Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  235


Автор: Гаухар Жүсіпәлиева

Тәуелсіздік тұғыры

Осы жайлы айтқым келеді сыр лайым,
Ішімдегі шықсын жырмен бір уайым.
Қайраттарды қыршынынан қидырған,
Желтоқсанның жайын айтып жырлайын.

Сол кездегі қатаң, қатал сынды ұқтым.
Ол оқиға куәсі сан сұмдықтың.
Бәрімізді қуантады әрине,
Жеңгендігі түбінде ащы шындықтың.

Егемендік елге қымбат бұйымдай.
Алла берген алашыма сыйындай.
Ұлтымыздың болашағы сол жастар,
Қиындыққа қарсы тұрды құйындай.

Тәуелсіздік бізге үлкен белес деп.
Бұл айтылған тек бір арман емес деп.
Жан ұшырған дауасы келеді құлаққа,
Қорлық көрген бейнелері елестеп.

Егемен елді оятып таң самалы.
Ұрпағы бостандыққа ән салады.
Нұр аға салып берген Астананы,
Көрген жан ұмыталмай тамсанады.

Кешегі Қайрат, Ләззат бауырлардың,
Тек қана тәуелсіздік аңсағаны.
Егемендік алғанда өздері жоқ,
Халқымның құрбан болды қанша жаны.

Оларда бәйтеректің бүршігі еді.
Еске алып далам соны күрсінеді.
Ызғары жүрегімді тіліп өтіп,
«Желтоқсан» десе жаным түршігеді.

Алдымнан азаттықтың желі еседі.
Бірлігі мықты әрдайым ел өседі.
Елу ел қатарынан орын алдық,
Елімнің жарқын болып келешегі.

Сол жастардың біздерді,
Әруағы қолдасын!
Қолда барда алтынның
Қадірі жоқ болмасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу