Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  129


Автор: Қасымхан Бегманов

Қоңыр

Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Жұмекен

Қоңыр ұл ем, қоңыр үйде ержеткен,
Қоңыр ырғақ жүрегімді тербеткен.
Қыратында гүл теретін қоңыр қыз,
Қалды артымда қоңыр ауыл, қоңыр күз.
Түсіме еніп қоңыр күз бен қоңыр қыз,
Өмір өтті сол бір қоңыр өңірсіз,
Сырқыратты сай-сүйекті қоңыр сыз,
Өмір өтті қоңыр қызсыз, көңілсіз.
Қоңыр жолдар алып кетті жыраққа,
Жауап бермей мұңлы қоңыр сұраққа.
Үнсіз қарап аққан қоңыр бұлаққа,
Қоңыр кеште қоңырайсам... жұбатпа.
Қоңыр өлең, қоңыр ауыл, қоңыр ән,
Қоңыр бала табиғатын қорыған.
Қарапайым қоңыр ақын үлгі боп,
Салқын самал көзін сүрткен сүлгі боп.
Қарай-қарай кеткен қоңыр далаға,
Қоңыр таулы сол бір қоңыр қалаға.
Бойымызда жылуы ескі күпінің,
Құдыретімен ананың ақ сүтінің.
Майын пісіп ескі қоңыр күбінің,
Қоңыр жырдың тереңдігін түбінің.
Қоңыр кеште қызыл гүлге жусаны ық,
Қара кемпір қарап тұрған күн салып.
Сырт айналған қоңыр шалы көз сүртіп,
Қоңыр бала алыс кетті сөз түртіп.
Қоңыр қойлар қыркүйекте күйектеп,
Жылдар өтті қоңыр мұңдар иектеп.
Қайран шешем жатқан қоңыр молаға,
Қарай жүрсін айтшы қоңыр балаға.
Түсінгені, ұға алғаны қай кісің,
Оралмаған қоңыр бала қайғысын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу