Өлеңдер ✍️

  01.08.2021
  142


Автор: Сайын Назарбекұлы

Табиғат – Адам

Табиғаттың өзі барлық заманда
Ұқсайды да тұрады ылғи адамға.
Түрі-түсі, мінез-құлқы аумайды,
Қысың – ашу, жазың – күлкі содан ба?
Адамдар бар сұстылығы түсінің
Ығыстырар, үлкенің кім, кішің кім.
Түкірікті тас қып берер аяздар
Қабағына ауған осы кісінің.
Нұр жүзінен көрем анам пішінін,
Ажарын-ай, жылысын-ай түсінің!
О ғажайып! Аспаандағы шуақ күн
Жанарына ауған осы кісінің...
Қату қабақ сәл жібісе тереді
Дала гүлін.
Елге сол ғой керегі.
Нұрлы жанар сәл жымиса, артынан
Тәй-тәй басқан балбөбектер ереді.
Табиғаттың ақыл-ойы кей кезде
Бедеріне жердің тырнақ салатын.
Уақиғадай болған бірде Помпейде
Күл боп, қоқыс, тып-типыл боп қалатын.
Табиғаттай ақыл-ойлы адамдар –
Жазған емдеп дертің де бар, жараң бар.
Гүлдендірді олар талай Помпейді,
Дүниенің картасына қараңдар.
Табиғаттай ақыл-ойлы адамдар –
Байқаңыздар, байқап басар қадам бар.
Қарғысына ұрпағыңның қалмаңдар,
Кеуіп қалып балқашың бар, Арал бар...
...Қол добы ғып Жер шарымен ойнауға
Бола ма екен, ойланыңдар, адамдар!?.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу