Өлеңдер ✍️

  04.08.2021
  119


Автор: Сайын Назарбекұлы

Ұлыдан тәлім алған ел

(Абайдың 160 жылына)

Ей, Ұлы бабам!
Тағы да елдің жатсың ба басын жиып!?
Ұлылыққа мен келдім басымды иіп.
Бұ күндерде түзелді қайран жұртың,
Оңы-солын таныды, жасын тыйып.
Ей, Ұлы бабам!
Көрсең шіркін қандай-ды
Көк байрағым,
Ұлы елдің ұлымын деп сайрадым.
Қамшылаттым намысты тек өзіңе,
Махамбеттік сарынға кек қайрадым!
Ей, Ұлы бабам!
Сөгіп едің қылықты жараспайтын,
Нұсқап кеттің даңғылды адаспайтын.
Жан мен тәнді тазарттық
Сіздің оймен,
Бар бойдағы ласты аластайды Үн.
Ей, Ұлы бабам!
Сөкті халық бұ күнде таласқанды,
Төндіре алмас бәсеке қара аспанды.
Сезсең шіркін, қазақтың қандайлығын,
Сезсең шіркін, қарындас жарасқанын!
Ей, ұлы бабам!
Оқы деп ең, оқыдық, озық шықтық,
Тырыс деп ең, ширадық, қозып шықтық
Сен көргендей баяғы надандық жоқ,
Озық шықтық көбінен, озып шықтық!
Ей, Ұлы бабам!
Үлгі етіп ең қазаққа өзгелерді,
Сынап едің жалқауды, сөзбен езді.
Кемеңгер бар, жұртыңда, дана да бар,
Өзге жұртқа үйретер кезге келді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу