Өлеңдер ✍️

  10.08.2021
  121


Автор: Дихан-Баба Әбілев

Кеңшілік қаза болғанда

Атындай жаның да кең
Кеңшілігім,
Ағалап бұрынғындай
Келші, інім!
Қимасым, қайда кеттің?
Берші бір үн:
Матаған үзіп тастап жер сіңірін.
Өршілім,
Дарқан мінез, өжет тіптен,
Жоқ ем ғой
Үнсіздікті сенен күткен.
Сәттілеп
Сапарына әр жырыңның,
Жайраңдай берсем
Деуші ем ақ үмітпен.
Өлендерін,
Оқыған дауыстарын,
Күтіппін бе
Кілт үзіп тауыспағын.
Құйындатып,
Құйылтып
Сілтеуші еді-ау,
Бүгінгі мен
Ертеңнің қауышпағын.
Талабы
Тұстасынан асқақ еді,
Табаны
Таптау-шалшық баспас еді.
Биікті
Арман етіп алысқа ұшар,
Қыран жыр
Көтеріле бастап еді.
Кіндіктес
Бауырымдай, қандасымдай
Кең ішім,
Ылажым не нанбасыма?
Өзің жоқ,
От ойнатқан сөздеріңді,
Балаймын
Тірлігіңнің жалғасына!
Адалым,
Аңқылдағым, арсалаңым,
Кеңшілік!
Кеңшілік! — деп жар саламын.
Ақ жырың
Аңқылдаған жүйткуіңді
Сенемін
Келешектің қарсы аларын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу