10.08.2021
  158


Автор: Сүлеймен Баязитов

Өрт

(Әңгіме)


Бұлардың жазғы демалысқа шыққандарына біршама уақыт өтті. Жаз бойы шаруашылықтың біріне-бірі жалғасып жататын науқандық жұмыстарының бірі қой қырқу да аяқталды. Аман қой жықты, бұл қой қырықты. Енді бірер күннен соң, шөп шабу басталмақ. Бұлар соны күтіп жүр.


– Биыл қар кеткеннен кейін тамшы тамбай қойды емес пе?  шөптің шығымы нашар көрінеді, – деді  Аман, – әйтпегенде ендігі... Оның сөзін қастарына келіп тоқтай қалған жүк машинасынан әлдекімнің: «Кәне, мініңдер машинаға! Өрт жанып жатса, бұлар көшеде сандалып жүр», – деген үні бөлген. Бұлар қорапқа мінген сәтте-ақ машина жүйтки жөнелді. Көп ұзамай  өрт жанып жатқан жерге де келіп жетті. Тұтаса жанған өрт бірталай адырларды, жазық алқапты, шоқ-шоқ болып өскен терек-талдарды отты тілімен жалап, жалмап жіберген  екен. Енді Қопалыға  қарай ырғып, ыршып беттеп барады. Ал Қопалы бір кезде «Көпшілік» атанған колхоздың қазірде бұлар тұратын бөлімшенің шабындық алқабы.Ол өртенсе... Қырдың селеуі мен қылтанағын қырудан басқа амал жоғын бұлар бала болса да жақсы біледі.


– Ал, кәне, түсіп, ана өртті сөндіріңдер! Бұлар өздеріне әмір беріп тұрған адамға аңтарыла қараған.


– Немен өшіреміз? –  деп сұрады.


– Ө-өй, сендер де ... Немен өшіргендерің қалай? Үстеріңдегі кәстөмдеріңді шешіп, сонымен сөндіріңдер. 


– Аға, олардың кәстөмдері не болады, одан да мен маңайдағы ауылдардан не киіз,  не сыпырғыш...


– Сенікі жөн, сөйтейік, ал сендер шамаларың жеткенше, өшіре беріңдер... – деп кабинаға беттеді.


– Аға, сіз қалсаңызшы. Бұл жүргізушіге алара қарап:


 – Өкіл мен бе, сен бе? – деп ақырып жіберген.


– Мынауың кім? –  деп сұраған Жолдыбай Аманнан. – Таза ақырып тұр ғой өзі.


– Е-е, оны қайдан білейін, жүр онан да өртті сөндіре берейік. Бұл тұста өрт қалың қарағанды өзекке келіп тірелген. Екеуі өкіл айтқандай костюмдерін шешіп, өртті сөндіруге кірісті. Шамадан тыс ащы түтін мен ыстық леп бет қарып, шыдатар емес. Көздері жасаурап, қақалып-шашалып, бұл аз болғандай аздан соң тыныстары тарылып, бастары айнала бастаған. Лаулаған өрт пен күннің ыстығы қосылып, пор-пор боп терлеп, естері шыққандары соншалық–  бір-бірлерінен алшақтап кеткендерін де байқай алмай қалды.


– Жолдыбай, Жолдыбай, – деген Аман қыстыға айғайлап. Жайшылықта дыбыс шықса, жаңғыра жөнелетін тау ішінде гүрілдей жанған өрттің үнінен мұның нәзік даусы маңайынан аспағандай көрінді.Ал  бұл сәтте қараған аралас тобылғының арасындағы өртті сөндірмек болған Жолдыбай өрт қоршауында қалып бара жатқанын кеш аңғарған. Өрт сөндіріп жүрген костюмнің түте-түте болып, түгіде қалмай бара жатты. Өрт қоршауынан қалай шығарын білмей, біресе олай, біресе былай жүгіріп, әбден титықтаған. Айғайлай, айғалай даусы қарлығып, көзіне ыстық жас тығылған. Ал бұл сәтте Аман өрт ішінен шығып, айнала төңірегіне барлай көз салды. Кенет оның көзіне ағаштардың түбірі арасында әлдеқалай тастай салынған бұтақтар шалынған. Солай қарай жанұшыра жүгірген ол мана Жолдыбай екеуі қатар тұрып, өрт сөндіре бастаған жерді бірден таныды. Жапырақтары әлі қурап үлгермеген  екі ірі бұтақты қолына алған Жолдыбай осы жақта болар деген оймен құстай ұшып келе жатып, оның көмекке шақырған даусын естіді. Қолындағы қос бұтақпен жанған отты сабалап өшіріп, ақыры Жолдыбайға да жетті. Әбден құр сүлдері қалып, құлауға шақ тұрған Жолдыбайды өрт ішінен алып шығып, қауіпсіз жерге жеткізді. Жолдыбайды жатқызып, өзі де дем алған. Күн ұясына жақындаған тұста Аман:


– Жолдыбай, аздап дем алып алған боларсың, енді қозғалайық,– деді.


– Қайда барамыз? Жата берейік те.


– Жоқ, жата беруге болмайды. Жел бағыты өзгерсе, өрт осылай қарай бет бұруы мүмкін. Кішкентайынан жеңілдің үсті, ауырдың астымен дегендей үй шаруасына араласпай, ақ саусақ болып, ештеңеге қыры жоқ, жалқаулау, марғаулау болып өскен Жолдыбай әлжуаз, ең бастысы, қорқақтау еді. Өрт осылай қарай беттеуі мүмкін дегенді естігенде, орнынан ата тұрып:


–  Кеттік, қане, кеттік, – деп екі аяқты бір етікке тығып, мазасын алып жіберген еді.


– Тоқта, барар бағытымызды анықтайық, ұмытпасам анау шоқының арғы бетінде бір ферма болуға тиіс еді. Жүр не де болса солай қарай барайық. Мұның соңынан сүйретіле еріп келе жатқан Жолдыбай:


– Алаңғасар, әңгүдік неме, саған ерем деп жолда қалмасам жарады, – деп күңкілдеп келеді. Сол сәт Аманның: «Ойбай, Жолдыбай, ананы қара! Тура бізге қарай  беттеп келеді»,- демесі бар ма. Өрттен үрейі ұшып, жүрегі қозғалуға шақ қалған Жолдыбай сол сәт қалтырап, дірілдеп:


– Құрыдым, Аман, құтқара гөр, өрті құрғыр, енді алдымыздан шықты ма?! –  деп, аңырап жылап жіберді.


– Жоқ, өрт емес, Шәмен апам, Мұқаңның бәйбішесі, сол кісі келе жатыр. Көз жасыңды тый, ұят болады, – деді қыстыға сыбырлап.


– Шәмен дейді? Ол бұл жақта қайдан жүр?


– Тек, ақырын, естіп қалар. Бұл кісі осы маңайда тұрады.


– Солай де.


 – Мұқаң ағамыз қайтыс болған. Естіп пе ең? Көңіл айт.


Осы сәт бұларға жақындап келген  Шәмен апа:


 – Ойбай-ау, қолдарыңды, беттеріңді от шалған ба? Құлындарым-ай, қып-қызыл оттың ішінен аман шықтыңдар ма? Құдай сақтаған әйтеуір, – деп дауыс салып, еңіреп қоя берді. Біраздан соң көлдей орамалымен көз жасын сүртіп, бұларға деп үйінен ала шыққан мұздай айранын құйып берді.


–  Сендер іше беріңдер, бұрынғының жолы ғой, өрттің алдынан ақ төгейін, –  деп өрт жанып жатқан жаққа беттеді. Бұлардың: «Апа, әуре болмаңыз», –  дегеніне қарамай, Шәмен апа қазан көтерді.Аман зыр жүгіріп оған даладан отын-су әкелуге көмектесіп жүр. Ал Жолдыбай, өзінше айтқанда, сілесі қатып, шаршап жатыр еді.Тек дастархан жазылып, шай жасалғанда басын көтерген ол төрге өрледі:


– Сіз біздің өрт сөндіруге келгенімізді қайдан білдіңіз?


– Е-е, білгенде, әлгі бөлімше меңгерушісін таситын... Аты кім еді? Соның...


– Айта беріңіз, – деді Жолдыбай оның аузына кіріп кетердей ынтығып.


– Содан естідім. Астапыралла, ұмытып барады екенмін.Таңертең өрт сөндіруге кісі әкеліп тастап, ауылға қайтып бара жатқанда, осында соққан. Қасындағы өкілі үйге кірер-кірместен: «Бәйбіше!» –  деді әңгірлей сөйлеп, – бүгін осы үйде түстенемін, мен қазы-қартаны жақсы көремін.Сол есіңізде болсын,– деген. – Ал, біз кеттік. Бөлімше орталығынан тағы да кісі әкелеміз, – деп, машинаға отыра беріп, –  менің заказымды ұмытпаңыз,– деген. Содан айтқаныңдай –ақ түс болар-болмаста салып жетіп келді.Үйге ентелей ене берген әлгінің соңынан ере түскен жүргізуші:


– Аға, сіз жайғасып отыра беріңіз. Мен балаларға өрт сөндіретін құрал-сайман, су апарып келейін.


– Жоқ, –  деді ол, – сен менімен бірге боласың. Кір  кәне үйге, қазір тамақ ішіп болған соң, ауданға барып, өрт сөндірудің барысын райкомға хабарлауым керек.


– Аға, балалар... Сол сәт анау: «Өй, әкеңді... Айтқанды ұқпайтын не қылған адамсың, әлде праваңнан айрылғың келе ме?


Содан жүргізушінің де үні өшті. –  Бұлардың балалары кім болды екен, сұрасам өкіл ұрсып жүре ме... –  деп қысылып отырмын.


– Бәйбіше! –  деді, –  мынадай тәтті сүрден кейін бірер шыныаяқ шәй ішсек артық болмас еді.


– Қарағым, сен маған самаурынға ағаш бұтап бере қойшы.


– Бар, бар, – деді өкіл де. Сыртқа шыққан соң:


 – Сенің айтып отырған балаларың кім? –  деп сұрадым. Сендерді атады.


– Оларды қай жерде қалдырдың? –  деп сұрадым. Ол бәрін қолмен қойғандай айтып берді.


 – Ана өкіл бұлар 12-14-тердегі оқушы балалар, өрт сөндіре алмайды ғой дегеніме қарамастан алып келді. Өздері жанып кетпесе жарар еді. Апа, біз кеткен соң... Шайды жасауға үйге кірсек, өкіл қорылдап ұйықтап жатыр екен.                 


Осы сәтте далада абалап үрген иттің даусы естілді. Шәмен мен Аман есікке беттеді.


– Құдай-ау, жалғыз үй қалғаннан бері иті құрғыр ұшқан құсқа да үріп, түнгі ұйқымды төрт бөлетін болды. Ағаларыңның басын көтердік. Енді көшуге көлік тосып отырмын.


Төсек сала жүріп, Шәмен апа:


 – Інілеріңді бағана айттым ғой. Апасы мен жездесі Баянға алып кеткен, – деді. Таңертең сиырын сауып үйге кірген Шәмен апа қонақтарының әлі де тұяқ серіппей ұйықтап жатқандарын көріп: «Шаршаған ғой», –  деді баяу.


Екеуі де өсіп ержетіп, есейіп қалыпты.


Әсіресе Аман, айналайын, жүргізуші: «Олар 12-14-тердегі балалар ғой, өрт сөндіре ала ма?!» деді дегенін естігенде Аман: «Ағаның мұнысы дұрыс емес. Елдің шеті өртеніп жатқанда, біз баламыз деп қалай қарап отырмақпыз?» –  деді-ау. – Тәңірім-ау, бұл естияр адамның сөзі ғой. Иә, естияр адамның сөзі,–  деді ол  күбірлей сөйлеп. Жүзінен бір түрлі ризашылық аңғарылып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу