Өлеңдер ✍️

  10.08.2021
  185


Автор: Дихан-Баба Әбілев

Уақыттың естісіне мың алғыс!

Жүсіпбек Аймауытовтың рухына

Атынды атай алмай
«Айбек»—дедік,
Нақақтан есіміңе
Айбат шегіп.
Жыл еді ол
Мылқау еткен көбімізді-ақ,
Тоналып қызыл тілден
Қайратты ерік.
Нажағай осып айдап
Бұлт түйдегін,
Тандырып есін
Сап-сау дүниенің, —
Қуысын қиратқанда
Әулиенің,
Көргеміз
Кемсеңдеген тау иегін.
Сайраудан қалып
Әнші бұлбұл біткен, —
Сағат сайын
Саяси «бұғау» күткен.
Қыранға
«Қыңыр ұштың»—деп жала сап
Ұланның жүрегіне
Қылыш сүрткен.
Жылдар-ай...
Күннің көзі қара түнек,
Жазықсыз жандар—тұтқын,
Жала—түлеп,
Гүл семіп,
Орман қирап,
Өзен солып,
Жылдар-ай...
Беріш болған бала
жүрек.
Сонда біз
Бүгінгідей сайрап па едік?
Атынды атай алмай
«Айбек!»—дедік.
Жыл еді ол
Мылқау еткен көбімізді-ақ,
Тоналып қызыл тілден
Қайратты ерік.
Уақыт ар-ұяты
Ірі екен ғой,
Әділет жұтылса да
Тірі екен ғой.
Өтсе де жарты ғасыр...
Уақыт құдірет
Жүректің жарылқағыш
Пірі екен ғой.
Қартқожаң, Ақбілегің,
Ән — Әмірең,
Азатшы, әділетші
Арлы әмірмен
Кірді кеп
Күннің қызыл қақпасынан
Жарлық ап
Жана уақыт, — жас тәңірден.

Эпилог
Өшкен отың
Жарты ғасыр ауғалы,
Қайта жанды.
Лаулады отың, заулады!
Төрлеңіз де тыңдаңызшы:
«Нұр күйің»
Саусақтардан
Сағынышпен саулады!
Уақыттың ессізіне — мың қарғыс,
Уақыттың естісіне — мың алғыс!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу