10.08.2021
  141


Автор: Сүлеймен Баязитов

Мәшекеңнің «тұрмыс жайында...» мақаласы хақында

«Дала Уалаятының газеті»  (Алматы. Ғылым. 1994) жинағын құрастырушы филология ғылымының кандидаты Ү. Суханбердина өзінің беташар мақаласында газет қазақ халқының қоғамдық- әлеуметтік ой- пікірін оятуға, мәдени, әдеби түсінігінің молая беруіне едәуір әсер етті. Саяси-экономикалық мәселелермен қатар, оқу-ағарту ісінің жай-күйі, өнер білімінің пайдасын, қазақ әдебиетінің хал- қадірі қазақ оқырмандары мен ғалымдарының өмірі жайлы бірқыдыру құнды мақалалар, хабарлар жариялады.


Газет бетінде Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің, Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Шәкәрім Құдайбериевтің, Әлихан Бөкейхановтың өмір деректерін басумен қатар газет аталған авторлардың мақаларымен хабарларын үзбей беріп тұрғанын атап көрсеткен. Мұның өзі сол тұста қазақ оқырмандарының халқымыздың елеулі тұлғаларын танып білулеріне ықпал етті. Қазіргі таңда олардың есімінің ел жадында жаңғыруы деген тұжырым жасайды.


Ол басылымның қазақтар үшін, ұлтымыз үшін қаншалықты рол атқарғанын айқындай түседі. Дала уалаяты газетінің Баянауылдағы тілшілері Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Садуақас Мұсаұлы Шорманов өздері жазған мақала хабарларында шаруашылық, оқу-ағарту ісі мәдени өмір әдет - ғұрып, салт - сана туралы  құнды деректер ұсына білген.   Соның бірі Мәшекеңнің Дуг 20 (Дала Уалаяты газеті) санында жарық көрген тұрмыс жайында болған «Хабарлар» атты мақаласы болса керек. Автор аталған мақалада: «Биылғы қыс көшпелі  халықтың есінен қалмастай болды.


Марттың басы әбдікей де күн түске шейін құлақтанып бір жылынып, бір суып тұр еді. Түстен кейін жел оңынан болып солғындау боран болды. Мәшекеңнің  жазысына қарағанда, ауа-райы марттың аяғына дейін біресе балтырдан қар жауып, біресе еріп, мал баққан шаруаға оң қабақ танытпаған. Ақыры, бір күннен бір күн суық болып, жел шығып, «сүйегі жұқарып, шыңы етіп тұрған» мал даладан шөп жей алмады.


Алты айға деп өлшеп үйген пішен қыс жеті ай болып кеткен соң таусылып қолдан саларға оларға дәнеңе болмады. Қой қозы жалғыз-жарымдап өле бастады. Қозысын көтере алмай көтерем  болып саулық өлді. Енесінен сүт шықпай тамаққа жарымай қозы өлді. Осы келтірілген үзіндегі Мәшекеңнің табиғат құбылысын моншақтай тізіп, сөйлеуіне қарағанда, әр күнді қағазға ерінбей, жалықпай тізіп отырды ма?  Жоқ, әлде жады соншалықты берік болды ма екен деген ойға қаласың.


Азығы таусылған ел ашығуға айналды. Сорлы балаға сорлы қатын жолығады дегендей Баянауыл, Қызылтау, Далба үшеуінің ортасында сегіз болыс Сүйіндіктің байлары, мал иелерінің өздері де ашаршылық көрді. Әйтседе дейді Мәшекең амал тауып аш болмауға тырысты . Ғұламаның осы сөзінде удай мысқыл мен қатар қышқыл кекесінде бар сынайлы. Бекен байдан пұтын екі теңгеден ұн сатып алғандарын баяндай келіп, енді турасына көшеді: «Бекенді қызған ұн сатқаны үшін ғайбаттайсыңдар.


Рас, мұнысы мақұл емес, әйтсе де астықты көп қылып сатып алсаңдар, сөйтіп, қыс қатты болған жылы кедей бейшараларға тиісті бағамен сатсаңыздар зиян болар ма еді?»- деп сауал тастайды. -Сонда Бекен қуға алданбай, өздерің де , кедейлер де тоқ болар едіңдер. Соқырға таяқ ұстатқандай надан бейшара байлардың көкірегі көзін ашатын осы мақала оларға қаншалықты ой салғанын кім білсін?! Қалай десек те таңданып таңдай қағар ұсыныс. Енді  бір сәт  мақаладағы  ғұламаның сөз қолданысына көз жүгіртейік. «Жердің қарлысынан қарасы... тойынып тыраңдап ... Жердің жүзі жұмыртқадай аппақ... әр нәрсе өз өзіне келіп қалды... сүйегі жұқарып, шыңы жетіп... жалғыз жарымдап өле...»


Ал, « сөз өнері дертпен тең» деп  біліп, үнемі ізденіс үстінде жүретін, тілші ,журналист болуға талаптанып жүрген  бауырлар осы мақаладағы Мәшекеңнің аузынан төгілген ақ маржан деуге тұрарлық сөз тіркестері әулие қаламгерден сіздер мен біздерге тәбәрік болсын деген оймен тізіп, жазуды жөн көрдім. Қабыл алып қана қоймай, қағып алсаңдар, ғұлама бабаның ерен еңбегінің, аз да болсын өтелгені болар еді-ау.        


                        Сүлеймен Баязитов




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу