Өлеңдер ✍️

  04.08.2021
  129


Автор: Сайын Назарбекұлы

Ауыл жыршысы

Әлi есiмде, әңгiмешiл кiсi едi,
Тыңдататын, түртiп қалып “е деш” деп.
Өткiр көзi өңменiндi теседi,
Қарағанда саған да ендi кезек кеп.
Перен жыршы, күмiс көмей, ақ таңдай,
Қыртыс-қыртыс, сай-салалы жақ, маңдай.
Жұтқыншағы жұтынбай-ақ бұлтылдап,
Айтқан сөзiн өзi жұтып жатқандай.
Сен жыршының “ей, ейлейтiн” кезiн ұқ,
Көзi аспандап, шалқалақтап, шегiнiп…
Содан кейiн күмiс сөздер көмейден
Ағылатын түйдек-түйдек төгiлiп.
Жыр тыңдайтын ауыл кешке демалып,
Ал жыршымыз көзi қайнар сел анық.
Ащы айқайын жөнелетiн, жарықтық,
Алты қырдың аржағына жел алып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу