Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  155


Автор: Сәкен Иманасов

Іні

Серікболға

Бойыма сіңбей асы басқаның,
арнама сыймай тасып, асқамын,
бұлттанып бір сәт көрмес дейтін ем
қашанда шәйдай ашық аспаным!
Атам мен анам ертеде көшкен
шықпай-ақ жүріп жертөлем естен,
еңіреп туған ермін деуші едім,
елім бар ғой еркелеп өскен.
Қаладағы дос, ауылдағы әулет
болар-ау деумен сауымда мәулет,
қаннен-қаперсіз жүре де беріппін,
ойыма да алмай жауым бар-ау деп.
Өзім қатарлы озып ем ерден,
көбейді күндес - көзі көгерген,
алдымды орап айлалылары —
қайдағылары кезіге берген.
Жардың астынан бақылап тағы,
күңкілдеп қойып ақымақтары,
жалтаң аға мен жалған достардың
қайсысы мені жатып атпады!
Үйреніп үрдіс, бар ғұрыпты елден,
жан едім түгел ән қылып келген,
Құдайым шығар жұрағат-жұрттың
пейілін де маған тар қылып берген!
Жағама жалған жалауын қадап,
жалықтырды елдің жадау ұлдары-ақ
саптыаяғына ас құйып тұрып,
сабынан өзі қарауыл қарап!
Бәрінен сені толымды көрем,
Толымды керіп, қолымды берем.
Кішілігің де айта жүрерлік,
Кісілігің де орынды дер ем!
Өмірің сенің күресте бүгін,
өзіңе тиген үлес те мығым.
Аман да жүрші, алпыс жасымда
артымнан менің ілескен інім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу