Өлеңдер ✍️

  10.08.2021
  210


Автор: Дихан-Баба Әбілев

Мен жүрекпін тірлік үшін соғатын

Мен — еліммін,
Мен — қазақпын, ақ жанмын,
Анашымның ақ сүтіне адалмын.
Жарық дүние, жаннатыңа іңгәлап,
Бақытты өмір —тірлік үшін жаралдым.
Мен — қазақпын, алуан ой-толқынды,
Менсінбейтін ұсақ-түйек ол-пұлды.
Мен —қазақпын — ар-әділет арманы,
Жек көремін өмірге олпы-солпыны.
Мен — жүрекпін, өмір үшін соғатын,
Мен — өмірмін күнде көктеп толатын.
Өтірік-өсек, алдау-арбау — қас жауым,
Жауыз емен жат егінін оратын.
Мен — еліммін, қазақпын, өлең-жырмын,
Шежіремін,
Шектеусіз өнер-сырмын.
Мен — дегенің кейде бір періштемін,
Мен — дегенің кейде бір қайғы-мұңмын.
Мен — еліммін, қазақпын адал туған,
Ақ жолда адамшылық жолын қуған.
Ақ жаным ар-ұжданым садағасы,
Ақ жолда өлуге де белді буғам.
Мен — еліммін, қазақпын, жер құтымын,
Ананың жүрегінің ақ сүтімін.
Атаның адал күші, ақ тілеуі,
Осы екі құдірет—бар бітімім!
Мен — еліммін, қазақпын, мен — өмірмін,
Өскем жоқ бықсығында күл-көмірдің.
Кең дала, таза ауа, көк таулардың
Жұпары — кең тынысты пәктілігім.
Мен — жүрекпін
Тірлік үшін соғатын,
Тоқталмастан соқса тірлік сағатым;
Мен — өнермін өмір деген тетіктің
Не бір жұмбақ сыр кілттерін табатын.
Мен — қазақпын, ежелден іргелі елмін,
Қазақпын, бұ жалғанда кімнен кеммін?
Ақыл, ой, сабыр-сана, жалын жүрек,
Барымды сатан бердім, саған сендім!
Мен — еліммін, Ертіспін, Баян таумын.
Мен — еліммін, жер-көктен нұрлар саудым.
Жер астының әлемін жазса тәңір,
Жаннаттың жайлауында болады ауылым.
Мен — еліммін, қазақпын, жауынгермін,
Тағдырым — тағдыры өзім туған елдің.
Қайғысы, қасіреті — өз қасіретім,
Жеңілсем қасіретті қайта жеңдім.
Мен — еліммін, қазақпын, дәуір үнмін,
Мен — елмін, сауық-сайран ауылымын.
Әммата мархабатшыл мейірбанды,
Көктемгі күннің күміс жауынымын.
Қазақпын, — бар адамзат бауырымын,
Қазақпын — тірлік-бірлік қауымымын.
Еліме екіленсе сырттан біреу,
Жер-көктің найзағайлы дауылымын.
Мен — елмін, ұлдары бар ер жүректі,
Мен — елмін, қыздары бар күн келбетті.
Саналы, салтанатты, сән-сәулетті,
Ырысты, несібелі ата-текті.
Мен — қазақпын, адамға бақыт жинар, —
Баршылық қазағымда зиялылар,
Елі үшін, отаны үшін ғылымгерлер,
Ойының орамына әлем сияр.
Қақым бар, қазақпын деп мақтанарлық,
Ұранға «Қазақ!» — деген атты аларлық.
Жастар бар қаны, жаны жалындаған,
Бабалар ұлағатын жатқа аларлық.
Мен — еліммін, қазақпын сонау түптен,
Кешірген сан ғасырды ауыр жүкпен.
«Сабыр түбі сары алтын» екені рас,
— Кім білсін, не тұрғанын алда күткен?
Ғасырлар қиянатты керген қазақ,
Ғасырлар басқыншыдан тартып азап,
Жендеттерге жегілген көлік тіктен,
Ұлдарымнан айналдым, еткен азат!
Мен — елмін аласы да, бересі де;
Теңізбін өмірдің көп кемесіне.
Мен — елмін, мен қазақпын кең пейілді,
Адалмын аласыға, бересіге.
Қазақпын... Ордасымын ән мен күйдің
Шырқалса ән от басында әрбір үйдің;
Жанымның бұлбұлдары үн қосады,
Көмейден тасып, толқып өлең тұйғын.
Мен — елмін, мен қазақпын қарапайым,
Адал жан қиянатсыз бәрі ағайын.
Мен — елмін, мен қазақпын сенгіш, нанғыш,
Жалғанның ортақ тұтып кен сарайын.
Мен — елмін, кіндігімін Азияның;
Кен қоныс, көкорайлы жазирамын.
Жерімнің асты алтын, күміс пен мыс,
Күн сөнгенше сарқылмас қазынамын.
«Түйме алтын болсадағы түкірігің,
Өмірге болмауы жөн күпірлігің», —
Деп еткен бабам қазақ ұлағатты,
Сол менің тәуап етер шүкірлігім.
Сол елмін, сол қазақпын инабатты,
Дұшпанымын зорлықтың, қиянаттың.
Ақылында күн баба қасиеті...
Күндемеймін бақытын ешбір жаттың.
Ердің құнын екі ауыз сезбен шешкен, Қазақпын
Әділ шешіп, әділ өскен.
Ата ақылы балаға алтын арқау,
Мирас боп мың-мың жылдар тарих кешкен.
Бақ та, сор да адамға қызыл тілден,
Қазақпын — тіл қадырын жақсы білген.
Шексіз шешен, шежіре, ақын, жырау,
Жаныңды жаннат жасар нанымды үнмен.
Қазақпын! Сабыр түбі сары алтын,
Қашаннан келе жатқан ата салтым.
Сабырға да шек керек екені аян,
Бағалай білу үшін «сабыр» паркын.
Мен — еліммін, қазақпын сонау түптен,
Бүгінге жеттік рас... ауыр жүкпен.
Азат елміз, тәуелсіз егеменді,
Арылып бағыныштан белді бүккен.
Қазақпын! Ежелден-ақ мен ұлтжанды,
Кірлетпен ұлттық алтын босағамды.
Жүрегімнің төрінен орын берем,
Кұрметтеп ақ ниетті дос-жаранды.
Қазақем: сайрандаған аста тұлпар,
Қазақ ем — аста тұлпар, қолда сұңқар.
Сондағы қазақы өмір ғажаптары,
Хақым жоқ көз жұмғанша сені ұмытар.
Рас, мен бұл күндерде канатты елмін,
Мақтанам, ғарышқа дабарып келдім.
Аспанда «Қаныш-жұлдыз» қазағым бар,
Келеді Ай бетінен қаріп тергім.
Қазақпын! — Мемлекетпін иеменді,
Қазақпын — кемітер кім киелі елді?!
Өлім боп өрт қаулатқан өгей жылды,
Ақыры — тірлік сүйген өмір жеңді.
Ерекше емен. Бірімін қалың көптің,
Қазақпын жасап келген көп жыл, көп күн.
Келтірсем көз алдыма кей жылдарды,
Бірде түлеп, бірде өртке түнемекпін.
«Қазақпын. Қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға қазақ деген атты аламын.
Басқа жұрт өнер-білім боп жатқанда,
Мен қалай осыншадан жат қаламын?!» —
Деп өткен Сұлтанмахмұт армандарын,
Жадыма жас күнімнен жаттатамын.
Сол елмін, сол қазақпын — армандылау,
Болжамшыл, болашақшыл Бұқар жырау
Қырғыннан қатып қалған сол халқының
Тарихи ұрпақтары бізбіз - мынау.
Сол елмін! Сол қазақпын... Абылаймын.
Астында ақ туының Абылайдың
Канды қол қалмақтардың жынын қатып,
Кіртіксіз іргелі ел боп канат жайдым.
Қазақпын! Қаз дауысты Казыбекпін,
Әйтеке, Төле бимін, — Әділетпін,
Үш жүзді пәтуалы біріктірген
Осы үшеу кереметі кереметтің!
Қара түнде найзағай жарқылындай,
Ақыл-ойдың тот баспас алтынындай,
Өлең-сөздің патшасы Абайым бар,
Шумақтары құранның тартымындай.
Қазақпын. Сәкенім бар, қыран сұңқар,
Алқынуды білмейтін «Асау тұлпар»,
Мұхтар бар, «Абай жолы» әлемге аян,
Мағжан бар, ақ найза «Батыр Баян»
Жүсіпбек «Ақбілегін» кім ұмытар?!
Қазақпын! Жамбылы бар жырау даңғыл,
Аруағына бас ию әбден заң тұр!
Жер-жаһанға қазақтың атын жайған,
Ғасырым да ерекше Жамбыл тағдыр.
Бауыржанмын, Мәншүкпін майдан кешкен,
«Жиырма сегіз» батырмын тағдыр шешкен
Абдолла мен Төлеген, Әлияның
Ерліктері өмірі кетпес естен.
Қазақпын! Аярым жоқ адал достан,
Аққуға аспандағы әнін қосқан Біржан,
Ақан, Жарылғап, Жаяу Мұса, —
Деп өткендер ән салсаң маған ұқса!
Кенесары, Наурызбай, Ағыбайлар
Болғандар ерге қуат, жауға айбар.
Ел үшін жанын қиған, арын қимай,
Айналдым аруағыңнан, ағатайлар!
«Оян, қазақ! Оян»! — деп ұрандаған
Міржақып — қыран ақын, қыран адам.
Байтұрсынов Ахмет — дана ғалым,
Қазақ тілі тылымын ұрандаған.
Туған тілім —
Күрмеліп зар жылаған.
Жәбірленіп Әбден-ақ қалжыраған.
Кезінде
Айы туып оң жағынан,
Мемлекеттік тіл болып заң құраған.
Ес жиып, етек жапқан кезімде бұл,
Жарқ етіп жарқын ашқан көзімде — нұр,
Адалын әділ айтып, ақ жарылған
Жалтақсыз жазиралы сөзім де нұр, —
Азаттықпын бұғаулы-матаулыға.
Найзағаймын зұлымдық матауына,
Мен қазақпын. Тәуелсіз еркін елмін,
«Ел ұранмын» ар-ұждан атаулыға!
Ежелден еліміздің бақыт-бағы —
Қазағымның ақ маңғаз аналары,
Ақылына нұр жүзіп, ай түнеген,
Сабырлы, салиқалы даналары.
Ақ маңдай, қарақат көз, алма мойын,
Аударар көрген жанның ақыл-ойын.
Тәрізді хордың қызы бикештердің
Періштелер таласып жасар тойын.
Елімнің есті сұлу өрендері,
Ғажап қой мінез бен өнерлері.
Әзіліне тәнті етіп әп-әдемі
Жан-күйіңді тербейді ән-өлеңдері.
Мұны айтқанда
Деп қалдым: «Майра! Майра!»
Майрадай ән шырқайтын әнші қайда?
Аққу дауыс, әрі ақын, композитор,
Тірілсін, қайран Майра, шырқа! Сайра!
Кешегі Күләш, бүгінгі Гүлбаршынның
Әнімен тербеледі жан тылсымың.
Жүрегіңмен тыңдайсың, жан сүйсініп,
Ғайып боп, «күнделіктің» әр қырсығы.
Қазағымда қазақтық намыс барда,
Туар талай жүйріктер жарысқанда.
Бұныменен шектелмей қазақ өмірі,
Тартады керуен шеру алыстарға!
Мен — елмін, мен — қазақпын кең далада,
Бағыдан жасап келген сан заманда.
Қаным, жаным, бақытым — бәрі қазақ,
Қолдай гөр аруағы Ата-баба.
Тапшылық,
Нарық,
Ұрлық
Ыланы өтер,
Молшылық,
Адамшылық кезең жетер.
Көгершін, бозторғайлар дәнге жарып,
Ботақан сүтке тойып, өлеңдетер!
Мен — жүрекпін өмір үшін соғатын,
Мен — қазақпын күнде көктеп толатын.
Жаса, қазақ, жасыл туың астында...
Миллион жылдар соға түссін сағатың!

Қаңтар, 1997




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу