Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  128


Автор: Сырбай Мәуленов

Қаздар

Бұрылтпай оңға, солға да,
Үйіріп жолды оқ демі,
От болып қонды орманға
Соғыстың күрең көктемі.
Жығылып үйлер жаралы,
Жалындап жанып жатты азбар.
Төбеден ұшып барады
Төлеген досы - ақ қаздар.
Жауынгер көкке қарады.
Бұл күйді тосын қапты ұқпай.
Ақ қаздар бірде көрінді
Аспанда қалқып ақ бұлттай.
Аңсады бейбіт өмірді
Тұратын тұнып оқты атпай.
Ақ қаздар бірде керінді
Жарына жазған ақ хаттай.
ұр еді ол мана күрсініп
Өмірдің сәні кеткендей.
Қуанды енді тіршілік
Ақ қаз боп желпіп өткендей.
***
Жатыр қабір тас бекіне
Даланың бір төбешігі.
Жазылмапты тас бетіне
Ең болмаса ер есімі.
Кім болды екен қайран боздақ
Күткен көптен бір хабарын.
Шашын теріс жайған боздап,
Жалғызы ма бұл ананың.
Күнде жоқтап зар жылаған,
Батқан мұңы елге біздің.
Күте-күте қалжыраған,
Жары ма бұл жеңгеміздің.
Қасымда жоқ адам бөтен,
Тұрдым көп сыр түйіп ішке.
Қандай айла табар екем.
Удай ащы күйінішке.
Білмеген де бір есептен
Жақсы шағар бұл жігітті.
Хабар күткен келешектен
Сөндірермін бір үмітті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу