Өлеңдер ✍️

  02.08.2021
  114


Автор: Сайын Назарбекұлы

Көбірек пен азырақ

Тыңдаңыздар жыр айтамыз азырақ,
Тыңдаған жан айтып жүрсiн жазып ап.
Ұнап қалса, қол соқса ғой көбiрек,
Кемшiлiктi жөндеймiз деп тезiрек.
Қаламызда мөлдiр сулар азырақ,
Бөтекеге тұнар тұзы көбiрек.
Есесiне жарық тұрба жарықтық,
Жер ананы жатыр дейдi қарық қып.
Қаламызда самал ауа азырақ,
Көк түтiн мен көмiрқышқыл көбiрек.
Есесiне өкпемiздi аз сылап,
Бередi дейдi противогаз қылып.
Қаламызда күн сәулесi азырақ,
Смог деген бiр пәлесi көбiрек.
Есесiне төбемiзден жау үшса,
Көре алмайды, байқалмайды төңiрек.
Қаламызда тамақ-мамақ азырақ,
Есесiне жұтқыншақтар көбiрек.
Очередтен қалып қойма бабушка,
Жалғызыңның жалғызы тамақ сұрар еңiреп.
Қаламызда қаймақ жағы азырақ,
Не масқара, сүтке құмар көбiрек.
Жымқырма атты-елдiң ерке бұзауы,
Кеткен дейдi енесiне жамырап.
Қаламызда сабын шiркiн азырақ,
Тiлiм тасқа, кiр көйлектер көбiрек.
Есесiне құлақ тыныш болды ғой,
Қышынғандар күле алмайды жадырап.
Жұбай тойы, құтты болсын көбiрек,
Бесiк тойы, тыштырмалар азырақ.
Бiз қызықпыз, бала қайдан шығады,
Бiр түн жатып, ертең жатса ажырап.
Шүкiр, шүкiр арақ деген азырақ,
Қайдан iшкен, мас жарықтық көбiрек.
Турчатник… Айтпа оны жебiр ед,
Сорып болды құртпасаңдар тезiрек.
Қаламызда студенттер көбiрек,
Бiлiмдiсi, iсерлерi азырақ.
Ректорлар бала саны толмаса,
Қорқамы екен бос қалар деп шаңырақ.
Қаламызда үй сұраушы көбiрек,
Үй салуға көмектерi азырақ.
Басшылардың босатпайды алдарын,
Доп-домалақ арыздарын жазып ап.
Ұл-қызымда ана-тiлi азырақ,
Қазақ бақша азырақтан көбiрек.
Сылтау iздеп пәле жаппа басқаға,
Бала тiлiн тазартыңдар тезiрек.
Болдырмауға кемшiлiктi көбiрек,
Қала халқы еңбек етер азырақ.
Сенiмдерi басшыларға көбiрек,
Қол қайыры қаласына азырақ.
Айтылғанды ойға түйiп көбiрек,
Қошаметтеп қол соғалық азырақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу