Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  103


Автор: Сәкен Иманасов

Тас мүсіннің түбінде

Алматыда Академик Қаныш Сәтбаевқа кісі бойы ескерткіш орнатылды. Қуандық. Құптадық. Құттықтадық. Тойладық. Жудық. Ойландық. Содан кейін...

1
Батырға балап өткен есер ұлын,
Қанекең сойы еді ғой кешегінің,
не дер ем тұтқиылдан тілге келіп:
"Қарағым, қалайсыңдар?" — десе бүгін.
Үркітіп көңілімнің көбелегін,
Ағама аяқ асты не дер едім?
Тірлікті астаң-кестең етуге бұл,
Тәңірі-ай, қандай ғана шебер едің!
Хас шебер кәрі құмай — Тәңірім-ай,
болар деп кім ойлаған бәрі бұлай,
Қарныңның қампиғаны кімге дәрі,
қадірің қалмағасын, жарығым-ай!
Бұл күнде елді алала, жерді алала,
барамыз сыйыса алмай кең далаға,
"Қарағым, қалайсыңдар"? — деп сұраған,
не десем болар екен енді Ағама.
Ұлытау,
Кішітаудың күнгейінде
жан бағып,
жұртың әлі жүр — дейін бе,
өзімше болжам айтып,
"олжаны" айтып,
көзінше әлдекімді тілдейін бе?!
Қаңырап қараң ғана қалды ауылың,
қаңғып жүр, десем бе екен, жан бауырың.
Тап келіп талайына тар бір заман,
тақымға салып-ақ тұр қандауырын!
Даланда мал да қалмай,
ар да қалмай,
қаңқылдап қала бердік қарғалардай,
тоқтайтын түрі де жоқ тажалыңның
түп-түгел тұқырта бір жалмап алмай.
Қаншама қарасаң да түсінікпен,
көңілім көлге айналды құсы біткен
қорқасың келе-келе біздің елде
түк қалмай жүреме деп кісіліктен.
Бақыттың құшағымда жүзген күнде
қараймын кешегі бір үзген гүлге,
сыйластық,
қимастықтың барлығы да,
ілесіп кетті ме деп Сізбен бірге?!.
Айтуға соның бәрін тіл күрмеліп,
мылқаудай ымдап қана
міңгірледік.
үрейден ықтай-ықтай
үдірейіп,
жартастың жиегіне тұрмын кепіл.
Есіме түседі де жұртым-елім,
жартасқа жете бере...
іркілемін, —
Тәңірім көз жасымды көрер-ау деп,
халқымның берер-ау деп бір тілегін!
Ақынның мені де бір заржағы дер,
бұл күнде алдым бір құз,
аржағым өр.
Айтпауға болар еді,
амал қанша,
барар тау,
басатын да қалмады жер!
Таусылып әлі де амал,
елден үркіп,
отырмын ойдың көбін желге бүркіп.
...Айтпасам атасы өліп жүре ме деп.
бұл да бір сөзім еді келген іркіп.
...Сіз аштыңыз,
шаштық біз,
Сіз — ғалым,
біз — бастықпыз.
Ұлан-ғайыр жері бар
Қазақстан астықсыз.
Пайдасы үшін бір күндік,
құртып,
жыртып,
бүлдірдік,
Сізден қалған байлықты
жалап-жұқтап үлгірдік.
Жүр дейсіз бе Сізді аңсап,
Сіз — Әруақсыз,
Біз — мәнсап,
басып жейміз бауырға,
баламыздан қызғансақ.
Сан өзгертіп жер түсін,
саттық бәрін дерт үшін.
Сарқылуда Еділің
тартылуда Ертісің.
Ақылдысын арбадық,
ақымағын алдадық
айналаны аз жылда
аждаһадай жалмадық.
Сіз тапқанды құртып біз,
Жамауы жоқ жыртықпыз.
Ұлытауың — ұларсыз,
Қаратауың — бүркітсіз.
...Сіз аштыңыз,
шаштық біз,
Сіз — ғалым,
біз — бастықпыз!

1999 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу