Өлеңдер ✍️

  29.07.2021
  126


Автор: Сырбай Мәуленов

Сыр, саған!

Дариға, Сырға келемін,
Жел қуған бұлттай қиырдан.
Көз жасым мен өлеңім,
Жаңбырдай Сырға құйылған.
Осында алғаш табылған,
Жаныма сая жақсы бақ,
Осында алғаш дарыған,
Күлкісі қыздың ақ шуақ.
Толқынның даусын естідім,
Жүректі шайып желпіген,
Көңілде қалды кешкі күн
Аспанды жапқан өртімен.
Топырақты қарш-қарш асаған,
Көңілде қалды кетпендер.
Тимейтін құрық қашаған,
Көгілдір көзді көктемдер.
Қалды есте қайран Нартайым,
Деуші еді сырнай тартайын.
Деуші еді Сырды шайқайын,
Деуші еді бір ән айтайын.
Көктемгі құстың жолындай,
Көңілде қалды көп ізің.
Жап-жасыл орман жоныңдай,
Көкшулан тартқан теңізін.
Күн батқан ақшыл аспанда,
Көзінің қызыл жасы қап,
Сол жасы қонған жас талға
Шаң болып түсіп шашырап.
Қарыздармын, Сыр, саған,
Сонау бір өткен күн үшін.
Шөлімді бастың сусаған,
Талшығым болды күрішің.
Кетпесем деймін, Сыр, сенен,
Жарында тұрған жыңғылдай,
Бағыңда тұрған бұлбұлдай
Кетпесем деймін Сыр, сенен.
Балаға ана емшегі,
Тұра ала ма исінбей,
Сағынамын мен сені
Жаңбыр мен шөптің иісіндей.
Ыстықсың неге мұншама
Өзіңе неге табынам.
Өзіңді көріп тұрсам да,
Өзіңді тағы сағынам.
***
Жұтуға сенің суыңды,
Жаным бір аңсап сусаған,
Сағынып ыстық күніңді,
Келемін жылда, Сыр, саған.
Тастаған от күн қайнатып,
Шипадай дертке ор құмдар,
Ойнатып, терең бойлатып,
Сипайды сылап толқындар.
Сәулесін күннің сімірген,
Жарысам қызыл іңірмек,
Жарысам қоңыр желдермен
Жалғасу үшін бүгінмен.
Бәйгеге қостың түлетіп,
Өлеңдей ұшқыр беріп ат,
Төсіме тақтым гүл етіп,
Жаңбырыңды теріп aп.
Қалған жоқ қалыс жырымнан,
Шалғынға түскен шықтарың,
Шілдеде Сырдың суынан,
Шөліркеп ішкен бұлттарың.
Суылдап Сырдың дыбысы,
Құпия бір сыр жанға ашқан.
Көкала аспан бір ұшы,
Көкжиекпен жалғасқан.
***
Жапырақтарды сақтаңдар,
Жауын жұтып көктесін,
Шағаланы атпаңдар,
Кезе берсін көк төсін.
Дала гүлін жұлмаңдар,
Далаға ол сән-көрік,
Көгершінді қумаңдар,
Асыраңдар дән беріп.
Аз ба өмірде тұншығып,
Өртке жанып,
күйгендер.
Құстар ұшсын, гүл шығып,
Тіршілікке тимеңдер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу