Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  152


Автор: Сырбай Мәуленов

Адам өлмейді

Адам өледі —
От басында,
Кейде жолда:
Апатта,
Не тасқында.
Қара қоршау —
Ажалдың ноқтасындай
Тұрады газеттің
Төртінші беті астында.
Адам өлмейді —
Қалады кез нұры
Тауларда,
Ормандарда,
Өзендерде.
Атылады
Дауылды,
Өрт-жалынды кезеңдерде.
Есімі оның
Теріліп баспаханаларда
Тұрады ісі үлгі боп
Басмақалаларда.
Адам өлмейді —
Тіршілік туындайды.
Отқа атылған,
Оққа атылған
Космосқа көтерілген
Жалынды жүректер
Еш уақытта суынбайды.
* * *
Қанша адаммен таныспын,
Қанша адам әлі табыспақ.
Алыстар келер жақындап,
Жақындар кетер алыстап.
***
Қырықтан асып кетіппіз,
Қырық жылғы өмір бір күндей,
Жедел басып жетіп күз,
Өтіпті жаз білдірмей.
Отырғам жоқ өкініп,
Іздеп жаздың іздерін.
Пісіп, толып, жетіліп,
Жайқалмай ма күзде егін.
* * *
Қоңыр төбе!
Қоңырайып тұрсың сен,
Көптен бері шықпады деп басыма.
Қоңыр төбе!
Артта қалған жылсың сен,
Қар түсіріп кеткен қара шашыма.
Жапырақты жарқын жаздар енді жоқ,
Жастық мені кетті аттан құлатып.
Қоңыр төбе!
Өткен күнге белгі боп —
Тек бұлағың кеудемде тұр жыр атып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу