Өлеңдер ✍️

  01.08.2021
  839


Автор: Сайын Назарбекұлы

Ананың өмір жолдары (70 жасқа тілек анаға)

Жетпіске жасың толыпты,
Немере жиырма болыпты.
Тұңғышыңның ұлынан
Шөбере сүйдің көрікті.
…Өмірді өткен ойласаң
Жазықсыз жапа шеккендер.
Ерте тұрып кеш жатып
Аянбай терін төккендер.
Жесірлік, аштық, жалалар –
Көрмеген ана қалмады.
Бір тойынса балалар
Болмаған басқа арманы.
Пысық қой дейтін, ақылды,
Құрбылары мамамның.
Танытпас алыс-жақынды
Қиындау кезі заманның.
Киіз үймен қыстадық –
Қоян жылғы қыс еді.
Егделеу кісі көруші ек
Жаста екен үш-ақ мүшелі.
Жарықтық қара маяның
Емшегі сусын болғанды.
Күс басқан қолы ананың
Талшық боп жүрек жалғады.
Кітап алар ақша жоқ,
Шешеден көңіл қайтқаны.
"Үйдегі бары - үш-ақ сом" –
Есімде қалды айтқаны.
Көңілі зерек кісілер
Оқуды керек етпеген.
Маманың шипа емінен
Жазылып жатты дерт деген.
Көнбедің тағдыр еркіне
Бетпе-бет қарсы күрестің.
Жеткіздің әке қолына
Тындырдың басын бір істің.
Ақша алмай еңбек күніңе
Ат мінгіздің балаңа.
Отыз жыл еңбек етіппін
Кигізбей көйлек анама.
Еске алам кейде жүргенім
Тайпалтып жирен жорғамен.
Біз үшін төккен тер шығар
Саулығыңа салған мең.
Ұмытылып барлығы
Ел болып кеттік азар деп.
Ұйытқысы өзіңсің
Әулетінің Назарбек.
Азамат қылдың дені сау
Ұлыңды да, қызыңды.
Қайратты қайдан алғансың
Айтшы МАМА сырыңды…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу