Өлеңдер ✍️

  10.08.2021
  234


Автор: Дихан-Баба Әбілев

Толғану-монолог

(Майданда қаза болған қаһармандар туралы)

Жігіттер-ай!
Қайран батыр достар-ай!
Менімен қан майданда
Бірге болған айларда,
Қайрауы қанық
Ақ алмастың жүзіндей жарқылдаған!
Ел басына
Ер басына күн туғанда,
Майданға
Аттанып ек даладан
Күн сәулесі алтындаған.
Жігіттер-ай! Қаһармандық
Қайратында жайнаған...
Ел намысын,
Ер намысын,
Кек отымен қайраған.
Сендермен бірге
Шайқасқа енген жолымда,
Автоматым қолымда,
Өлімге бас байлағам.
Жігіттер-ай!
Қырандар-ай тас түлек!
Сендердің қазір көбің жоқ.
Болдыңдар опат, Қанды құйын,
Жойқын қырғын соғыста.
«Ар қымбат жаннан»
Баба дәстүр — батырлық
Аламан жау Ажал боп тиіп
Шапқанда ата қонысқа.
Жігіттер-ай!
Қырандар-ай тас түлек!
Сендердің, бүгін көбің жоқ.
Тірісіңдер сондада, —
Өмірге мәңгі жолдама—
Ерлігіңе өлім жоқ!
Сендерсің мынау, —
Ғасырларға төрлейтін,
Күн сөнгенше сөнбейтін.
Жанып тұрған
Мәңгі өшпейтін қызыл от!
Жігіттер-ай!
Қырандар-ай жау жүрек!
Ұмытам қалай сендерді
Елдік үшін жаралған.
Қимылдарыңда, өлімдеріңде
Қаһарман еді-ау, қаһарман!
Өмір үшін,
Отан үшін қаза болған сарбаздар,
Жүрегімде
Соғыстан қалған жарам бар —
Сендердің ауыр қазаң бар...
Елу жыл түгіл,
Елу мың жыл болса да,
Жердің үсті шаң-тозаңсыз
Алтын нұрға толса да,
Ауылым менің,
Аймағым менің,
Күн, сәуле боп
Ай бетіне қонса да
Құдіретті бейнеңді сенің, достарым,
Ұмытпас тарих,
Ұмытпас халық,
Ұрпаққа ұрпақ
Эстафета етіп тапсырар!
Сендерді сонда есіне алып
Жер күрсініп, тау сілкініп, тас сынар,
Ақ бұлттар тоқтап,
Ақ төсінен жас сығар.
Ой-хой,дүние!
Қалай ұмыт болар енді,
Сол күндер, ей, туысқан!
Жауды өлтіріп,
Өзің аман шыққанда бір ұрыстан,
Айналаңда
Жаудың танк, ұшағы
Ұлып жатса, күл боп жатса күйреген.
Бақыт деген күлімдейді,
Біздің солдат көздерде
Оқ түтіні арасынан сиреген.
— Тұрындар!
Сапқа!
— Шабуылға! —
Болды бұйрық,
Болды асығыс команда.
Шабуылдап бердік
Мейлі түн, мейлі таң алды,
Қарсы шауып ажалға.
Қайран достым,
Қаза таптың, не сол жолы, не кейін,
Ерлік туы жығылмады сонда да —
Сенің ерлік қазаңда!
Жігіттер-ау!
Қырандар-ай тас түлек!
Көкірегінде кетті-ау сонда
Ой-хой, дүние, қанша арман...
Жасалмаған неке тойың,
Ән мен күйің,
Сол тойыңа арнаған.
Ата-анаңа, ел-жұртыңа
Майдан сырың үлгеріп айтылмаған.
Жау бомбасы қыршығанда жер төсін
Жерде теңіз, аспанда ай тулаған.
Қан боялған жаралы жан денеңде,
Қуат қалмай ақтық демің сөнерде
Күн сәулесін көтере алмай
Әлсіреген кірпігің,
«Аһ» — дедің сен,
Қан жапты сонда
Көңіліңнің сүттей аппақ кіршігін.
Сөйтіп... ақты кәл сіреген кезінде
Көк аспаннан алмай жатқан көзінде
«Өмір!»—деген
Құштарлық жатты жазулы...
Бітті демің, болдың қаза —
Қанды жауға шықырлатып азуды.
Қайран батыр
Жігіттер-ай, достар-ай!
Қырғынында соғыстың
Кеттіңдер-ау өмірден.
Ерте қоштастыңдар
Алтын күн, айлы аспанмен,
Аққулы айдын көлменен,
Орман-тоғай, дөңменен,
Көк таулардың шынымен,
Кең даланың Жасыл байтақ
Жазығымен, қырымен.
Өз жерінде жаныштап фашистерді
Тас түлек батырлары біздің елдің,
Берлинде,
Рейхстагта жеңіс туын тіккенін, —
Қанды қол тізе бүккенін, -
Көре алмай кеттіңдер.
Бірақ жауды жеткізбей дегеніне
Ақ іс, қаһарман күш
Фашистерді жеңеріне
Тәңірдей сеніп өттіңдер!
«Берлинді алған үшін» медалым да,
Тұрады соңғы шайқас көз алдымда.
Көз алдыма келеді, көз алдыма,
Тіккенім жеңіс туын таң алдында.
Бұл медальға теңерім боп па менің!
Медалі ол жауды ақтық жеңгендердің.
Күн болып жарқырайды кеудемізде,
Арманы қанды айқаста өлгендердің.
Ерлер-ай, қаза болған достарым-ай!
Сенбейді өлгеніңе қайран анаң,
Қимайды сені өлімге туған далаң.
Сенбейді өлгеніңе сүйген жарың...
Жүрсіндер жүректерде есен-аман!
Сенбейді ел сенің қаза болғаныңа,
«Жүр, — дейді, — шепте,Отан қорғанында».
Үзбейді сенен күдер анаң сорлы,
Ісі жоқ «елу жылға» толғанына.
Жүрегім тоқтағанша бұл кеудемде,
Сендерді тірі ұмыту болмас менде.
Сендердің ерлігіңе бағыштаймын,
Ой толғап, отты жылдан жыр өргенде.
Лағынет, қан соғысқа ерді жұтқан.
Лағынет! Адам емес оны ұмытқан!
Кімде-кім енді соғыс тілер болса,
Лағынет! Қары сынсын қару тұтқан!

1997 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу