29.07.2021
  49


Автор: Ғибратты әңгімелер

Ағаш ексең, күнәң жеңілдейді...

Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп:  – Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым.


 


Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп: 
– Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам, Құдай күнәмді кешеді? – деп сұрайды. Шайқы Бұрқы: 
– Жол шетіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына демалсын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, – дейді. 
Қарақшы жолдың жиегіне көп ағаш егіп, баптайды. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бақшаға айналыпты. Жолаушы демалып, керуен ат шалдыратын шұрайлы жерге айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бақшасына кезігеді. 
– Бұл кімнің бағы? – деп сұрайды. 
– Бақтың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «қарақшының бағы» деп атайды. Қарақшының өзі он жыл бұрын дүниеден озыпты, – дейді. 
Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бақшасында отыр екен. Төбесінен нұр тамшылап тұрады. 
Шайқы: 
– Ей, Алла, бұл не хикаят? Қарақшының төбесінен нұр не үшін тамшылап тұр? – деп сұрайды. 
– Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп демалады. Жемісін жейді. Соның сауабы өзіне ахиретте өшпес азыққа айналды, – дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты. 
Содан бастап ел арасында «ағаш ексең, күнәң жеңілдейді», — деп насихат айтыпты. 


Ағаш ексе, адамның күнәсі жеңілдейтіні жөнінде тағы бір аңыз бар. Ертеде бір жігіт түс көреді. Түсінде әкесі шөл далада көлеңке іздеп жүріпті. Күннің ыстығынан табаны күйіп, жанұшыра айқайлайды. Жігіт шошып оянады. Ауыл ішінде жүз жасаған қарияға барып түсін жорытады. Ол: 
– Балам, әкеңнің қабіріне ағаш ек. Әкең қабірде ауырлық тартып жатыр. Ағаш күнәсін жеңілдетеді, – деп жориды. 
Бала ертесіне әкесінің моласына ағаш егеді. Оны күтіп, баптап өсіріпті. Бір күні тағы да түс көреді. Түсінде әкесі үлкен бір ағаштың көлеңкесінде жатыр екен. 
«Мазар басына ағаш ексе, сауабы тіріге де, өліге де тиеді», — деген сөз осы аңыздардан үлгі болып жетіпті. 
Діни аңыздарда мазарға ағаш отырғызу Кемел деген әулиеден қалған деседі. Ол уағызда: 
– Мазар көрсең, ағаш ек. 
Бұтаққа бөз байла көп. 
Құс қонатын бақ өсіп, 
«Һу, һу, һу» деп сайрар ед, – деп насихаттайды екен .


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы