Өлеңдер ✍️

  04.08.2021
  164


Автор: Сайын Назарбекұлы

Асау

(әкем Назарбекке арнадым)

Тымағыңды басыңқырап киіп ап,
"Шыбын жанды шүберекке түйіп ап" —
Қарғып мінсең арындаған асауға,
Жігіт аты кетті-ау саған сыйып-ақ!
Алғашында мөңкиді-ау бір, неліктен?
Біраздан соң қия шабыс, желіккен
Ең соңында қыр-қыр етіп, жануар,
Езу қаны араласып көбікпен.
Асау... Адам... Әр қылыққа бір қылық,
Жігіттің де тақым еті жыртылып.
Жердегілер — оларда да от сезім,
"Ай" деуменен, "ой" деуменен тұр тынып.
Кейде асауың кеткендей боп ұшып-ақ,
Кейде жігіт қалғандай боп түсіп-ақ.
Жанашырлар қарап тұрып шаршайды,
Үрейленіп босқа тақым қысып-ақ.
Ақылшың мың, жақының мың, мақұл мың,
Үйретеді не шұрайын ақылдың.
Түсіп қалмай, аман-есен жер бассаң,
Құдіреті екі бұттың, тақымның.
Жіберме тек терін баспай, суытпай,
Асауыңды, қылған кенді қуықтай.
Тұңғыш төсек сескендірген жас қыздай,
Дірілдейді дене қолды жуытпай.
Жуасыды, басылды да арыны,
Көзде қалды бірақ мәңгі ар үні.
Естіледі тұяғынан жылқының,
Жортып кетсең, тентек үннің сарыны.
Асаулар бар, үйретілген қыран бар,
Көнбегендер омақасар, тыраңдар.
Кілең жуас бас білдіріп асауды
Мініп жүрер, ант етемін, Құран бар.
Көп тобырдан шықсаң болды қақпалап,
Қуып тықса — намысыңды отқа жақ.
Неге адамдар құмарланып жүреді,
Алғысы кеп нағыздарды ноқталап!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу