Өлеңдер ✍️

  04.08.2021
  129


Автор: Сайын Назарбекұлы

Адамдар

Құда болса әулетің мен нағашың,
Іңкәр сезім тапса тоят, жарасым —
Тамшы қанға жан бітірсе Құдірет,
Адам болып аз ғана күн жанасың.
Жаны бардың бәрі сүрмес тірлікті,
Тірі біткен бола бермес дүр, мықты.
Пақырлықпен кейбір пенде күй кешсе,
Кейбіреуді Жер шары боп жыр ғыпты.
Біреу жанып, біреу түтеп таусылар,
Күйеліге жанап кетсең дау шығар.
Біреу жүрер өз-өзінен тұншығып,
Бір адамның айға жетер даусы бар.
Намысты бар шар болаттай сынатын,
Жұмбақ жан бар, таба алмассың дәл атын.
Бұл өмірде дана сирек кездесер,
Топқа түссе биіктейді-ау дара тым.
Інілер бар талмай қағар қанатың,
Қыздар да бар қылығымен жағатын
Жақсы жар бар сағындырған сарғайтып,
Құшқаныңша таусылатын тағатың.
Баламын дер, отызында еркелер,
Қырық жаста маған бірі ерте дер.
Намыстанар "шалсың" десе шошынып,
Алпысында ақыл-есі келтелер.
Аталар бар кәрі бұта, гүлі мың,
Әжелер бар бал арасы, үні мың.
Шаңырақ бар маңыраған төлдері,
Шатастырған енесі мен құлынын.
Жайлы жан бар жылытады күніңдей,
Аналар бар қырдың асыл гүліндей.
Сүйікті бар кем-кетігі байқалмас,
Келіндер бар қонақ күтер күлімдей.
Жараспайтын тал бойына адамдық,
Жаратылған нақұрыс бар надан ғып.
Табиғатта бәрі егіз, әйтпесе,
Жырға қосар қасиет пе "жамандық".
Неге асылға табиғатта тапшылық?
Неге ақынды қақсатады бақсы ғып?
Алхимиктей босқа терін төге ме,
Ақын бәрін аламын деп "жақсы" ғып?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу