Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  123


Автор: Қасымхан Бегманов

Алдымнан менің керілген жұмбақ жол күтті-ау

Алдымнан менің керілген жұмбақ жол күтті-ау,
Бес белден астық... мұнартқан асу қорқытты-ау.
Көзіме оттай басылған қайран туған ел,
Көңіл құрғырды тағы да, тағы толқытты-ау.
Алқына бердім, алдымнан таныс қыр шықты,
Кіршіксіз мөлдір көңілде сезім тұншықты.
Анаммен бірге қоршаған бақты, шарбақтар,
Көзімнің жасын еріксіз қалай ыршытты.
Шұлғаумен орап аяққа киген етікті,
Бала кез біздің бастан да мәңгі өтіпті.
Жандарбек, Елғон, Иманбайлармен ойнаған,
Қалың тоғайдың ағашы сиреп кетіпті.
Ұмытқам қалай қызғалдақ терген белеңді,
Ауылға жиі келіп тұрамын мен енді.
Аудандық газет басқаны әлі есімде
Ерімбет бала екеуміз жазған өлеңді.
Аңсадым бүгін алаңсыз сол бір шақтарды-ай,
Қаншама жылдар санада біздің сақталды-ай.
Қаншама сұрақ жауапсыз қалды бұл жылдар,
Бағира қызға Аманбай жазған хаттардай.
Сары қыз қайда, ұмытқам бүгін басқаны,
Есімнен шықпай балалық шақтың дастаны.
Айдарбек ағай әліппе оқытқан мектептің,
Орыны жатыр аспанға ұшып ақ шаңы.
Соңғы жылдары сирек соғатын болдық-ау,
Қымбат күндердің ұмытылғаны қорлық-ау.
Қырық жыл бұрын мен кеткен осы ауылдан,
Ақсары, Сертке асатын қасқа жол мынау.
Алыстап қалған алаңсыз ойын-сауығым,
Ақпейіл елім, ардақты жұртым, қауымым.
Келмеске кеткен сәби кезімді сағындым,
Иті де ыстық аяулы менің ауылым.
Көне көздердің бірі де тіпті қалмаған,
Бағанадағы радио қайда сарнаған.
Суы тартыла бастапты-ау мына тоғанның,
Есіңді алып ағатын асып арнадан.
Көктемде келсең толқиды мұнда қыр гүлі,
Сағынған кезде келер деп ұлым бір күні.
Арманы асқақ қара балаңды баяғы,
Іздедің бе екен, күттің бе мені Үлгілі*.
Ауырта тырнап жанымның ескі жарасын,
Жүректе мәңгі сағыныш болып қаласың.
Туған ауылда күтетін біреу бар ма екен,
Алыста жүрген Бабайқорғанның* баласын.

*Үлгілі, Бабайқорған - жер аттары




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу