Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  155


Автор: Сырбай Мәуленов

Алғашқы әсер

(Жазушы Василий Субботиннің айтуынша )
Алматы артық екен ертегіңнен,
Мадақтап мақтамапты ел тегіннен,
Секілді алып кеме Алатауы,
Ақша бұлт аумай қалған желкенінен.
Паш етіп барлық жерге баяндамай,
Көп өттік Алматыға аялдамай,
Бар екен қазақтарда не сұлулар
Баяғы Қозы Көрпеш — Баяндардай.
Нұрлы екен сұлулықтың арманындай,
Жырлы екен сонау Біржан салдарындай,
Кең екен даласындай қазақ жаны,
Өр екен өздерінің тауларындай.
Бұлт мауқы басылмас тау басын құшпай,
Жеткенше жел де шыңға асығыстай,
Жайылған саусақтардай жас бұтақтар,
Шулаған жапырақтар жасыл-құстай.
Сынаптай таза ауасы жанға тұнған,
Жыр шертіп бұлақтары таңды атырған,
Әлемде артық жер жоқ, қазақ досым,
Ақ таулы жасыл баулы Алматыңнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу