Өлеңдер ✍️

  29.07.2021
  195


Автор: Сырбай Мәуленов

Дон Кихот

Жатар мезгіл. Көз ілмейміз сонда да
Кітап оқу қызық түнде – жатарда.
Дон Кихотты тұңғыш ашып толғана
Оныменен бір шығамыз сапарға.
Испан шаңын жел көтеріп қағады,
Естиміз біз жел диірменнің өр үнін.
Зырылдайды шыр айналып қалағы
Төбесінде салт атты сол серінің.
Суреттен білеміз біз ар жағын,
Қанатымен диірмен ойран салғанын.
Көреміз біз көк сүңгілі Дон Кихот
Қатты айқаста аттан ауып қалғанын.
Міне қайта ол келе жатыр тез ағып,
Кім ұшырар? Кімге ұрынар ол барып.
Соңғы сері, ұзын сирақ, өзі арық
Бізді ертіп шығар тұңғыш жолға алып.
Әр жүректен орын алып құрметті
Тозған сол том етті талай жұртты алаң.
Жалғыз өзі алып жатыр бір бетті
Найза ұстаған салт атты сол мұртты адам.
Оның даңқы ықыласпен оқылып,
Кең дүниеге жаяды еркін қанатын.
Жазған оны тар қапаста отырып,
Шал Сервантес әрі батыр, әрі ақын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу