Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  118


Автор: Сырбай Мәуленов

Тартыс таңбасы

1
Суын тосып елге тұнық
Ортасында жас тоғайдың.
Жатыр Тобыл тербетіліп,
Ерке өзені Қостанайдың.
Күркірейтін көктем күні
Шапшып шығып жар басына.
Жүрмей жазда өктемдігі
Түсетін өз арнасына.
Қашан барсам мені кілең
Қарсы алатын Тобыл күліп,
Күміс шашқан көбігімен
Аймалайтын шомылдырып.
Көргем одан талай қызық
Мініп толқын өркешіне,
Құлаш ұрғам талмай жүзіп,
Еркін аунап кең төсіне.
Асықпайтын аласұра
Сүйетінмін көк ағысын.
Жиналып ел жағасына
Өткізетін демалысын.
Кейі жардан атылатын
Суға құлаш батыл ұрып,
Кейі құмда отыратын
Көйлегінен шатыр құрып.
Кейбіреулер қармақ салып.
Көзін қадап кірімге.
Тұратұғын аулап балық
Өзеннің бір иінінде.
Кейбіреулер соғатұғын,
Естіп-білген кеңестерін.
Кейбірі еске алатұғын
Өмірінің белестерін.
Отырды кеп жартасына
Сондай бір күн бала жігіт.
Жұлдызы бар арқасында
Таңқалыса қарады жұрт.
Арқасына алақандай
Түскен жұлдыз соқталанып.
Кім басты екен қара таңба
Жауырынын отқа қарып?
Осы ой менен әлгі жасты
Жұрт қоршады ортаға алып.
Сұрау беріп дабырласты:
— Сырыңды айт?— деп
қолқа салып.
Көз алдына бір келтіріп,
Өткен күннің қанды көшін,
Сұраған соң жұрт өтініп,
Кетті ол бастап әңгімесін.
2
Болатын ол жайлы, рақат
Дәл осындай демалыс күн.
Жатыр еді жайбарақат
Ормандары белорустың.
Балалық шақ ерік бермей,
Бліктіріп ойынына.
Сүңги бердік еліктердей,
Көк орманның қойынына.
Көк орманнан күй тыңдасып,
Көрдік нелер кереметті.
Қудық бір кез қиқуласып,
Қызыл-жасыл көбелекті.
Жанына дәл жақындатып,
Күтті ол бізді демін алып,
Құлатты да жапырлатып,
Құлдырады жеңіл ағып.
Қайта тұрып ызаланып,
Ілінсең деп бір қолыма.
Орман ішін бұза-жарып,
Түстік оның қыр соңына.
Байқамаппыз жүгірістен
Қалған екен күн кешкіріп.
Көк аспаннан күйінішпен
Күңіренген үнді естідік.
Қара бұлттай қаңғып келген,
Жауып бір кез көкті аппақ.
Жемтіктерін аңдып жерден,
Қарақұстар кетті қаптап.
Қара орманға қадала кеп,
Түсіп:жатты бомба жауып.
Дауыл тұрып,
жаландап өрт,
Басымызға төнді қауіп.
Аларып көз алақандай
Кетті шығып шарасынан.
Үрпиісіп балапандай
Іздедік біз жанашыр жан.
Қан суынып денемізде,
Жалтақтаймыз жайға алақтап,
Жүріп алды төбемізде
Қарақұстар айналақтап.
Кешке дейін бір тынбады,
Жау аспаннан жалын шашып.
Кешке дейін тың тыңдадық,
Туған жерге бауыр басып.
Оралсақ біз қараңғыда,
Деревнядан қалмапты түк,
Салыпты аш аранына
Жау бомбасы жалмап жұтып.
Естілмейді жалғыз дыбыс,
Көрінбейді жалғыз шырақ.
Жанып жатыр қалың жыныс,
Жаутаңдаймын жалғызсырап.
Осы бір күн өңі үрейлі
Жетімдікті сезінді бас.
Ет бауырым елжірейді,
Домалайды көзімнен жас.
Жау үйімді ойран етті,
Тып-типыл ғып орнын орып.
Әке-шешем қайда кетті
"Қалғаным ба сорлы болып?
Тұрмын түнек құшағында,
Айнала, түн төңірегім.
Кеуде толып құса-мұңға
Көлдей толқып еңіредім.
Дауысымды құлағы естіп,
Келді көрші қарт Роман.
Өз шерімді жылап, өксіп,
Жатырмын мен айтып оған.
— Кетті ата-анаң арманда құр
Соғыс осы — сұм дүние.—
Шалдың сөзі алғандай бір
Жүрегіме сұғып ине.
Тұр екенмін босқа зар қып,
Қайырым күтіп текке түннен.
Естен танып,
бас қаңғырып,
Түстім құлап етпетімнен.
Өрт ішінде тірі өліктей
Қалдық қаусап шал екеуміз.
Енді не бар күтерліктей,
Енді неден дәме етеміз?!
Жоқ, сен Коля, тарықпа құр
Мін жасымай қайратыңа.
Күш жетеді халықта бұл
Дұшпандарды жайратуға.
Жауға оқ боп атылады,
Туған жердің әрбір тасы.
Партизандар отряды
Көк орманның әр бұтасы.
Тиген жауға жасырына,
Қорғасындай тұнып кегі.
Партизанға қосылуға
Кетті село жігіттері.
Шалдың сөзі тастағандай,
Аз да болса бір тыңайтып,
Өмірге сол бастағандай
Орынымнан тұрдым қайтып.
Қақтығысып көк теңізде,
Сеңдей көшкен тасқындағы.
Түнде шұбап жетті бізге
Қаланың бір босқындары.
Босқындарды шал жүгіріп,
Алдарынан тосып алды.
- Әзірінше сәл кідіріп,
Сағалаңдар осы маңды.
Қашқанның да бөлектеніп,
Пайдасы жоқ берер тегі.
Партизандар көмек беріп,
Алыс тылға жөнелтеді.
Көзге қораш болса-дағы
Көрінді шал маған дүрдей.
Босқын жандар қоршап алды,
Тұрды Роман командирдей.
Айтты маған шал асығып,
Жөнін ерлер мекенінің.
Мен де енді қолбасылық
Қызыметке көтерілдім.
Тартып бердім таң алдында
Босқындарды бірге ертіп.
Партизандар қамалына
Жеттік зорға түнделетіп.
Күдіктене қарап қалды
Ұшырасқан маған бірі.
Жертөлеге айдап барды,
Тұрды алдымда командирі.
Әкең, қайда?— үндемедім.
Шешең қайда?—үндемедім.
Жүрісімді ол сұрастырды
Жолға шығып түнде менің.
Жаңылатын жауабынан
Емес едім жан бұйығы.
Ақты жас боп жанарымнан
Ата-анамның зар күйігі.
Алақанмен қақты күліп,
Жас командир жауырыннан.
Алтын отын жақты үміт
Кеттім сергіп ауыр мұңнан.
Босқындарды қабылдады
Жатар орын,
азық беріп,
Мені оңаша жанына алды
Шалға бір хат жазып беріп.
— Он үш жасың дәл анық па?
Мықтымысың, қалай күшің?
Село менен аралықта
Байланысқа жараймысың?
Жараймын,— деп жауап бердім.
Командирдің қарсы алдында.
Бірі болып жарақты ердің
Қалай болар қалсам мұнда?
Бұл тапсырма жас басыңа
Оңай емес ойла, шырақ.
Біздің үшін басқасынан
Бұл жұмысың пайдалырақ.
Құп!— дедім мен солдаттарша
Шеке тұсқа қолды апарып.
Жет селоға таң атқанша
Күндіз жүру жолда қауып.
Рақмет!— деп командир,
Ернін тосты маңдайыма.
Сыйлық болды бұл маған бір
Ойдан кетпес әрдайым да.
Оның бүкіл түр-тұлғасы
Болды әкемді тірілткендей.
Оның ыстық ықыласы
Жүрегімді жібіткендей.
Мен де оған құлап түсіп,
Сүйіп аппын,байқамаппын.
Жаным құнап құрақ ұшып,
Деревняға қайта тарттым.
3
Табан тіреп қарақшымен
Айқаса алмай қапы кетіп,
Селомыздың нақ үстінен,
Біздің әскер жатты өтіп.
Өтіп жатты бәрі асыға
Өте суыт жүрістері.
Қалған болар таяп сірә
Не де болса ұрыс шебі.
Ауыр қайғы алып бойды,
Олар кейін бара жатты.
Бір жауынгер қалып қойды,
Бүйірінен жарақатты.
Жер астынан орын сайлап,
Не де болса тәуекел деп.
Құтқарудың жолын ойлап
Жанталастық шал екеулеп.
Орманды орап оттарына
Жетті фашист келесі күн.
Тұрды село оқпанында,
Зеңбіректің өңешінің.
От атылып,
доп жарылып,
Бомба ысқырып ұшты көктен.
Түспей қалған аударылып,
Бұл көне жер күшті неткен!
Айналада от өріліп,
Аңдыздады ұшқын өрттен.
Түспей қалған төңкеріліп,
Бұл ормандар күшті неткен!
Алдына сап танктерін
Селоға жау келді кіріп.
Бар байлықты алып тегін
Билемекші елді бүріп.
Салып жатыр жау забытын
Қалмады енді бөгелер түк.
Жаралыны алдағы түн
Партизанға жөнел ертіп.
— Кешке бала-шағаларды
Ат қораға алды жинап.
Қайта-қайта жауап алды
Шұқшиып кеп шалды қинап.
— Бас көтерер сен осында
Қашырдың сен,
еттің айла.
Неге жоқ ел селосында,
Жер жұтты ма, кетті қайда?
— Сен кінәлі дәл осыған!
Тек «білмеймін»— шал жауабы.
Көзі шығып шарасынан
Кетті түсіп жау қабағы.
— Білмейтұғын жын ұрып па ең
Берейін мен сыбағаңды,—
Деп офицер жұдырықпен
Салып етті Романды.
Алға бірер ұмтылды да,
Шал құлады шалқасынан
— Атпақшы боп бір тұрды да,
Қаруын ап қалтасынан.
Тағы офицер ойланғандай:
«Көрерміз» деп жүре берді.
Ұйқысынан оянғандай,
Шал бір уақыт түрегелді.
Шал екеуіміз бір апанға
Кеп тығылдық ұрылардай,
Гуілдесіп ала таңға
Шықты жаулар тыным алмай.
Түніменен той жасады,
Басылмады жау арыны.
Шал менімен ойласады
Құтқаруды жаралыны.
— Әлгі офицер бар жағдайды
Тұрған шығар мүмкін біліп.
Жаралы онда сау қалмайды
Табады оны тінтіп жүріп.
Жөнелемін,— дедім оған,
Дайын міне, ел үшін жан.
Бар білерім бір Роман,
Оның сөзі мен үшін заң!
Қараңғы түн келіп жетті,
Кетті ұрланып кәрі адырлар.
Торуылдап төңіректі
Жүрді айнала қарауылдар.
Шоғырланған тал қасынан,
Айналаға барлау салып.
Қарауылдар арасынан,
Жылжыдық біз саңылау тауып.
Кенет бір кез кетті жайпап,
Жарық болып жан-жағымыз.
Тік шаншылып көкке бойлап,
Түсті жерге жанған жұлдыз.
— Салды ма әлде бір тыңшыны
Қалыпты ізді жаулар біліп,
Жөнеліңіз, қуғыншыны
Бөгейін мен алдандырып.
Оянды орман тұрған мүлгіп,
Басталды атыс түн ішіңде.
Жаралы жан жылдам сүнгіп,
Кетті кіріп ну ішіне.
Қара түнді дүрліктіре,
Қарақшылар дабырласып,
Бұталарды үңгіп, түре,
Келе жатыр жалын шашып.
Қараңғыда біреу келіп,
Тастағандай буындырып.
Жатырмын мен үрейленіп,
Бой дірілдеп, буын құрып.
Иттері бар жетелеген,
Қарақшылар ізді кезіп.
Біздер қашқан төтеменен
Келді үстіме гүжілдесіп.
Түсінген жоқ сөздеріне
Жатқан жерде тепті келіп.
Жарқылдап от көздерімде
Жұдырықтар кетті көміп.
Кейде толқын шыққан айдап,
Жаттық жансыз бөренедей.
Бұталарды бұқпантайлап,
Жорғаладық бөденедей.
Байлап аяқ,
қолдарымды
Бірі бастан өтті салып.
Біле алмай не болғанымды
Сол арада кеттім талып...
Баяғы ат қорадамын
Көзімді ашсам ертеңгілік.
Өн-бойымда жара қалың
Кетті өзекті өртендіріп.
Тұра алмастай жығылыппын,
Қалыпты тек құр сүлдерім.
Уытынан жудырықтың
Ауыр дем ап күрсінемін.
Асыға аттап босағадан
Екі солдат келді жетіп.
— Батыр болсаң осы арадан
Көр, кәнеки, енді кетіп.
Кекеп жатыр келісімен
Қарғалардай қарқылдасып.
Уһілеймін мен ішімнен
Демім өрттен жалын шашып.
Шалдан жауап алатұғын
Кірді офицер бір кездері.
Қашқын ердің қара түрін!—
Дейді ойнақшып сұр көздері.
Күтті сені кім орманда,
Бара жаттың қайда қашып?
Қосылып ап сен оларға
Соғыспақ па ең, майдан ашып?
Айт барлығын,
түсін мені
Жаныңдағы кім серігің.
Пистолеттің ішіндегі
Жалғыз оқта тұр өмірің.
Жауап күтіп: «Бір-екі, үш»— деп,
Пистолетін тұр кезеніп.
Үн шығармай тілді тістеп,
Қатып қалдым мен безеріп.
Өзгертіп ол өңін дереу
Көлгірсиді күліп бір сәт.
Алдаған ғой сені біреу
Қиын-қыстау іске жұмсап.
Шыныңды айтсаң құтыласын
Қашуыңа себепші кім?
Болса егер ықыласың
Бірі етейін көмекшімнің.
Қайталап ол сұрақтарын
Бір жауапты тұрды күтіп.
Tic жарып бір тіл қатпадым,
Қалғандай-ақ үнім бітіп.
Білмейді ғой сый-құрметті
Жүрмеді ғой қолқа сірә,—
Деді де ол бұйрық етті:
Бас!— деп,— жұлдыз арқасына.
Жалынып та көрдік сұрап,
Қасарысты бұл бізбенен.
Коммунистің белгісі нақ
Бес бұрышты жұлдыз деген.
Қондырыңдар дәл айнытпай
Сол жұлдызды жауырынға.
Мәңгі мөр болып қаларлықтай,
Бір түсердей қабырына.
Көз алдымда от өрілді,
Көк жалындар ұшты лаулап.
Басты әкеліп көк темірді
Ышқына кеп түстім аунап.
Көз алдымда ойнап, ұйтқып,
Тұрып алды әлгі жалын.
Естен танып, ой ауытқып,
Біле алмадым арғы жағын.
Қанша жаттым хабарым жоқ
Қор болмаспын сірә мұндай.
Жылтырлайды жанарымда от
Тіршіліктің шырағындай.
Бір өлімнен расында
Басқаны мен күтпеген ем,
Жатыр екен ұясында
Шықпаған жан, бітпеген дем.
Шықты айқай түн кезінде
Күтпеген іс бұл кенеттен.
Естідім үн бір мезгілде
Тарсылдаған пулеметтен.
Жарылып гүрс гранаттар,
Оқ зымырап көкті тілген.
Ысқыра ағып, зырлап доптар
Жерді жапқан көк түтінмен.
Кенет атыс тынып қалды
Қайта түсіп сабасына.
Жоқ болғандай сіңіп бәрі,
Тығылып түн арасына.
Түсініксіз маған бірі
Жатырмын мен нені ұғынып?
Партизанның командирі
Бір мезетте келді кіріп.
Құшақтады қысып қатты:
— Аман ба,— деп,— албырт ұлым.
Көзімнен жас ыршып ақты
Жаңбырындай жан бұлтының.
Қалтыратып бұрқанады
Көңілімде бұл мұз қайғы.
Қанды күннің бір тарауы
Бітті әңгіме жұлдыз жайлы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу