Өлеңдер ✍️

  04.08.2021
  117


Автор: Сайын Назарбекұлы

Жол үстінде

Ойға батқан мен едім жол үстінде,
Созылатын үш күнге, жол, үш түнге.
Өмір қысқа, таусылар осы жолдай,
Шарасынан сол өмір мол іштім бе?
Енді екі жыл, алпыс та жетеді екен,
Өткен күндер қайрылмай кетеді екен.
Қажар қайтып, салғырттық бойды басып,
Жат сезімдер оянған, өте, бөтен.
Үміт, арман, күш кеміп бара жатыр,
Тән, жандағы сес беріп жара жатыр.
Ойын-сауық, көпшілдік адыра қап,
Бұ күндері біз де бір — дала-тақыр.
Ойландым ба, мен осы қандай едім?
Болдым ба екен ізгілеу жанға бейім?
Өткенімді бір шолып байқайыншы,
Есеп беріп бүгінгі таңға дейін.
Бір жасым-ай, тірі әке, жетім қылған,
Сұм соғыс қой, көремін несін жылдан.
Кесапаты арылмай әлі күнге
Қырсығынан көгі емес есін жиған.
Біз ұмыттық бал дәурен балалықты,
"Плен" деген бес жаста "жала" шықты.
Ет асатқан есте қап, басқа ұмыт,
Кіл жетімді жеткізген "Дала" мықты.
"Жау баласы" атанған он жасым-ай,
Әлі бойда салмағы қорғасындай.
Кілең жаудың жесірі, жау күшігі,
Қалай ғана қалды екен ел жасымай.
Бақыт қонған, әке кеп, он бесім-ай!
Ақыл сөзге, ноқтаға көнбесім-ай!
Мұнар-елес армандар, ақ сағымдар
Байқай алмай өмірден басқа сыңай.
Нағыз жігіт тым ерте жорғаласын,
Тентек сорлы тығатын сорға басын.
Қымбат маған шофер боп алғыс алған,
Тәрбие алған ел-жұрттан жиырма жасым.
Өз-өзінен аясын жиырма несін,
Жар сүйдірді, отаулы — жиырма бесім.
Астанадан шығарды азамат қып,
Бар қызығын өмірдің жиырма жесін.
Бұза алмадым отызда ордаларды,
Оқсатпадым ол түгіл қолда барды.
Әке атандым, әйтеуір, бітіргенім,
Арқаладым қапшықтап толған арды.
Қынабына сыймаған қырық қайда,
Қонды маған сол жылдар қылық пайда.
Қырық алты жасында Сайын батыр
Ақындық деп қолдарын созыпты айға.
Басталғаным сол еді жарқын жүрігі,
Таныла да бастап ем халқым біліп.
Тырнақ салып өңешке қылғындырып,
Қырық сегіз жіберді алқындырып.
Келіп едік біз солай елуіңе,
Қосылып ек ұлы көш шеруіне.
Есте қапты бір шумақ өзім айтқан
Мерей тойда елуге келуіме.
"Түк бітірмей қақың бар ма келуге,
Ердің жасы — жер ортасы, елуге.
Қоржыным бос, өкініш бар, мен келдім
Ортаңызға, тек уәде беруге".
Сөз айтыппын өзімді жасқап қатты,
Сана соны күні-түн қақсап бақты.
"Парыз", "Абай", "Шерқала", орден атақ
Елу-алпыс арасы асқақтатты.
Елу менен алпыстың арасында
Еңбек еттім Рухқа, бар Асылға.
Абай, Абыл, Нұрила, Шөкір, Досан —
Өз атымда айналды жарасымға.
Осы он жылда бергенім, алғаным көп,
Талай жігіт тістеуде бармағын тек.
Елге еңбек қайратым сарқылғанша,
Жетпіс берсең, Тәңірім, арманым жоқ.
Елу-алпыс асудың арасында
Жол таңдаттың қауіпті, шарасызда.
Өшкен кезде үмітті тұтаттың деп,
Ық болсам деп талпындым панасызға.
Бар ғой әлі берерім, алашағым,
Өтеу керек өткеннің шала шағын.
Аршылмаған атамның ізі жатыр,
Сарайшық" деп шақырса — болашақ үн.
Айыра алмай қай ойдың тәуірлігін,
Сана састы күнде ерттеп, жауыр бұ күн.
Талай қате қадамдар артта қалған,
Өз мойныма сала көр ауырлығын.
О, Тәңірім! Бар менде бір-ақ сұрақ,
Көп мазалап көргем жоқ сұрақ сұрап.
Жалынамын, жұртына берері бар
Жалғызыма — жарықтау шырақ сұрап.
Мазалайды жайсыз боп не бір тұрақ,
Таусылады-ау тез жанып өмір-шырақ.
Кейде жер ғып өзіңді, кейде шалқып,
Жеті қатқа көтерер көңіл-пырақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу