👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  01.08.2021
  17


Автор: Сайын Назарбекұлы

Күлкі мен адам

Әзілдей күлсе шоң кісі,
Күлкіден келіп өлгісі –
Домалап жатса іш басып –
Жағымпаз адам белгісі,
Ұятқа қалар ол кісі.
Түкірсең тура бетіне,
Тепсең де дәлдеп өтіне –
Ыржаңдап күлер кей кісі –
Арсыздау адам белгісі,
Адам да емес жер кісі.
Даурыға күліп ұмтылар,
Сұрағын қайта сан сұрар,
Аша алмай жағын мың тұрар –
Даңғойлау адам белгісі –
Қашықтау барып сұм тұрар.
Таңданар өзі затына,
Қалады ылғи қапыда.
Жақсылық күткен жауынан –
Ақ көңіл адам белгісі,
Келеді адам күлгісі.
Шапқылап жүрер сабылып,
Жатқан жоқ жоғы табылып,
Күлмейді оған қасы да –
Жолсыздау адам белгісі,
Шайқайды басын досы да.
Туралап көзін сала алмас,
Қол созып жемін ала алмас.
Жарқылдап дұрыс күле алмас –
Жасқаншақ адам белгісі –
Санатта әрең бұл кісі.
Бастаса оң қол ұрысты,
Басуға солмен тырысты.
Қаһарлы ашу кезінде
Істеген ісі дұрысты.
Алғаны алғыс жұртынан,
Қыла алмас күлкі сыртынан.
Көзінде ойлы нұры бар,
Сөзінде ырғақ, жыры бар.
Қамқор боп жасқа ұмтылар,
Үлкенге пейіл құлқы бар,
Сыйлайтын өзін жұрты бар –
Ақылды адам белгісі,
Болады көпке үлгі ісі.


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы