Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  117


Автор: Сырбай Мәуленов

Солдат жесірі

Қас тағдырдан қолды жайып қолқалап,
Сұрадың сен жылы рай мен оң қабақ,
Төлегенін күткен зарлы Жібектей
Қара көзің күңгірт тартты жол қарап.
Сендің шексіз түнде көрген түске де,
Күттің, күттің аяулыңды құс келе,
Аңызақта шөп айырлап, мал бақтың
Соңыңа ертіп солдат ұлын кішкене.
Солдатыңның сарғыш тартқан хаттарын,
Сағыныштың сәулесіндей сақтадың,
Қара көзден қан аралас жас тамып
Мың сан оқып әрбір сөзін жаттадың.
Суретін гүлге орап кестелеп,
Жұмыстан соң иіскеледің кеште кеп.
Айлар, жылдар өтіп жатыр асығыс
Солдат жайлы білмедік деп еш дерек.
Ол кеткелі талай-талай көшті бұлт,
Қайта түлеп жаңғырықты ескі жұрт.
Бірақ жардың даусы қайта естіліп,
Қара жолға көп қарайсың кешкілік.
Ұзай-ұзай ұясына күн батып,
Қараңғы боп көрінбейді қырда түк.
Келе ме деп тұтатасың шамыңды
Сонырқаған жұлдыздардай түн қатып.
Абыройына шаң-тозаңды жуытпай,
Отырсың сен жылы орнын суытпай.
Ширек ғасыр өтсе-дағы келесің
Ер аруағын сыйлап, күтіп ұмытпай.
Елмен бірдей егін салып,
мал бағып,
Жазда қысқа орын сайлап қамданып,
Немереңді емірене сүйесің
Атасына тартқан ғой деп алданып.
Өсіресің өз балаңдай қол қатпай,
Төсегіңе қисаймайсын ол жатпай.
Жер қозғалса қозғалмайтын жеңешем,
Өзің маған көрінесің солдаттай.
* * *
Жаны аулақ қарттық деген қасіреттен,
Айнала жастық өмір, жасыл көктем.
Жатады қора-қора қойдай болып
Баянның бұлт мекендеп басын көптен.
Толқынның құлақ тосып ащы үніне,
Шатырын құрып тастап тас түбіне,
Елжіреп жағасында Жасыбайдың
Әркім-ақ жолығады жас күніне.
Жатыр көл ата-баба көзіндей боп,
Аяулы нәзік сырлы сезімдей боп,
Жаяды найза тастар күнге құшақ
Сұлтанмахмұт ақынның өзіндей боп.
Ежелден дауыл досы, жауын досы.
Баянның баянайлап маңында осы,
Ертеде секілді бір қалып қойған
Көшпелі қазақтардың қалың қосы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу