Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  1867


Автор: Сәкен Иманасов

Ағам бар еді

Әнуар Әлімжанов рухына

Ағам бар еді мір тілді,
Жағам бар еді — жыртылды!
Қан жылап тұрған жүрекпен
Жұбатам қалай жұртымды?!
Жасырып жерге мәрт ұлды,
Жұбатам қалай халқымды? —
Телегей теңіз дариясы
Тебірене тұрып тартылды!
Төре де болып терге өтті,
Турасын айтып, өр кетті.
Барлайтын елдің ертеңін,
Шарлап та келіп жер-көкті!
Қайығы жүйрік кемеден,
Жазығы биік төбеден.
Алдына келген адамның
Атасы басқа демеген.
Беткейі шүйгін бел еді,
Белден де биік беделі.
Атқа да мінді, таққа да,
"Астым ғой елден!" демеді.
Алды бір Жайық, кең Еділ,
(Асықтың екен неге бұл?)
Сендей-ақ болар дейтін ек
Халқының қамын жеген ұл!
Амалың бар ма ажалға,
Аңырап қалдық азанда.
Әнуар өткен жол бірақ
Сия да қоймас мазарға.
Қолында барда алтынның
бағалай қойсын нарқын кім.
Қай елдің дәмін татсаң да,
Қамын ойладың халқыңның.
Шарлайтын едің көп елді,
Көлігің неге бөгелді?
Қай жаққа кеттің, Ағажан,
Көрсетпеймісің төбенді?!
Үрімші ме әлде Үрім бе, —
Жүрген де шығарсың бірінде.
Сағындырып барып ортаңа
Оралармысың түбінде?!

1993 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу