Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  108


Автор: Сәкен Иманасов

Жүрек туралы жыр

Жұмекен рухына
Аяқ асты не болды бұл, ұқпадым,
қас қағымда дем де шықпай, бітті әлім,
Көрем деген кім бар еді тіріде
аждаһаның бір-ақ қылғып жұтқанын.
Аспан аунап, қарауытып айналам,
қайда кетті жаңағы бір жайдары ән,
көріп жатқан түсім қайда, құдай-ау,
құсым қайда көкіректе сайраған.
О, жүрегім, жүрегім-ай жүрегім,
бордай болып бозарыпты-ау реңім,
тозақ деген осы ма еді, тәңір-ау,
жаңа ғана жайбарақат жүр едім,
жайбарақат жүр едім ғой, тірі едім!
...Қайран жүрек, кінә бар ма сенде де,
қабағыңа қарамағам мен неге,
аспанға да ұшырыппын өзіңді,
түсіріппін тас қараңғы көрге де.
Енді қиын ақталу да, ақталмау,
тірлігімнің өзі де бір жатқан дау,
бетке тиген тамшыдан да, қайтейін,
етке тиген қамшыдан да дақ қалды-ау.
Алыстырып серімен де перімен,
қайда ғана апармағам сені мен,
қамалдарға қарсы жұмсап, біресе
қайдағы бір жамандарға теліп ем.
Бәрін қалай көтергенсің мұншаның,
өртіме де, дертіме де жұмсадым.
Саған жаптым бермегенін тағдырдың,
сенен көрдім келмегенін мұршаның.
Тақымыңа салғандай-ақ қыл бұрау,
барлығына шыр-шыр етіп жүрдің-ау.
Жарылмаған жара қанша кеудемде,
Көптен бері арылмаған мұң мынау.
Қытығыма күнде тиген көп пенде
Сені де бір солқ еткізбей өткен бе.
Арыстандай аласұрдың тордағы,
Жалғызсырап, жаным азап шеккенде.
Ара түсіп ағайынға адалдау,
ар алдында арашалап ала алмау,
Жанжал болып аяқталып, ақыры
саған барып қанжар болып қадалды-ау.
Қажет жерде күнәсі жоқ қызды ақтау,
(Маңдайыма бұйырмаған міз бақпау)
Соның бөрі сені ғана күйдіріп,
күні-түні сені ғана сыздатты-ау.
Қаншама бір сарсаңға да салды дау,
енді келіп қалжыраған хал мынау,
Ауырсынбай арқалап ең барлығын,
ақырында сыр білдіріп алдың-ау!
Қайран жүрек.
Қалжыраған хал мынау!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу