Өлеңдер ✍️

  06.08.2021
  198


Автор: Сағи Әбілхасенұлы

Торғайым - құтты мекенім

Арқау болар сөзіме,
Бөлер шаттық сезімге.
Елестейді қырандай,
Торғай менің көзіме.

Ой жүгіртсең зер сала,
Өтті оқиға қаншама.
Бодаулықтың салдары,
Ауыр тиді баршаға.

Азаттықтың жолында,
Қару беріп қолына.
Аманкелді Иманов,
Ертті әскер соңына.

Жасады ол ерлікті,
Жау тізесін бүгіпті.
Ортасына Торғайдың,
Жеңіс туын тігіпті.

«Торғай» деген кәдімгі,
Қазақтың Ленинграды.
Ақын Сырбай Мәуленов
Осылай жыр арнады.

Ұлан байтақ аумағы,
Жұрт назарын аударды.
Бұдан 90 жыл бұрын,
Құрылды Торғай ауданы.

Тыныштық бірақ болмады,
Аспанды бұл торлады.
Бейжай жатқан халықтың,
Басына қайғы орнады.

Тәркіледі байларды,
Аштық жаппай жайланды.
Жақсы менен жайсаңы,
Сібір жаққа айдалды.

Қаймықпаған ажалдан,
Қара қылды қақ жарған.
Арыстары көрінді,
Қиын сәтте топ жарған.

Ахмет пен Міржақыбы,
Жалынды жырлар арқылы.
Надандықтан қазақты,
Арылуға шақырды.

Уақыт өте арада,
Кірбің кірді санаға.
Лениндік саясат,
Көшті айла-амалға.

Шұбарланды тілі де,
У атанды діні де.
Білмегеннің орысша,
Қараң болды күні де.

Шындықты айтсақ айып па,
Өтті осылай уақыт та.
Дүйім қазақ даласы,
Айналғандай тамұққа.

Жетпіс жылдың зардабы,
Торғайды да қармады.
Ел еңсесін көтерді,
Егемендік алғалы.

Құдайдың бұл бергені,
Орындалды дегені.
Жанкелдиндік бауырлар,
Шаттыққа мол кенелді.

Уақыт- өмір өлшемі,
Ұмытылмайды кешегі.
Туған жерім гүлденсе,
Айдарым желдей еседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу