Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  119


Автор: Сырбай Мәуленов

Дауыстар

Өзендердің дауыстары —
Толқындар,
Жазғы аспанның дауыстары —
Нөсерлер,
Асқар таудың дауыстары —
Бұлақтар,
Қара бұлттың дауыстары –
Шешен жел.
Жасыл көктем дауыстары —
Жас талдар,
Қаһарлы қыс дауыстары —
Борандар,
Қара таста жаңғырығар дауыс бар,
Дауыс жоқ деп ойламаңдар, адамдар!
Дауыс деген дүниенің тіл, үні,
Дауыс деген табиғаттың тірлігі.
Дауыстарда ақ сәуледей шаттықпен,
Қара бұлттай қайғының да тұр мұңы.
* * *
Күндер өтті қаншама,
Өзің болдың жұбаныш.
Үйің жақын болса да,
Тұрғандайсың тым алыс.
Мен көлденең сөзге азып,
Сенен аулақ кетпеспін.
Қалсам бір сәт көз жазып,
Көргенінше өтпес күн.
Дірілдейді жүрегім,
Бір күн маған мың күндей.
Сағынышпен жүремін
Іштен тынып білдірмей.
Іштен тәуба етемін,
Көрінгенге жай төбең.
Сен болмасаң не етемін,
Сен болмасаң қайтер ем?
* * *
Отырмын оймен дал болып,
Жауатын бұлттай тұлданып.
Жағада жалғыз тал болып,
Сыңсыған желмен ырғалып.
Ішімде бір өрт лаулайды,
Білмеймін қалай жанды екен?
Көзімнен бір жас тамбайды,
Тауысылып қалай қалды екен?
* * *
Жаз жаңбыры жапыраққа түнейді,
Тербеледі жел лебімен,
Жаз жаңбыры дірілдейді,
Бір толқып дала көлдерімен.
Жаз жаңбырының түсі жоқ секілді,
Бірақ дала жайнайды
оның қызыл нұрларымен,
Жаз жаңбырының күші жоқ секілді,
Бірақ дала толқиды оның ызғын
суларымен.
* * *
Күніне мың көрсем де,
Жаным жаз боп жайыла алмаймын.
Күніне мың естісем де,
Дауысыңды айыра алмаймын.
Көргенім жоқ салқындап,
Сен маған біресе күн,
Біресе гүл болып көрінесің.
Алмас сынығымен жалтылдап,
Күн шұғыласымен шағылысып.
Мың бөлінесің.
Сен менің көңілімде —
Жүз қыздайсың,
Тербелген жел үніне
Жүз өзен,
Жүз бұлақ,
Жүз жұлдыздайсың.
* * *
Шалынбас көзге бір тамшы
Өрнегі жерден мың гүл боп,
Шалынбас көзге гүл даусы
Тұрғаны сайрап бұлбұл боп.
Кеудеңде бұлбұл,
Гүл шулап,
Көмейден саулар наз ытқып.
Билейтін жанды шыжымдап
Сиқырлы күш сол нәзіктік.
* * *
Жайымды менің біл танып,
Сырымды несін жасырам.
Дауыл боп кейде бұрқанып,
Аспан боп кейде ашылам,
Қабақты жауып сұрланам,
Шошисың ол кез түсімнен.
Өзімнен өзім ұрланам,
Өртенем жанып ішімнен.
Биікке кейде шығып aп,
Жүремін жерге қона алмай.
Көргем жоқ, бір сәт тынымдап,
Уілдей берем борандай.
Азады өзен ақпаса,
Арнасын тауып қазбаса,
Тозады ой тулап жатпаса,
Тозады өлең жазбаса.
* * *
Жалтыраған жүзіндей қалайының,
Маған сыры белгілі талайының.
Дұшпан тұрсын аштырмас адымыңды
Аңдып жүрген артыңнан ағайының.
Дұшпан менен достарын бір жазалап,
Өлтіріп ап кейбірі жүр азалап,
Үйреншікті өзінің әдетінше
Үйіне кеп оқиды жыр-мінажат.
* * *
Соғыста аурулар айығып кетті,
Айыққан жоқ ол тимеді ауруға.
Оқтар ұшты айырып көкті,
Оттар жүзді даланың сауырында.
Жан-жақты орады жау аптығып,
Тұтқынға түскен жоқ жауаптылық.
Жұрт теңіз болса да ішкен жоқ,
Қалды телегей арақ тұнып.
Адам достықты сыйлап күтіп,
Адам ажал алдында күліп тұрды.
Соғыс салақтарды жинақты етіп,
Босаңдарды шынықтырды.
* * *
Былдыраған быдық сөздерде —
Салдырлаған тастар бар.
Сығырайған жұмық көздерде —
Тамып кетсе жанды улайтын жастар бар.
* * *
Егер менің қиялым болмаса,
Жұлдыздар айрылады нұрынан.
Егер менің қиялым болмаса,
Өзендер айрылады суынан.
Егер менің қиялым болмаса,
Табиғат тұрмас еді сұлуланып.
Егер менің қиялым болмаса
Көрінбей кетер еді адамға күн ұрланып.
Менің қиялым тірілтеді өлгендерді,
Менің қиялым дүниеге тұр көрік беріп.
Сондықтан сөйлеймін мен, қиялыммен Жер үстін,
Аспан астын көріп келіп.
* * *
Таңды атырамын,
Күнді батырамын,
Аялы алақаныммен
Ұйықтатамын орманның жапырағын.
Көз нүрыммен жуамын,
Жас көлдерді,
Жұлдыздардан құрамын
Әскерлерді.
Келмейді өкпелеп ашуланғым,
Мейлі мені кейбіреу қарапайым адам десін.
Арманда өткен ғасырлардың
Айға барып,
Алам өшін.
* * *
Кім білсің тырналардың қанша ұшқанын,
Біздің Торғай қырына жеткенінше.
Жазылған жоқ дәптеріне данышпанның,
Мүмкін оларға көрінер қас қағымдай,
Біздерге сонша ұзақ, көл көрінсе.
Кім біледі қанша уақыт ететінін.
Менің жырларым жүрегіңе жеткенінше,
Жолда жүргеніңде жылын, сәулем,
Жон үстінен жылтылдап от көрінсе.
Ол менің жүрегімнің жалыны ғой,
Лапылдап отқа айналған жан үні ғой.
* * *
Мазаны әбден кетірді,
Қызғаныштан іш күйіп,
Қызғанамын бетіңді
Алады-ау деп қыс сүйіп.
Көк өрімдей гүлдермен
Кетті сәби бала жаз.
Әурелей ме, кім білген
Аппақ шашты шал аяз.
Қыс құшақтап, жабысып,
Қылжақтай ма жөн білмей,
Көктем болып алысып,
Шықсаң болды жеңдірмей.
* * *
Кей уақытта жазды күткен жердеймін,
Бірақ сен келмейсің.
Кей уақытта қазды күткен көлдеймін,
Бірақ сен келмейсің.
Кей уақытта жауын күткен шөлдеймін,
Бірақ сен келмейсің.
Кей уақытта сағым күткен белдеймін,
Бірақ сең келмейсің.
* * *
Тоқта шофер, жол үстінде,
Біреулер тұр қол көтеріп,
Біреулер тұр қол көтеріп,
Тоқта, шофер, жол үстінде.
Кім біледі әлде біреу
Жатқан шығар сырқаттанып,
Етер бәлкім сені медеу
Тұрғанында күн бұлттанып.
Әлде мүмкін бұл өмірге
Жатқан шығар келгелі адам,
Тапсырғалы тұрған шығар
Жақын көріп соны саған.
Тоқта, шофер, аз кідіріп,
Жол үстінде аялда сен.
Біреулер тұр қол көтеріп,
Көмегіңді аяма сен.
* * *
Ал бүгін күн ашылып жақсы болмақ,
Ауа райы бюросы айтуынша,
Көшпекші бұлттар көкті жатқан торлап,
Жылынбақ жердің жүзі ай суынса.
Білгенде адам солай көк мінезін,
Жүрегің мың құбылып неге алдайды.
Жаныңның ауа райын қалай солар,
Мен үшін бірден ашып бере алмайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу