Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  155


Автор: Сырбай Мәуленов

Бірінші класс

Бірінші класс, ыстықсың маған оттай,
Данышпан да кеткен жоқ саған соқпай,
Ақындар да кеткен жоқ саған соқпай,
Батырлар да кеткен жоқ саған соқпай.
Кеудесінде ақ жаңбыр, ауа жұмсақ,
Жаттың жалпақ бір өзің далаға ұқсап.
Бірінші класс, партаңа қойды барып,
Қызыл гүлдей алаулап балалық шақ.
Көбелектей көл кезген кеп балдырған,
Бірінші класс, өзіңнің өтті алдыңнан.
Бірде жел боп, толқыды бірде көл боп,
Төрт бұрышты дүние— төрт қабырғаң.
Қысты күні ойнаған қалалар сап,
Жазды күні гүл терген даланы аңсап,
Келді ме деп ойыннан адасар шақ,
Жалқауланып қозғалды бала саусақ.
Күрес емес соғатын жамбасқа алып,
Қиын болды бәрінен алғашқы әріп.
Сол бір әріп көлденең тұрып алды,
Жатқан мұзарт асқардай қар жастанып.
Сол тіректей жер-көкті жалғастырсаң,
Қиын болды одан соң алғашқы сан.
Доптай әріп,бір таяқ алғашқы сан
Келмеді оған, не керек; алғаш мұршаң.
Қайырым жоқ күткенмен жолдасыңнан,
Жолда тоқтап өзіңдей ол да ашынған.
Бірінші класс, бірінші қайран ұстаз,
Алып шыққан арқалап сонда асудан.
Содан кейін жер-көктің сөзін біліп,
Тәй-тәй басып кетесің өзің жүріп,
Бірінші класс, өзіңде данышпандық,
Бірінші класс, бір сенде төзімділік.
Бірінші класс ыстықсың маған оттай,
Данышпан да кеткен жоқ саған соқпай,
Ақындар да кеткен жоқ саған соқпай,
Батырлар да кеткен жоқ саған соқпай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу