Өлеңдер ✍️

  04.08.2021
  160


Автор: Сайын Назарбекұлы

Бәріңе қарыздармын

Анама қарыздармын! —
Алты рет анау жаққа барып келген,
Сондықтан алты бала жарық көрген
Мен өзім бар анаға қарыздармын —
Болашақ азаматты танып төлден.
Жарыма қарыздармын! —
Өзіңе ұнамақ боп келбеттендім,
Ойламай өздеріңді ержетті кім
Қарызбын әйел атты барлық жанға,
Арналды бар ерлігім, еркектігім.
Аулыма қарыздармын! —
Бір ұлын жігіт етіп талап беріп,
Ұшардай сұңқар етті қанат керіп.
Мен қазір қарыздармын Байтағыма,
Төбемнен өзім шыққан қарап көріп.
Ұлыма қарыздармын! —
Сүйгіздің немеремнің балалығын,
Бұл сөзім танылмаған жаңа ғылым.
Атама қарыз екем, енді білдім,
Жас шақта ескермеппін, шалалығым.
Өліге қарыздармын! —
Оятқан абзал сезім, аяушылық,
Үнің де сол маңайда баяу шығып.
Аруақ, қарыздармын өздеріңе,
Табынар, тәу етуге жаяу шығып.
Бәріңе қарыздармын! —
Бәріңнен аздан, мысқыл, ала білдім,
Артында адал жүрсең қалады үлгің.
Жаратқан, жалғыз саған қарыздармын,
Өзің деп оңғарылды талабы ұлдың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу