Өлеңдер ✍️

  04.08.2021
  185


Автор: Сайын Назарбекұлы

Құдағи тілегі

Жарығым, құтты болсын орамалың,
Бұл тілек арман сөзі бар ананың.
Жанымды сары майдай балқытады,
Мөлдіреп анда-санда қарағаның.
Жұлдызым , құтты болсын шаңырағың,
Сол болсын кие тұтып, табынарың.
Аулыңнан қырық құдам ұзағанда,
Босағаң болсын іздеп, сағынарың.
Құлыным, құтты болсын елің, енді,
"Бақ құсы бізге қонған" деді, сені.
Өз әкең еркелетіп қойған атқа
Бұл елде "келін" аты телінеді.
Алтыным, құтты болсын жерің, енді,
Бақытсыз — жаңа жұрттан жерінеді.
Жақсының қадамына гүл бітеді,
Шыққаның — іздеп тапқан теңің еді.
Сыйладық қайын елін күйеу жанға,
Болғайсың, айналайын, сүйеу — жанға.
Аяғын азаматтар тең басады,
Ошақтың үш бұтындай тіреу барда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу