Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  166


Автор: Сырбай Мәуленов

Табиғатпен туыстық

Келіп қалдым Баянға дәм-тұз айдап,
Таңертеңнен жүрегім тау-құзда ойнап,
Толқынына шомылып, құмында аунап,
Жасыбайды жатырмын жалғыз жайлап.
Бәлкім жұртқа бұл алыс жер шегіндей,
Ал мен үшін жанымның бөлшегіндей.
Қымыз иісі мұрнымды қытықтайды
Шыңдар — мама биенің емшегіндей.
Жүрген адам баласы қауымында,
Табиғаттың мен де бір тауымын ба?
Күн шалғанда басымды жаным жайнап
Бұлт жапқанда батамын ауыр мұңға.
Жүрген қиял толқынның желігінде,
Табиғаттың мен де бір көлімін бе?
Жел үрлесе жалданып көтерілем,
Жел соқпаса желік жоқ көңілімде.
Жаралдым ба ауаның оттегінен,
Әлде дәрі даланың шөптерінен.,
Әйтеуір бар бәріне туыстығым,
Құшағына қысады шеттерінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу