Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  111


Автор: Сырбай Мәуленов

Сызықтар

Сызықтардың сыры жұмбақ тұмандай,
Келем оның құпиясын ұға алмай.
Мүмкін сызық түспей қағаз бетіне
Көңілдерде жүзіп жүрген шығар жай.
Жоқ, сызықтан жатыр тарап жол талай,
Ол мұнара, ол бір күмбез, ол сарай.
Ауа арқалап, жарық жинап келдім деп,
Үйіңе еніп сөйлеседі ол солай.
Ол білінбес бір ғажайып сиқырлы үн,
Ол ақыны қиял менен цифрдың.
Ол бөлмеңнің жылылығы, тірлігің,
Күзетшісі сенің тыныш ұйқыңның.
Әрбір сызық жаңа орман, каналдар,
Әрбір сызық жаңа қорған, қамалдар.
Әрбір сызық жаңа күннің картасы,
Сол картадан келешекті қараңдар.
Тұр оларда таңдандырар бар қызық,
Тіптен олар жатқан да жоқ сан тізіп.
Тек қағазда айқыш-ұйқыш сызылып,
Қала болып сөйлеседі әр сызық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу