Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  125


Автор: Қасымхан Бегманов

Ташкентпен қоштасу

Кiндiгiмдi кескен жұрт,
Кiр-қоңымды жуған жұрт.
Қазтуған жырау

Ташкенге қарап жылағым келдi ардақтым,
Әлденелердi өзiңнен қайта сұрағым келдi
ардақтым.
Көңiл шiркiнiң толқыды-ай сол түн,
толқындарындай Шыршықтың,
Қара көзiмнен ыстық жасымды
нелiктен тағдыр ыршыттың.
Тербеткен мынау әлдиi менен
сағыныш атты жырдың мен,
Ислам бауыр, Сарыағаш жақтан
Ташкенге қарап тұрдым мен.
Шулы шаһардың самаладай боп
шамдары жанды жарқырап,
Көшелерiнде даладай дарқан
қазақтың көне салты қап.
Алшаңдай басып алашордашыл
осында жүрдi-ау асылдар,
Асылдарымды бiздерден бөлiп
түбiне тартты ғасырлар.
Оларды үнсiз iздеймiн тынбай
тарихтай түпсiз тереңнен,
Шошайып тұрған ана бiр қырат белеңнен.
Бейтаныс жан деп бұрылып қарап өтетiн,
Жас арулардың жанарларынан
бiр нәзiк сәуле көрем мен.
Партиялардың ұранына ермей жарқылдақ.
Бала кезiмнен баураған менi
аспандай асқақ өлеңмен.
Есiмнен қалған ескi соқпақты қастерлеп,
Қасымнан қалған
қасқа жолменен келем мен.
Орындалмаған ақ армандары
Абылай менен Кененiң,
Сағынышымды басып бiр кетсем деп едiм.
Сарыағаш жақтан
қалаға мынау қабырғасынан қарадым,
Бойымды билеп,
өзегiмдi өртеп нала-мұң.
Ұлы Даладан бөлiнiп қалған жерменен,
Тәңiрi бiзге бермеген.
Жүрекке түскен жазылмайтұғын жара бұл,
Бұлдыраған шаһарға
жасаураған көзiмен,
қасымдағы қарады ұл.
Оң жағыңда көсiлiп
Келеске кетер тұс қалып,
Сыздық төредей сұстанып,
Кеудеңдi шалқақ ұстанып.
Шырайлы мынау шаһарға
еркiн кiрер күн озған,
Талқыға салмас тағдырдан бiрақ кiм озған.
Басы сайран, түбi ойран
дүние опа бермейдi-ау,
Ташкент ендi қазаққа мәңгi
қайтып келмейдi-ау.
Осыларды ойласам көзден жасым сорғалар,
Ғайып болған бұл күнде
қоршай қонған ордалар.
Ордаларда тайпалған көрiнбейдi жорғалар.
Шалдар түсiп есiме өзегiмдi өртеген,
Қолдан шығып баратқан
таңғажайып өлкеден.
Шалғай түстi Астанам,
Бiр көтерiп тастаған.
Еңсемдi езген күн болды,
Жарық күнiм түн болды.
Қала жаққа қарасам көзiме жас толасың,
Қалай қиып кетермiн
Төле бидiң моласын.
Елеусiздеу жүрген бiр ақыны едiм даланың,
Шерге толып өзегiм
керi аттанып барамын.
Тiлiм бармай қош деуге,
қия алмай көп қарадым,
Ташкенттi ұмытпа,
ойлы туған қарағым.
Қош Ташкент, қайтейiн
кiргiзбедi кеденiң,
Атам салған көшеңде
жүргiзбедi кеденiң.
Бiле алмадым бiздерге
ертеңгi ұрпақ не дерiн.
Қош Ташкент, аяулым,
көшiмдi артқа бұрармын,
Тiлегiңдi сыртыңнан
тiлеушiң боп тұрармын.
Шайырлардан жайыңды хат арқылы сұрармын,
Архивтердi ақтарып оңашада жылармын.
Алағай да бұлағай
күндер өткен басыңнан,
Айбыныңды асырған,
Бар қайғыңды жасырған.
Түк болмаған тәрiздi қарап тұрсам
желменен жапыраққа шашылған.
Аласапыран алқакөл,
сұлама қиын кез де есте,
Ташкент бiздiң Алаштың тiлiн ұмытқан,
сөйлейдi бүгiн өзбекше.
Қайран Жиделiбайсын –
атамекенiм баяғы,
Байбөрi бабам жайлаған өлке саялы.
Сол түнi менi аруақтар түгiл,
жұлдызды аспан аяды.
Қалайша бұрын қайшылық барын сезбедiм,
Алпамыстайын түп атам менiң,
атасы бопты өзгенiң.
Жайымды ұғар деймiсiң ұпайы түгел өзбегiм.
Дәл қазiр айтар халiм жоқ,
құлаққа кiрмес сөздерiң,
Зар-мұңдарымды ақтарып,
сөйлейдi қара көздерiм.
Халықшыл, елшiл
асылдарымнан iз қалған,
Соларды қимай
осында қоштасқан мұңлы күз қалған,
Сұрағым келдi әлдене қайғысыз,
қамсыз қыздардан.
Әкiмдер келiп,
тарихтан өттi де кеттi Датқалар,
Халықты сатқан түбiнде тозақта өзi қақталар,
Қазақ деп өткен ерлерiм көкейде,
есте сақталар.
Бесiкте жатқан бөбектер ертең ер жетiп,
Ақталмаған әлi күн аталарыңды ақтап ал.
Қабырғалары сөгiлiп,
кеше түнде түсiмде,
Шекараның ар жағында
жал құйрығы төгiлiп,
Елге қарап жер тартып
кiсiнейдi Байшұбар,
Құлазитын қосылып
мұндай сәтте тек қана,
аспандағы ай шығар,
Күн тұтылса жаңа туған құлын да
қос құлағын қайшылар...
Әйтеке би, Жалаңтөс, Жолбарыс хан – молалар,
Аруағым ғой түбiнде жер бетiнен жоғалар.
Шыназ түгiл Бостандық, Қыбырай мен Сiргелi,
Екi елге жалтақтап не iстерiн бiлмедi.
...Қазақты кiм сатпаған, қиын сәтте сатты ол да,
Қош Ташкент, қайтейiн қалдың мәңгi жат қолда.
Қорқамын мен заманның сұп-сұр болған сұрынан,
Аман қалған алтын ең тақымы кеппес ұрыдан.
Жұмысым жоқ дей алман байлығың мен дауыңда,
Қайсыбiрiн айтайын артымдағы қауымға.
Амал нешiк, арман көп, рух қайта оралсын,
Керуендер көп өткен мынау сайын далаға,
Сөйлемейтiн қазақша мейiрiмсiз қалаға,
Тәнiн сатқан қыздармен, тәрбиесiз, тiл бiлмейтiн балаға.
Қайран ұлы қазақтың тiлi қайта оралсын,
Дiлi қайта оралсын,
Сыры қайта оралсын,
Жыры қайта оралсын,
Бiр жылдары менi де артық туған Исекем,
Көп тобырдан бөлiнiп, қарашада еске алып,
Оңаша бiр отырып сағынатын боларсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу