғы бұлты жауар еді.
Өлтіріп көрмесе де көжекті де,
Бұл жолы өзінше бір науан еді.
Мойнына тұңғыш рет жүктеп қанды,
Өр жігіт әкесінің кегін алды.
Жетсем деп Зубов айтқан ұлы қолға,
Ақбозды құйғытып бір кете барды.
* * *
Таң атты.
Қойшы оянып елден бұрын,
Сүрткілеп саусағымен көз былшығын,
Орнынан атып тұрды қайран сорлы,
Таяқ жеп, естімеске сөз қырсығын.
Дегендей тәтті-тәтті түс көрейін,
Жататын күнде ұйықтап түске дейін.
Бәйбіше үрейленіп, атып тұрып,
«Бай қайда!» — деп ақырды үшке дейін!
«Көргем жоқ!» — деді абыржып қойшы сорлы.
Бәйбіше таңғы ауаны киіп-жарып,
Түбіне шөп маяның барып қалып,
«Аһы!» — деп құлап кетті, қызыл қанға,
Боялып, өліп жатқан байын танып.
Шоршытып қолындағы бұран талды,
Шошынтып бүгін ерте тұрғандарды,
Қойшы шал шарылдап жүр.
«Бай өлді!» — деп, Басына
Қасқырбайдың жұрт жиналды.
Ағызып сауырынан терін аттың,
Ұлыққа хабарлауға кетті шапқын.
Жиналған қарақұстай қожа-молда, —
Әуелден жазуы осы,— деді,— хақтың.
Ауыр жүк алынғандай үстерінен,
Сүйсініп жарлы - жалшы іштерінен.
«Сен сұмға осы керек!» — деген ойын,
Сыздықтап шығарып тұр тістерінен.
Шығыстан шың басына күн асқанда,
Ақ құйқа айналаға нұр шашқанда.
Алдынан Шалқыманың бір топ тырна,
Қиқулап татыраудан шықты аспанға.
Боз ойнақ шапқан сайын баурын жазып,
Дөңгелеп қалып жатты небір жазық.
Таңырқап ат дүбірін жалт қарасты,
Күзетте қалған ескі жұрт құлазып.
«Кездеспей күннің ең бір ауырына,
Ақбоздың қамшы баспа сауырына...» —
Деп жігіт өте шықты,
Құрттыдағы
Соқпастан Мамыттың бір ауылына.
Қолында Шалқыманың қайың сойыл,
Барады ат үстінде жасап ойын;
Доп қылып жер тезекті қағып атып,
Жазбақшы қалжыраған тұла бойын.
Кең дала қойнын ашып ұланына,
Керілді өзені де, бұлағы да. 
Кешкіріп күн батарда Шалқымамыз,
Тоқтады Үш қамыстың құрағына.
Азырақ көтермек боп аттың белін,
Төске сап бұлт көрпесін, дала желін,
Көп заман шалқасынан жатты жігіт,
Дыбыссыз күзеткендей аспан шебін.
Күнімен еш қараға келген соқпай,
Қалды екен осы араға несін тоқтай?
Дуаннан солдат қаптап қуып келеді...
Қадалар көкірегіне кесір оқтай.
Шалқыма қашқанымен түспей елге,
Жоқ па еді оны түзде көргендер де;
Көз тігіп, күдіктеніп қалмап па еді,
Мал жайып жоталарда жүрген пенде.

VI
Күлімдеп жұлдыз туды... жұлдыз ақты...
Шаршаған бойын жазып күн ұзақты;
Шалқыма шалқасынан жатқан күйі,
Аспанның аясына айды ұзатты.
Жас дәурен,
жалын Гүлсім, түрме, Зубов,
Елестеп көз алдына сан қым-қуыт;
Түнімен дөңбекшітіп сыр жүрегін.
«Қашқын жан» қалғып кетті таңға жуық.
Кім білсін, түс керді ме, көрмеді ме,
Кім білсін, ұйықтап жатып шөлдеді ме?
Кім білсін, әлденеден шошынды ма,
Оянды, аунап түсіп көлбеді де.
Төрт жылдай көңілінде болған арман —
Күміс шық күрең шөптің басын шалған;
Көрінді Гүлсімнің кез жасындай,
Ұшында кірпігінің тұрып қалған.
Мезгіл тар үңілуге жар сырына,
«Қой!» — деді ол өзінің де жан сырына,
Көтеріп жастық еткен ер тоқымын,
Беліне қыстырды тез қамшыны да.
Ақбоздың қайта тартып айылдарын,
Тарақтап саусағымен алтын жалын;
Қуғыншы жоқ па екен деп келе жатқан,
Шоқыға тартты «шу» деп, жануарым!
Даланың ұқсап жалғыз киігіне
Шоқының шауып шығып биігіне,
«Қашқын» жас қақшиып бір тұрып қалды,
Қабағы жауар бұлттай түйілді де.
Биікке жүйіткіп шыққан еді жел де,
Бірақ ол шулап жортып кетті елге,
Көзінің жанарынан Шалқыманың
Байқар ең кездесерін дүрбелеңге.
Дуаннан шыққан өңшең сотқар бүлік,
Қуғыншы келе жатыр қаптап, ұлып.
Жеткізбей Ерейменге Шалқыманы,
Жоқ қылмақ қуып жетіп, таптап ұрып.
«Қашқын жан» мұны көріп тізгін қақты,
Күн туды шын жүйткітер Боз ойнақты!
Қаһарлы бұрқыраған оқ шандағы,
Қай жаққа тартар бетін аз ойлатты.
Сасса да, қысылса да осы арада,
Жалтармай қамысқа да, тас қораға;
Алысқа атылар от нажағай боп,
Тартты ол Ерейменге, Ақмолаға.
Түссе де қуғыншы оғы алдын кесіп,
Ақбозат жүйтки берді желдей есіп.
Қатерге қасарысқан қашқын жүрек,
Көрмеді қорқынышпен бір тілдесіп.
Жіберген тосқауылы жаудың түнде,
Тұр екен алдан күтіп тау түбінде.
Лап беріп, жанай шауып солар қуды,
Ақбоз ат шалдырсын ба сау күнінде.
Шалқыма бұларды ойлап үлгермеді,
Құлағы шың етті де күңгірледі.
Сұрланып судың беті шайқатылып,
«Сүңгі!» — деп өзен ерні күбірледі.
Қабылдар қарсыласпай кім ажалды,
Қайтсе де сақтау үшін октан жанды,
Зып беріп суға жоқ боп сүңгіп еді,
Қайран ер көрінбестен кете барды...

VII
Сұрша бұлт түсі суық жылжып көкте,
Суық жел сумаңдайды төңірекке.
Төнеді су бетіне қара жартас.
Тұрғандай қарауылда тік жиекте.
Тірі екен суға кеткен қашқын жігіт,
Жағаға айдап шықты толқын ұрып.
Құрғақта біраз жатып ес жиды да ол,
Жөнелді бір жығылып, бір сүрініп.
Құтылып дүлей өзен, оқ жаңбырдан,
Батысқа беттегенде жас балдырған,
Ұшырып ат тұяғы жердің шаңын,
Қалың қол келе жатыр қарсы алдынан.
— Япыр-ау, бұлар кімдер, дұшпаным ба?
Тағы да тағдыр дерті ұстады ма?
Тағы да қамаламын ба темір торға,
Жете алмай жүректегі құштарыма?
Не жаздым арттан қуып, алдан орап,
Сұм ажал тынар болсаң тыншы тонап! —
Деп тулап кекті жаны Шалқыманың,
Көзінен отты ұшқын кетті борап.
Жарқылдап жас жалындай алаудағы,
Желбіреп қолда қызыл жалаулары,
Қалың қол қаптап келіп тоқтай қалды...
Кей аттың жел үйіріп танаулары.
Командир қою мұртты, биік маңдай,
Шалдыққан Шалқымаға туыс жандай
Шат жүзбен амандасты, қолын беріп,
Алыстан аңсап жеткен туысқандай.
— Жүзінде көрініп тұр азап белгі,
Жігітім, мән - жайыңды айтқың енді! —
Деп тұрған жылы жүзді командирге,
Шалқыма өмір жайын айтып берді.
— Алысып майданында кек пен ардың,
Қуғынға ұшырадым, жаяу қалдым...
Аңсаған азаттықты жас жүрекке,
Мыңменен айқасам деп қаяу салдым.
Қайтейін, дүние сенің кеңдігіңді,
Жауымнан әпермедің тендігімді? —
Деп налып, шыққан бетім үміт қуып,
Адасқан бала құстай желді күнгі.
Кімсіздер өздеріңіз жылы жүзді! —
Деді де Шалқымамыз сөзін үзді.
— Біздер ме? Солдатымыз Октябрьдің,
Өзім деп, бауырым деп, түсін бізді.
— Тілейін жеңісті ет деп жолыңызды,
Ағажан, берші тағы қолыңызды!
Ағажан, маған да бір винтовка бер,
Етпеспін босқа шығын оғыңызды!
Жетті де осы араға бір топ тағы,
Шалқыма тұрған жерге кілт тоқтады.
Беріліп жатыр еді Шалқымаға
Мінер ат, киер киім, кек оқтары.
Ойнатып күреңінің жалын желмен,
Жаңағы әскерлерді бастап келген
Маузерлі жас командир Егор екен,
«Шалқыма, қайдан жүрсің, бауырым!» — деп,
Досына жайды кұшақ көрген жерден.
Шалқыма сенбегендей өз көзіне,
Дей берді Егорға ол: шын өзің бе?
Қос жүрек бала күннен егіз өскен,
Тоғысты жас толқындай көк теңізде.
Көп сөзге уақыт жоқ бұл арада.
Қызыл ту канат жайып кең далаға,
Жөнелді шеру тартып азатшы көл,
Сол топпен тартты бірге Шалқыма да.

1938 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу