02.08.2021
  138


Автор: Бақытгүл Сәрмекова

Итгершілік

Құлағына қонған шыбынды мазасыздана сілкіп қойып көлеңкеде жатқан. «Бұл арсыз шыбындардың Маржанның жуылмай қалған қазанынан бастап қонбаған жерлері жоқ, менің құлағыма келіп қонбаса қанаты талып бара ма екен?». Әбден зығырданы қайнап, тістемек болған, тісі сақ-сақ етіп ауа қармады да қалды. Біреудің көлеңкесі түсті. Бір аяғының қысқалығына қарап, ақсақ Елтай екенін білді де, орынынан тұрды. Түн ішінде ауласының ішінде бүгежектеп терезені сығалап тұрған әлдекімді көрген кезде ұры ма деп сескеніп, бар күшін азу тісіне жинаған күйі тап берген. Елтайдың шолақ аяғынан қапқан екен. Таныс адамды қауып алғанына өзі де өкінді, иесі Маржан да маңдайынан сипай қоймады. Екі күн жуынды құйылмаған итаяқ күннің көзіне кеуіп қалды. Сол күнгі айыбын жуып-шаймақ болып, құйрығын бұлғаңдата еркелеп, Елтайдың шаң басқан балағын жалады. Аздап жымиып, күлімсірегісі де келген. «Адамдар бақытты, ә? Күлкісі келсе күле алады...».


- Ақтөс, Ақтөс! Өзі ақылды, жақын адамдарын түн ішінде танымай қалатыны болмаса, жақсы ит қой, - деп басынан сипаған Елтайды тіптен жақсы көріп кетті. Кешірімді, ақкөңіл жанды арсыздықпен тістеп алғанына қапаланғанын көзінің ағын молайтып, екі құлағын жымпитып қарап білдіргісі келді. Таба нанның екі тілімін алдына тастай салғанда тіпті абдырап қалды Ақтөс. Алғыс айтпақ болып, бір табанын көтере Елтайдың алақанына тосқан, бір уыс батпақпен былғап тастады. Ебедейсіздігі үшін жазасын күтіп, Елтайдың керзі етігіне жағының астын тосып еді. Күткен соққының орынына Елтай құлағының түбін еркелете қасыды. Мейірімге шөлдеп жүр еді, іші біртүрлі жылып, көзі жасаурағандай болды. Өзінің иесі Талап дүниеден өткелі маңдайы бір сипалмаған сорлы басы мейірімге шөлдеп жүр еді. Орта жолда бұны сараң Маржанға қаратып кеткені үшін иесіне де өкпесі бар. «Жүрегі нашар екен», «Түбіне сол қу арақ жетті ғой», «Ақкөңіл еді» деп жаназаға жиналған халықтан бұл да жұбаныш күтіп есік алдында елеусіз жатып алды. Мәйіт көтерген қауымның соңына тұра жүгірген алты жасар ұлға қосылып жанұшыра жүгіріп еді. Құбыладағы бейітке қарай бағыт алған машинаның шаңына көміліп, шырқырап жылаған баланы ересектер үйге қарай көтеріп әкетті. Иесінің алдындағы соңғы парызын осылай өтемек болып, өкпесі өшкеніне қарамастан, алты шақырым алыстағы бейітке машина соңынан ажырамастан жетті. Бәрін көзімен көрді, өлім дегенді ұқпаса да, әйтеуір енді иесін көрмейтінін білді.


Қабірші қауым тараса да, бейіт басындағы жас топырақты иіскелеп ұзақ жүрді. Талапқа тән арақтың ащы термен аралас иісін сезгісі келген, көктемгі көк шөптің тамырынан үзіле қопарылған топырақтан өзгеше иіс келді. Жас қабірдің иісі, ажалға мойынұсына қоймаған өмірдің соңғы иісі осы болса керек...


Алдына тасталған екі тілім нанды азу тісімен екі асап жеп алды да, ұзын тілімен мұрынынан жалап, Елтайға еркелей қарады. «Ит тойған жерінде» дейді ғой, екі тілім нанға тоя қоймаса да, Елтайдың бойындағы мейірім мен кешірімшілдікті сезді, ит те болса. Жанымда аздап кідіріп, әңгіме айтса деген қалауы да жоқ емес. Марқұм иесі арақ ішіп келген күнгі үйіндегі ылаңнан кейін Ақтөсін келіп құшақтап, мұңын айтып ұзақ отыратын. «Итпен ит болып отырысын қара сорлының» деген Маржанның зілді дауысына иесі «Ит те болса, Ақтөс артық сендерден», - дегенін естіп аздап қомпаңдап қалатын. Елтай жанында көп кідірмеді. Бір жамбасын бұлтыңдатып, ақсақтап үйіне қарай кете барды.


Үйдің алдында босқа тамақ күтіп жата бергенше, ертең Елтайдың қойын қайтарысып, аздап қолғабыс етпекші ниетімен көлеңкеге келіп, шыбынға ермек болып тағы жата бергені сол еді, іші солқ етті. Ет бауыры күйіп, аузына қанның дәмі келді. Тамағы құрғап, тілі аузына сыймай аласұрды келіп. Не болғанын шамалап та үлгермеді. «Кендебайдың күшіктей беретін қаншық итіндей етіп мені атып тастаған шығар», - деп ойлады. Айналасына қарап, жағдайды анықтайтын шамасы жоқ, өліп барады. Ауа жетпейді, су ішсе жазылып кететіндей қыңсылап келіп, үйдің есігін тырналады. Иесі арақтан тұншығып өліп бара жатқанда кезде де міз бақпаған Маржан бұның аузына су тамыза қоюы екіталай. Жанұшырып Елтай достың үйін бетке алып жүгіре жөнелді. Аяғынан әл кетіп, сүйретіліп, әрең жетті. «Елтай көрсе өлтіре қоймас, құтқарып алар мына кесапаттан». Терезенің жабындысын ашып қараған Елтайдың сұлбасын көріп, есікке жүгірді кері. Сырт етіп ашылар есіктегі ілмектің дауысын күтіп жатты. Тұратын, жүретін әлі бітіп бара жатыр. Дәрменсіздігіне жылағысы келді. «Адамдар бақытты ғой, жылағысы келсе, көзінің жасын көл етіп жылай алады». Арақтан босаған жәшікке салып күшік кезінде иесі алып келген үйге. «Жеті жүз теңгенің импортный арағына ауыстырып алдым бұл күшікті», - деп бағасын көтеріп Ақтөсін мақтан ететін. Араққа бәстесетін ауылдың жігіттері жиналып тамашалайтын ит төбелесте иесін жерге қаратпауға тырысып, бар жанын салатын. Құлағын жалбыратып тістетті, қолтығының астын да жыртып алды азулы иттерге. Бөрібасар атты итпен қызыл ала қан болып ақырына дейін төбелесіп, жеңіліп қалған күні иесі Талап та бір шыны араққа шығындалып алған. Қабырғасының астына түскен жарақаты іріңдеп, шыбындап жүргенде де иесінің алдында өзін кінәлі сезініп, мыңқ етпеген Ақтөс қой бұл.


Есік ашылды ма екен деп бір басын көтеріп қарап еді, көзінің алды тұманданып, бүкіл өкпесі аузынан ақтарылып түскендей лоқсыды. Жылағысы келіп еді, ыңырана ұлыды. «Адамдар бақытты ғой, жылағысы келсе көзінің жасын төгіп-төгіп жылай алады...» Содан кейін ештеме сезбеді де.


Түнделетіп иттің өлексесін аяғынан сүйреп күл төгілген қоқыс басына қарай ақсақтап Елтай кетіп бара жатты. Күндіз нанға қосқан улы дәрісінің қалғанын шұңқырға тастады да, үш-төрт күрек топырақпен бетін жаба салды. Ақтөсті көміп келгеннен кейін, терін басып салқын суға жуынып алды да, үтіктелген шыт көйлегін киіп, Маржанның шамы өшпеген терезесін бетке алды. Жібек халаттың өңіріне сыймай, ілгегін ашса төгілгелі тұратын Маржанның екі омырауына уысын толтырып алып, мең-зең күй кештіретін рахатын ойлап, асыға басып еді, қысқа аяғы икемге келмей ынтығып қалды. Есік алдындағы Ақтөстің итаяғына сүрініп құлай жаздады. Талаптан қалған естелік Ақтөстен құтылғанда, күнге қаңсыған жұқа темір итаяқ не болыпты. Шолақ аяғын шолтаң етіп көтеріп, бір тепті. Содан соң есікке жетіп «Ақ Маржан, Маржантай мен келдім», - деп үздіге сыбырлағаны сол еді, тоспасына май тамбаған кәрі сүйегі ыңыранып ескі есік айқара ашылды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу