Өлеңдер ✍️

  29.07.2021
  90


Автор: Сырбай Мәуленов

Командарм

Айналаға жалын бүркіп,
Алда орман жанып жатқан.
Қара жерді қағып-сілкіп,
Зеңбіректер дауылдатқан.
Тұрып қалды командарм,
Түтіндемей трубкасы.
Шолып майдан алаңдарын,
Күйзелгендей құрып мысы.
— Алдарыңда қанды соқпақ,
Алты бірдей ұлым менің...—
Командарм қалды тоқтап,
Әлденеге жұмылды ерін.
Қайтадан ол кетті бастап,
Дауысында бір діріл бар.
— Отан үшін отқа тастап,
Тұр деп мені ұғыныңдар!
Командарм құрып мысы,
Терезеге қалды қарап.
Түтіндемей трубкасы,
Шарт түйілді қалың қабақ.
Көзде бір жас шырқ айналды,
Қалды кірпік ұшы жауып.
Командарм сырт айналды,
Тырс үндемей тісін жарып.
Ұқсап күннің жарқылына
Ұшты үндер жиі асыға.
— Барасыңдар жау тылына
Фашистердің ұясына.
Айнала өрт құйындаған,
Міндеттің ең ауыры бұл.
Қайта оралу қиын одан
Бірақ Отан әмірі бұл!
Тартты түнде алты адам,
Ұшты оқтар аңқылдаған.
Айқыш-ұйқыш аспанда оттар,
Бір сөніп,
бір жарқылдаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу