Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  231


Автор: Қасымхан Бегманов

Көктем. Кентау

Барлығы ұмытқандай мені мүлде,
Көргем жоқ бұндай азап өмірімде.
Жолданбай қалған кейбір хаттарымдай,
Жазылмай қалған шағым көңілімде.
Туған жер жайлы қанша таптым аңыз,
Кеудеме сөнбес алау жақтың абыз.
Қайда екен құрдастарым бірге ойнаған,
Қайда екен әдемі сол аққұба қыз.
Сағыныштың сазымен тербелемін,
Жырым көп жазар әлі сенде менің.
Бұл күнде анам да жоқ, досым да жоқ,
Көшеңнен елес іздеп сенделемін.
Күн батқанда шуағын шашып келіп,
Көрген адам тұрады-ау ғашық болып.
Менің туған қалама тығылады,
Шымқаладан шыққан жол қашып келіп.
Көктем бұл, көрінбейтін дала гүлден,
Жасанып шыға келді-ау қала бірден.
Хантағыдан жарысқан бұлақтардан,
Құлпырып сала берді-ау Балабүрген.
Тосырқап қарсы алғандай қала бүгін,
Есіне сол баланы алады кім.
Түсіме көп кіреді алыс жақта,
Көшеңде қалған, Кентау, балалығым.
Жер жібіп жапты гүлмен дала белді,
Бұл көктем көп қызықты ала келді.
Мен жалғыз ұзай бердім қара жолмен,
Барлығы қолын бұлғап қала берді.
Көңілге демеу болар көктем ғана,
Тырналар әнін салып жеткенде, аға.
Ортаңа қайта оралды, атамекен,
Даңқыңды шығарам деп кеткен бала.
Қаяулы көңіліме жарық түсті,
Аяулы өңірімнен алып күшті.
Анашым, бала кезім, сағыныш боп,
Көзімнен бір тамшы жас тамып түсті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу