Өлеңдер ✍️

  02.08.2021
  185


Автор: Сайын Назарбекұлы

Ана тілім

Атыңнан айналайын, Ана тілім,
Себеп боп, сенің, өзің жаратылдым.
Әлемде небір ғажап сұлулық бар,
Ішінде барлығының дара тұрдың.
Сен келдің тентек ұлға арашаға,
Жұбаттың жылай қалса бала-шаға.
Қамқорсың зорлық көрген нашарларға,
Биіктен қорлық көрген аласаға.
Қайтардың жалғыз сөзбен қалың жауды,
Үйреттің ар сатпауды, жалынбауды.
Ерлікті, дос-дұшпанға таба болмау,
Тағы да мәрттік, кеңдік, тарылмауды.
Түйінін түйе түстің құптап сырдың,
Ұғынтып ұл-қызыңды жұптастырдың.
Басатын бауырына көрген сайын
Анама дәл өзімнің ұқсап тұрдың.
Атыңнан айналайын, Ана тілім,
Өзіңмен бүгін тағы таң атырдым.
Самғашы биігінде бар өнердің,
Болайын қауырсыны қанатыңның!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу