Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  262


Автор: Қасымхан Бегманов

Ескі мұң

Бүгiн тағы мазалады ескi мұң,
Ескi мұңнан ескi әуендер естiдiм.
Асау жылдар алдарқатты, алдыңда,
Айыбым мен күнәм болса кеш гүлiм.
Кешiр гүлiм, қоңыр кеште еске алған,
Күндiз-түнi көкейiмдi тестi арман.
Есiң болса есiңе алма бейбақты,
Ерте туып көп нәрседен кеш қалған.
Ескi мұңым, мөлдiр бастау, мөлдiр мұң,
Менi тағы дегенiңе көндiрдiң.
Нарық заңы жағамнан ап тұр қазiр,
Оңаша қап сырласайық кел бiр күн.
Ескi мұңым, ескi мола, ескi ауыл,
Көрдiм, сездiм күндi бастан кештi ауыр.
Мен ортаңда бола алмадым талай жыл,
Ұмытқам жоқ кеш құба бел, кеш бауыр.
Атам өткен, анам өткен дала бұл,
Бейiттi орай құлпырады лала гүл.
Аяулым-ау, мұңым ескi болғанмен,
Дүниеге келдi ойлы жаңа жыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу