Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  154


Автор: Есенғали Раушанов

Жүреді әжем "құрғырлап"

Жүреді әжем "құрғырлап",
Асыр да салып жатамыз.
Білдірмей келіп, бір күнде-ақ
Бойжетті екі апамыз.

Монтиған өңшең ботақан
Көреміз пана оларды.
Сол жазда менің екі апам
Бір әнге әуес боп алды:

"Кел, билейік, кетпе менің қасымнан,
Қызғалдағым таң нұрымен ашылған.
Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды
Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған".

Жауатын жиі жаңбыры
Алматы не ол? Қала ма?
Билей ме онда барлығы? -
Бәрі де жұмбақ балаға.

Кімдікі мынау бөлек ән,
Самалы басқа, сазы өңге?
- Үкіметтікі, - деді анам,
- Ұқсайды, - деді әжем де.

Екі қыз елең етпеді,
Жақпайды-ау, әсте, дау мына.
- Шәмшінің әні, - деп мені
Басқан-ды бірі бауырына.

Қашты да кетті ертесін,
Ән болды ғажап міне бұл.
- Мен жамылам, - деп, - көрпесін,
Таласып жаттық кілең ұл.

Айтты да аз күн сол әнді,
Келер жыл көктем шығарда,
Кіші қыз тағы жоғалды,
Не болды, ей, тегі, бұларға?!

Жылады қимай шешеміз,
Ал әкей сыртқа жөнеді.
Тып-тыныш едік кеше біз,
Кім өзі Шәмші дегені?

Қапа боп "қатал" әншіге,
Қыс өтті, көктем оралды.
Өкпелеп жүріп Шәмшіге,
Өзім де салдым сол әнді.

...Еске алсам бала шағымды,
Күлемін іштей осы күн.
Екі апам - екі үй кәдімгі,
Тербеткен қыдыр бесігін.

"Ағалап" көп ұл қосыла,
Шығады алдан күлімдеп,
"Ел болмас жиен" осы ма?
О, тәубе, - деймін, - құдірет!

Саламыз әнге тағы біз,
Ол әннің, досым, бар сыры.
...Отырып алып бәріміз
Мақтаймыз сосын Шәмшіні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу